Өндірісі өрлеген өңір

ndirisi rlegen ir 2 Жаңалықтар

Исатай ауданы – тоғыз жолдың торабында орналасқан қала іргесіндегі тарихи аймақ. Лағыл құмы мен көкбурыл сағымы, Каспийдей теңізі, аста-төк мұнайы Хамит Ерғалиев, Фариза Оңғарсынова, Нұралы Әжіғалиев, Күзембай Әміров сынды ақындардың жырына арқау болған қасиетті өлке. «Бүгінде дамудың даңғыл жолына түскен осынау мекенде әлеуметтік-экономикалық мәселелер қалай шешілуде, бір кездері қара жерден мұнай айырып, теңіздің тайдай балығын талғажау еткен халық қазір немен күн көруде, келешек жоспары қандай?» деген сауалдармен аудан әкімі Марат Мурзиевпен тілдескен едік.

Өндірісі өрлеген өңір

– Марат Бисенғалиұлы, қай кезде де мемлекеттің даму көрсеткіші халықтың әл-ауқаты деңгейімен өлшенеді. Ендеше, исатайлықтардың бүгінгі әлеуметтік өсу деңгейі қандай?

– Исатай ауданы халқының әлеуметтік даму деңгейі бірқалыпты деуге болады. Аудан аумағында орын тепкен бірнеше мұнай компаниялары, шаруашылық құрылымдары, мұнай құбырлары, теңіздегі балық өндірісі салалары бүгінде аудан бюджетін толықтырып, өнеркәсіп көлемін арттырып, әлеуметтік деңгейді көтеруге сеп болып отыр.

– Сәбилерді балабақшамен қамту мәселесі – еліміздің көптеген аймақтары үшін  «бас ауыртатын» үлкен проблема. Осы ретте аудан көрсеткіші қандай?

– Ауданда 3-6 жаста барлығы 2 073 бала болса, оның балабақша, шағын орталықтар, мектепалды даярлық сыныптарымен 1 820-сы қамтылып, мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылу көрсеткіші 87,7 пайызды құрады.

Қазіргі уақытта балабақша кезегінде 650 арыз тіркелген. 2-3 жыл көлемінде балабақшамен қамту сұранысы толығымен қанағаттандырылады деп күтілуде.

Бұл бағытта былтыр «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамының демеушілік қаражатымен Х.Ерғалиев ауылынан 100 орындық «Айжұлдыз» балабақшасы ашылып, іске қосылды.

Бүгінгі күні NCOC және КТК компанияларының демеушілік қаражаты есебінен Аққыстау ауылының Өркен елді мекенінде – 290, Зинеден ауылынан 100 орындық балабақша құрылыстары жүріп жатыр.

Сондай-ақ, Исатай ауылынан 100 орындық, Нарын ауылынан – 80, Томан елді мекенінде 80 орындық балабақша құрылыстарының жобалау-сметалық құжаттамалары жасақталуда. Осы жобаларымыз толығымен уақытылы жүзеге асқаннан кейін ауданда балабақша кезегі айтарлықтай қысқарып, тіпті жойылады деп күтілуде.

Өндірісі өрлеген өңір-3

– Ауданда инвестиция тарту мәселесі қалай жүріп жатыр? Жалпы, жаңа технологияларды пайдалану, баламалы энергия көздері секілді Елбасы Жолдауында көрініс тапқан заманауи бастамалар төңірегінде не айтасыз?

– Баламалы электр энергиясын өндіру жобасы бойынша «Ветро Энерго Технология» ЖШС Нарын ауылдық округінің Манаш учаскесінде бүгінгі күні жалпы құны 12,3 млрд. теңгені құрайтын станция құрылысын жүргізіп жатыр. Жоба өз қуатына толық қосылған кезде облыста өндірілетін барлық электр қуатының 13-14 пайызын береді деп күтілуде.

Инвестиция мәселесіне келетін болсақ, балық өнеркәсібін дамыту бағытында Жанбай ауылдық округіне қарасты Қызтуған учаскесінде «Шағала – Атырау» ЖШС-нің балық өңдеу цехы жобасы қолға алынды. Жобаның құны – 250 млн. теңге, ал, қуаты тәулігіне 6 тонна балық өңдеу.

