Атырауда арақ сатпайтын ауылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген
Атырау облысы Индер ауданына қарасты Құрылыс ауылы соңғы бес жыл ішінде алкогольдік ішімдіктерден мүлде бас тартып келеді. Ауылдағы дүкендерде алкогольдік өнім мүлдем сатылмайды.
Тұрғындардың келісімімен алкогольді ішімдіктен бас тартқан Құрылыс ауылында соңғы бір жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Бұл бастама ауылдағы қоғамдық тәртіпті сақтауға айтарлықтай ықпал етіп қана қоймай, қауіпсіздік деңгейін де арттырған.
Ауылдың учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Исатай Жасталапұлының айтуынша, ауыл тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануы ауылдың өркендеуіне оң әсерін тигізуде.
– Ауылда 113 үй бар, халық саны – 700 адам. Мұнда алкогольдік өнімдерді тұтынатын жастар да, үлкендер де жоқ. Сондықтан құқық бұзушылық тіркелмейді. Бұл – ақсақалдардың тәрбиесі мен ауыл жастарының ұйымшылдығының нәтижесі. Тіпті отбасылық-тұрмыстық жанжалдар да болмайды. Ауыл тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады, жайылымдық жерлер қауіпсіз әрі бейбіт жағдайда, — дейді инспектор.
Құрылыс ауылының азық-түлік дүкендерінің иелері де тұрғындардың денсаулыққа зиянды өнімдерден бас тартқанын қуана айтады. Мұнда көшеде мас күйіде жүрген адамдарды кездестірмейсің, бәрі еңбекпен айналысып, өз шаруаларына ұқыптылықпен қарайды.
Ауылдағы құқықтық тәртіпті сақтауда құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысы маңызды рөл атқаруда. Әсіресе, полицияның тұрғындармен тығыз байланысы мәселелерді уақтылы анықтап, шешуге көмектеседі. Бұл тәжірибе басқа да ауылдар үшін үлгі болары сөзсіз.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА