Жарнама
Қоғам

Газет тілшісі ит аулау қызметінің жұмысымен танысты

Атырау қаласы аумағында иттердің көбеюіне байланысты аулау жұмыстары өткен жылдың мамыр айынан бастап жүргізіліп келеді. Былтыр бұл іспен айналысатын «Атырау қаласы ит аулау қызметі» ЖШС электрондық портал арқылы жеңімпаз атанған болатын. Бүгінгі таңда қаладағы ит аулау қызметімен айналысатын жалғыз серіктестік келісім-шарт бойынша жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Осы аптада ит аулау қызметінің жұмысымен танысу мақсатында Ақжайық (Холодильник) ауылындағы серіктестіктің үлкен қоршаулы панажайына жолымыз түсті.

Барғанымызда нысанның ескі қоршауы алдымен көзге шалынды, ол және қораш көрінді. Оның ішінен иттердің үрген дауысы естіледі. Бір гектар аумақты алып жатқан панажайдағы екі қабатты қарауыл ғимаратының сыртқы көрінісі де жөндеуді қажет етіп тұр екен.

Қоршаудың есігін ашып, өзін Мейрамбек деп таныстырған күзетші жігіт бізді иттердің үйшіктеріне бастап әкелді. Уақытша ұстауға арналған панажайда ит тұқымдарының түр-түрін көруге болады. Атап айтсақ, пойнтер, кангал, тазы, төбет, лайка секілді бас-аяғы 50-ге жуық ит пен күшік бар екен.

«Атырау қалалық ит аулау қызметі» ЖШС басшысы Исатай Оразғалиев төрт бригаданы қаланың әр аумағына бөліп, газет тілшісін Абылайхан Қаржауов пен Ерсұлтан Ілияс деген қызметкерлердің қасына қосты. Осылайша Жұлдыз-1 шағынауданына бетке алдық. Бұл жаққа жеткен соң бригаданың жігіттері қоқыс жәшігін торуылдап жүрген чинук итін тамақ беріп алдарқатып, ілмек арқылы ұстап алды. Еркіндікте жүрген ит жан дауысы шығып қыңсылағанымен көлікке тиеген соң тынышталды. Бұдан соң, іздеу жұмыстары Жұлдыз — 2, Жұлдыз — 3 шағынаудандарында жалғасты. Жол жиегінде жатқан үш бұралқы «бөрібасарды» байқап, бірден тоқтаған едік. Дегенмен, көліктің дауысын естіп, олар да жан-жаққа қаша жөнелді.

Жігіттер көлікпен иттердің соңынан қуып, пневматикалық құрал арқылы әлсірететін ине атып көрген. Алайда, олар да талайды көрген қулар секілді, көп ұзатпай қарасын батырды. Кейін қаңғып жүрген өзге екі итті байқаған бригададағы көлік жүргізушісі Абылайхан тежегішін басып, есігінің терезесін сәл түсірді де пневматикалық қаруымен үй жануарын нысанаға алды. Бұл жолымерген мүлт кетпеді.

Дәрі бойына дарыған соң екі ит қанша ұмтылса да қаша алмай, жер бауырлап жатып қалды. Ит аулаушылардың қолына түскен финдік лаппхунд пен лайка осылайша айтқанға көнуге мәжбүр болды.

Ит аулаушы Айболаттың бұл жұмысқа келгеніне 7-8 ай болса, Ерасылға 4-5 ай ғана болған екен. Олар бұл кәсіптің өзіндік қиындықтары бар екенін айтады.

Ит аулау қызметінің басшысы Исатай Оразғалиевтің сөзінше, жыл басынан бері 2 мыңға жуық ит ауланған.

– Біз қалалық ветеринарлық станцияның тапсырмасы бойынша жұмыс істейміз. Облыстық мәслихаттың №179 шешімінде ит аулау туралы ереже бар. Соны да басшылыққа аламыз. Осы ереженің 8-інші тармағына сәйкес, көшеде иесіз жүрген барлық иттер аулауға жатады. Оның мойнында қарғыбауы болса да, болмаса да аулаймыз. Көбінесе 109 бірыңғай байланыс орталығына түскен өтінімдер бойынша жұмыс істейміз. Өткен айда бала таланып, жарақат алған кездегідей емес, өтінімдер саны азайды. Сол кезде 600-дей өтінім түскен болса, қазір өтінімдер саны шамамен 300- ге азайды. Бір күнде 20-30 ит ауланады.

negngngnk

Иттерді ілмек, кішкентай иттерге арналған торлы дорба, пневматикалық құрал арқылы инемен атып ұстаймыз. Әдетте адамдар шапқан, қапқан, үрген иттерге қатысты шағымданып жатады. Бригададағы жігіттер өтінім түскен аумақтардан иттерді ұстап, панажайға алып келеді. Кейін оларды торға қамап ұстаймыз. Белгілі бір уақытқа дейін иттің иесін күтеміз. Келген жағдайда иесіне әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің тиісті бабы бойынша итті қараусыз көшеге жібергені үшін 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынады. Оған дейін учаскелік полиция қызметкерлері келіп хаттама толтырады. Содан соң ғана үй жануары кері қайтарылады.