Өңірлерді дамыту бойынша жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз…

– Аққыстауда халыққа қызмет көрсету орталығы, теміржол арқылы өтетін жаяу жүргінші өткелін салу жұмыстарының құрылыстары жалғасуда.

Сондай-ақ, Зинеден (6,0 шақырым), Жаңа Жанбай (4,4 шақырым) елді мекендеріне кіреберіс және ауылішілік жолдарын қайта жаңғырту, Томан (3,3 шақырым) ауылының кірме және ауылішілік жолдарын күрделі жөндеу жұмыстары басталды, биыл аяқталады деп күтілуде.

Аққыстау, Нарын, Исатай, Х.Ерғалиев, Тұщықұдық, Жанбай, Зинеден ауылдарында ауылішілік жолдарын күрделі жөндеу жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттамалары жасақталуда.

Өндірісі өрлеген өңір-2

– Ауданның құрылғанына биыл 90 жыл. Ендеше, осынау мерейтой қарсаңында атқарылатын айтулы жұмыстарға тоқтала кетсек…

– Өз жылнамасында үш рет тарап, төртінші рет қайта құрылған ауданымыз осынау уақыт ішінде көптеген айтулы жетістіктерге де жетті, тәуелсіздік жылдарында жаңаша даму үрдісін бастан өткерді. Бұл бағытта аудандық ұйымдастыру алқасы құрылып, негізгі іс-шаралар жоспары бекітілді.

Қазіргі уақытта аудан тарихы мен жылнамасын, елдің қалыптасуында аянбай еңбек еткен азаматтарымызды түгендеп, бұрынғы шыққан шежіре кітаптарды толықтырып, жаңа кітап етіп шығару жұмысын қолға алдық.

Сондай-ақ, жоспарымызда аудан орталығы Аққыстау ауылын абаттандыру, экспозициялық сәулетті кешендер орнату, И.Тайманұлы атындағы аудандық музейде 90 жылдыққа орай арнайы бұрыш жасақтау, ауылдық округтерде «Ауыл күндерін» өткізу, «Туған жерім – Нарыным» атты ақындар айтысын ұйымдастыру және «Аламан» бәйге өткізу жұмыстары бар. Басты шарамыз қыркүйек айында орталық стадионда театрландырылған қойылыммен бастау алмақшы, соңы өнер адамдарының концерттік бағдарламасымен жалғасуы тиіс. Сонымен бірге, мектеп оқушылары арасында «Ауданым – менің мақтанышым» тақырыбында жас ақындар мүшәйрасын, үздік шығармалар байқауын өткізу жұмыстары да қолға алынбақшы.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай рухани құндылықтарымызды да кеңінен насихаттау ісі жалғасатын болады. Тамыз айында «Нарын – достық мекені» облыстық би фестивалін  қыркүйек айында облыстық «Театр фестивалін» ұйымдастыру жоспарда бар.

– Жалпы, руханият саласына, жанам деген жалынды жүректерге қандай қолдау білдіресіз?

– Өнер өлкесіне саяхаттап, «Нарын – достық мекені» атты аймақтық дәстүрлі әншілер мен күйшілердің басын қосып, фестиваль ұйымдастыруды ұсыныс етіп, былтыр қазан айында өткіздік. Алған әсер шексіз. Өнерлі жастарымыз барда қазақ өнерінің өркен жаятынына көз жеткіздік.

Қазір аудандағы жұмыс жасап жүрген мемлекеттік қызметшілердің 60 пайызы – жастар. Алдағы уақытта туған елінің мәртебесі мен мерейі үшін еңбек еткісі келетін жастар қауымын  бірге қызмет жасауға шақырамын. Аудан басшысы ретінде жалынды жастарға қол ұшын беріп, қолдауға әзірмін.

Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан:  Аслан МҰРАТҰЛЫ.

Суреттерді түсірген: Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз