Жарнама
Қоғам

АТЫРАУЛЫҚТАР – АЗИЯ ҮЗДІКТЕРІ

Жұма күні «Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде бастамасын тапқан дода үш күнге созылды. 
— Өткен жылы FILА отырысында панкратионнан Азия чемпионатын Қазақстанда тұңғыш рет өткізу жөнінде шешім қабылданған болатын. Федерация президенті ретінде аталмыш доданы Атырауда өткізуге ұсыныс беріп, келісімге келдік. Көптеген алыс және жақын шет елден спортшылар өңірімізге табан тіреді, — дейді Сағындық Мекеев.
Жарыстың алғашқы күні панкратионның submission түрінен бақ сынасқан палуандар арасында топ жарып, чемпион атанғандардың ішінде бір топ қазақстандықтар болды. Соның ішінде, 66 келі салмақ дәрежесінде тамаша өнер көрсеткен атыраулық Ерлан Сағидолла Азия чемпионы атанды.
— Чемпионаттың Атырау жерінде өткеніне және жеңісіме өте қуаныштымын. Туған өлкемде чемпион атану – мен үшін үлкен бақыт. Маған жанкүйерлік еткен жерлестеріме алғысым шексіз. Осы жетістікпен тоқтап қалмай, алға қарай ұмтыламын, — дейді атыраулық Азия чемпионы.
Додада тек ерлер ғана емес, сондай-ақ, қыздар да татамиде айқасты. Қазақстан құрамасының мүшесі, алматылық Ольга Ахметова бұған дейін де талай рет жеңіс тұғырынан көрініп келген еді. Екі рет әлем чемпионы атанған Ольга осы жолы алғашқылардың бірі болып, Азия чемпионатының алтын жүлдесін ел қоржынына салды.
— Панкратион және аралас күштік өнермен (ММА) айналысып келгеніме бес жыл болды. Бүгінгі алтын мен үшін өте маңызды, — деді ол қуанышын жасырмай.
— Бұл жарысқа біз көп дайындалдық. Бұған дейін Теміртау қаласында Ел чемпионаты өткен болатын. Қарағанды облысынан ел біріншілігіне ересектер мен кадеттерден құралған екі құрам келді. Чемпионаттың алғашқы күнінің өзінде қарағандылық палуандар ел қоржынына алты алтын медаль салды. Бұдан басқа күміс және қола жүлдегерлер бар. Осы орайда, бапкеріміз Владимир Фафановтың шебер жаттықтырушылық қасиетін айта кеткен жөн, — дейді чемпион Нұржан Сейдуалиев.
Сенбі күні спортшылар панкратионның tradition түрі бойынша чемпион атағын сарапқа салса, чемпионаттың соңғы күні фулл-контакт түрінен үздіктер сараланды. Жарыстар сегіз салмақ дәрежесі бойынша өтті.
Чемпионаттың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте І орын алды. Осы жетістікке қол жеткізуде атыраулықтар да үлкен үлес қосты. Ересектер арасында боз кілемге шыққан сегіз жерлесіміз ел қоржынына алтын медаль салды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button