Егер иттің иесі келмеген жағдайда облыстық мәслихат шешімінің 25-ші тармағында көрсетілгендей, иттер адамдар мен жануарларға шабуыл жасаса, немесе жазылмайтын аурулармен ауырса, ұйығып жүрген ит үшеуден көп болса, онда ол төрт аяқтылар эвтаназия арқылы жансыздандырылады. Эвтаназия екі сатыдан тұрады.

Біріншісі – тыныштандыратын дәрі арқылы ұйықтатып, одан соң тыныс мүшесі мен жүрек-тамырларын тоқтататын дәрілер салып жансыздандырылады. Бұл істі ветеринар мамандар атқарады. Кейін жансызданған иттерді қалалық ветеринарлық станцияға қарасты мал моласына тапсырамыз. Иесіз жүрген өзге үй жануарларын байқасақ, оларды да аулап, панажайға әкелеміз. Мекемедегі ветеринар мамандар олардың ауру-сырқаулығын анықтайды. Ал, «бөрібасарлар» қабаған болмаса, арнайы екпесін егіп, чипін салып қоя береміз, — деді Исатай Мұратбайұлы.

Серіктестік басшысының айтуынша, ауланған иттердің 1800-ге жуығы жансыздандырылып, 200-ге жуығы залалсыздандырылған. Ал, осы үй жануарының жартысына жуығын қала тұрғындары асырап алыпты.

Күшіктеген иттерді жануарларды қорғаушы еріктілер мен мекемелерге хабарлап, олар асырап алуға келісім берген соң табысталады екен. Тұрғындардан түскен өтінім бойынша ауланған иттің көпшілігі агрессивті болатын көрінеді. Мұны біз де байқадық, 50-ге жуық төрт аяқтының ішінен дәу алабайдың азу тісін ақситып, бізге таптап бергені көз алдымызда. Ондай иттің жайбарақат көшеде жүруі кіші түгілі, ересектерге де қауіп төндіреді.

Бүгінде қаладағы ит аулау қызметінің құрамында 4 бригадада 8 қызметкер, 3 күзетші, ветеринар, кинолог, итті тамақтандыратын 1 қызметші жұмыс істейді. Мұндағы үй жануарларына күніне бір мезгіл тамақ-суы беріліп, асты тазаланып тұрады. Панажайды мекендеген иттердің қорегі – базардан алған мерзімі өткен ет, шұжық, тартылған ет, тауықтың сүйектері.

Серіктестік басшысы бұрын тамақты мейрамханалардан алып келгендерін, соңғы кезде олардан артылмай қалатындығын айтады. Білгеніміздей, мәселе тамақта ғана емес екен. Ит аулау қызметінің басшысы жұмыс барысында халықпен жұмыс істеудің қиындығын да жасырмады.

shlll

– Өтінім түсіп барған жағдайда үйдің сыртында жүрген итті аулайын десек иелері «қаппайтынын» айтып, қарсылық білдіреді. Ол кісіге итті байлап ұстауын түсіндіреміз. Олар «үй жануарын атуға болмайды» деген түсінікті алға тартып, бос жіберіп қояды. Сондай-ақ, сырғасы жоқ иттерді аулаған кезде жануарларды қорғаушы белсенділер де аулануына қарсылық білдіріп, жұмысымызға кедергі келтіреді. Полиция қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізгенімен, біздің уақытымыз осылайша текке кететін кездері болады. Қаланың барлық жерінен өтінім көп түседі. Әсіресе, ақпан-наурыз айлары – иттердің ұйығатын уақыты. Сол уақытта үйдің иттері көшеге қашады. Сондықтан мүмкіндігінше үй жануарларын стерилизациядан өткізу керек. Ит иттігін істейді. Ендеше, Кеңөзектегідей жағдай қайталанбасына ешкім кепілдік бере алмайды. Қолданыстағы заңның әлі де болса «бір пісуі ішінде» секілді. Заңға түзетулер енгізілуі қажет. Ит аулаушыларды арнайы оқытатын, аулап үйрететін мекемелердің болғаны дұрыс. Мемлекет тарапынан кинология курстары ашылып, иттің мінез-құлқын, ішкі түйсігін, қимыл-қозғалысын үйрететін мамандар болғанын қалаймыз. Курсты тәмамдаған жұмысшыларға сертификат берілсе дейміз. Ит аулап жүрген жігіттердің лицензиясы жоқ, олар кәсіби маман емес. Ұсыныстар айтылып-ақ жатыр, ескерілсе екен, — дейді Исатай Оразғалиев.

Түптеп келгенде, ит мәселесі адамдардың өздеріне байланысты. Олай болса озық елдердің тәжірибесіне сүйеніп, адамдарды арнайы оқытып, үй жануарларын қалай асырау қажет, итпен қалай байланыс жасау керектігін үйрету керек секілді. Залалсыздандырылған, чипі салынған итті асырауға лицензия берілсе жөн болар ма еді. Сонда ғана көшедегі бұралқы иттер мәселесі шешімін таба ма деген ой…

Алмас ҚАБДОЛОВ

Суреттерді түсірген автор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button