Мал баққанға бітеді…

whatsapp image 2021 05 19 at 15.29.25 Жаңалықтар

«Дастан» шаруа қожалығы осыдан 19 жыл бұрын құрылған болатын. Махамбет ауданының Ақжайық ауылдық округінің аумағынан 1 500 гектар жер алып, жұмысын бастаған кәсіп иелері әр жыл сайын 120-130 гектар алқапқа егін салды. Тиімділігі жоғары тамшылатып суару технологиясын қолданудың арқасында егіннен мол өнім жинады. Бастапқыда оны өткізуде көптеген қиындықтар кездескен еді.

Аудан мен облыс орталығына қатынайтын жолдың жөнсіздігі мен тасымалдайтын көліктің тапшылығынан жиналған көкөніс пен бақша дақылдары егістіктің басында бірнеше сағаттап, кейде тəуліктеп тұрып қалатын сəттер де болыпты. Ұжымда қалыптасқан ауызбірлік пен тату тірліктің нəтижесінде осының бəрі еңсеріліп, біртіндеп мал шаруашылығына бет бұрған. Ш а р у а қ о ж а л ы ғ ы н ы ң жетекшісі Қоныс Ермановтың айтуынша, егін өсіруге əбден машықтанып алғандарымен бұл жерде малдың бағымын келістіру оңайға түспеген. Құрғақшылық пен қуаңшылықтың салдарынан жайылым да тапшылық етіп, төрт түліктің өрісі тарылыпты. Оның үстіне, қыстық мал азығын дайындап алу үлкен қиындық тудыратын. Осындай шаруаға қолбайлау болар жайларды ескеріп, шаруагер жігіттер қолдағы бар малдың қоңын сақтап, атакəсіптің өрісін одан əрі кеңейтуді ойластырады. Сөйтіп, жері шұрайлы, шөбі шүйгін, ежелден төрт түлікке жайлы қоныс болған Тайсойғанның (Қызылқоға) төріне қарай көшіп, осындағы « А қ қ ы с т а у » у ч а с к е с і н е қоныстанады.

– Осында келгелі бері шаруамыз да оңала бастады. «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір» деген қағиданы ұстанып, негізінен қазақтың еділбай қойын бағуға бағыт ұстадық. Əуелде 100 шамалы тұсақпен бастағанбыз, бүгінде қойдың санын 2 000-ға жеткіздік. Осылайша, табысы мол түлікті өз төлі есебінен көбейтіп, өнімін молайтуды мақсат тұтудамыз. Тек ерінбей еңбектенсек болғаны. Саны көп болмағанымен ірі қарамыз да бар. Соның ішінде, қажетімізге қарай 50 шақты сиыр өсіріп отырмыз. Малға керекті пішенді де өз күшімізбен, қолымыздағы қуатты көлік-техникалардың көмегімен дайындаймыз. Орайы келгенде, шаруашылықтың сансалалы науқанды жұмыстарына белсене араласып, еңбекте алдан көрініп жүрген Қазбек Тауманов, Ғарифолла Мұстафин, Əбен Қасимов секілді еңбеккерлердің есімдерін атай кеткенді жөн көрдім, – дейді шаруагер жігіт.

Міне, осылай атакəсіпті дөңгеленткен «Дастанның» жаңадан қолға алып, іске қосуды ойластырып отырған өзге жобалары да бар. Олардың біріншісі – ет бағытындағы құс, екіншісі – тоғанда балық өсіру. Одан бөлек, еуропалық үлгіде шағын сиыр фермасын ашып, сүт өнімдерін өндіру көзделген. Сондай-ақ, сапалы да құнарлы мал азығын əзірлеу үшін жүгері мен құмай жүгері дақылдарын да өздері өсірмекші. Мұның бəрі қаржыға келіп тірелетіні белгілі. Сондықтан да, қожалықтағылар « Қ а з а г р о қ а р ж ы » , « Ау ы л шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ тəрізді қаржы құрылымдарының көмегіне сүйеніп, мемлекеттік қолдау тетіктерін де тиімді пайдалануда. Жылдан жылға егіннен алар еншісін еселеп, атакəсіптен де несібе көлемін ұлғайтқан қожалық ұжымы лизингтік жүйемен алған ауыл шаруашылығы техникалары құнының 25-30, көктемгі дала жұмыстарында қолданылатын минералды тыңайтқышқа жұмсалған қаражаттың 50 пайызын мемлекет есебінен субсидиялау жолымен қайтаруда. Өнімді өткізу мəселесі де жүйелі жолға қойылған. Аудан, облыс орталығында өткізілетін жəрмеңкелерде де бұл қожалықтың ұсынған тауарлары үлкен сұранысқа ие. Бағаларының да базар бəсінен төмендеу болып келетінін көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп жүрміз. Өз кезегінде дастандықтар қалыптасқан үрдістің жалғаса береріне сенімді.

Дəулетқали АРУЕВ

Суреттерді түсірген:

Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз