АТАМДЫ МАҚТАН ТҰТАМЫН
Атамыз екінші Украин майданында қызыл әскер қатарында жүріп, Харьковті азат етуге қатысты. Сол ұрыста ауыр жараланып, үш ай емделіп, соғысқа кері аттанады. Барлаушылар жетекшісі болады. Осылайша ол Днепрден өтіп, Кременшук, Знаменка қалаларын, Молдавия, Венгрия, Австрия елдерін жаудан азат етуге атсалысады. Неміс-венгер басқыншыларына қарсы ұрыста ерлік пен батырлық көрсеткені және Шахы қаласы үшін шайқаста барлаушылар бөлімшесі командирінің орнын басып, жаудың қарсы шабуылға шығуы туралы құнды мәлімет бергені, Плаштовцы селосын азат етуде дұшпанның 12 солдатын жайратқаны үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған. Басынан небір қиын-қыстау күндер мен түндерді өткізген атамыз Жеңіс күнін Чехословакияның Прага қаласында қарсылаған екен.
Фашистермен арадағы соғыс біткенімен, жауынгерлерді елге қайтармайды. Оларды енді эшелондарға тиеп, жапон милитаристеріне қарсы жөнелтеді. Олар бір жылдай Қытай шекарасын күзетіп, елге тек 1947 жылдың наурызында ғана оралады. Әжеміз Гүлжиян Қожахметовамен бас қосып, шаңырақ көтереді. Теңіз аудандық жерге орналастыру бөлімінде қызмет істейді. Содан кейін «Теңдік» кеңшарының Бесікті бөлімшесін басқарып, бас агроном болды. Адал еңбегі ескеріліп, «Құрмет белгісі» орденімен, «КСРО халық шаруашылығында жеткен жетістіктері үшін» медалімен марапатталады.
Абзал атамыз қайсар ерлік пен еселі еңбектің, бір сөзбен, өнегелі өмірдің үлгісіндей болып, 1990 жылы өмірден өтті. Бар саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған жарымен тоғыз ұл-қызды өсіріп-өндірді.
Рауза ТУШКЕНОВА, мұғалім, Атырау қаласы.