АТ ҚОЮҒА АТҮСТІ ҚАРАМАСАҚ…
Ежелден адам баласымен қатар жалғасып келе жатқан осынау көне мәдениеттің қазақ халқы үшін алар орны ерекше. Нәресте дүниеге келген сәтте-ақ, сыйлы адамына оның атын қойғызу, ықыласын алу қанға сіңді әдетке айналған. Ұл болсын, қыз болсын есімінің ұлттық нақышқа, дәстүрге, халықтық наным-сенімге сай болуын қадағалаған.
Сол секілді белгілі бір оқиғаға орай қойылған есімдер де тарихта жиі кездеседі. Осы тұста соңғы уақыттарда елімізде өткізілген әлемдік шара, үлкен басқосуларға байланысты 13 Саммитхан мен екі Сам-митбек, 15 Азиада есімді қыз бар екенін айта кеткен жөн болар. Ал, әлем чемпионатына орай 200-ге жуық бөбек Месси есімін иеленген. Құзырлы органдардан алынған мәліметтерге сай, былтыр қаламызда 8999 бала өмірге келсе, биылғы жеті ай мерзім ішінде 5344 бөбек жарық дүние есігін ашқан.
Сонау бір жылдары балаға шетел сериалдарындағы кейіпкерлер есімін беру сәнде болса, соңғы жылдардың бедерінде қазақи аттарды қою белең алғанын байқауға болады. Сонымен қатар, ислами, діни бағыттағы аттар да қазір кең қолданыста. Мәселен, АХАЖ бөлімінің мәліметінше, ұлдарға Абдуллаһ, Ибрахим, Әбубәкір, Мұхамедәлі, Ислам, Рамазан, Мұхаммад, Әбіл-мансұр, Мүбәрак, Холид, Мансур, Матаби есімдері қойылса, қыз балаларға Райана, Мариям, Хадиша, Ясмина, Фатима, Самира, Аиша, Сумайя, Рухая аттары берілген.
Жалпы, шариғатта әкенің бала алдындағы міндеті — жақсы ат қою. Халқымыз бұл іске жауапкершілікпен қараған. Шыны керек, қазіргі таңда өзіміз көріп отырғандай, намазға жығылған жамағаттың арасында есімін арабшаға аударып атайтындар да жоқ емес. Мәселен, күні кешегі Айбек, Серіктер әп-сәтте-ақ Әбдуррахман немесе тағы басқа арабша есімді иеленіп шыға келеді. Осы ретте жауапты органға тақырып турасындағы жайттарға қанық болу мақсатында сұраныс бергенбіз. Білгеніміздей, аттарын ауыстырушылар қатарында мұндай азаматтар да бар екен. Яғни, заңды түрде азан шақырылған атынан бас тартып, арабша есімдерге ауысқандар көп болмаса да, бар. Осы ретте «мұсылманша есім міндетті түрде араб тілінде болуы шарт па?» деген сауалды теолог Ерғали Алпысбаевқа қойған болатынбыз. Ол: «Жоқ. Тек мағынасы дұрыс есім болса болғаны, — деп түсіндіреді. — Себебі, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) мағынасы жаман есімдерді өзгерткен. Мысалы, «оттың шоғы» деген мағынаны білдіретін «Жәмра» есімді әйелдің атын «әдемі» деген мағынаны білдіретін «Жәмилә» деген есіммен ауыстырған. Сол сияқты «соғыс» деген мағынаны білдіретін Харб есімді ер кісінің атын «жақсы» деген мағынадағы «Хасан» деген атпен өзгерткен. Демек, Пайғамбарымыз қойылған есімдердің мағынасына үлкен мән берген. Бір хадисінде: «Сендер қиямет күні өз есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар. Сондықтан, есімдеріңді жақсартыңдар» деп, Алланың алдына шақырылғанда жақсы есіммен шақырылуға назар аударған».
Теологпен тілдесу барысынан білгеніміздей, қазақша аттардың ішіндегі Жомарт, Қайрат, Ерасыл, Нұржігіт, Ержігіт, Жанар, Әйгерім, Айсұлу, Күнсұлу сынды есімдер қазақша болғанымен, мұсылманша мағынадағы есімдер болып табылады екен.
Осы тақырып туралы ҚМДБ Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұровтан түсінік беруін сұрағанбыз. «Дін жолына жаңа бет бұрған кейбір азаматтарымыз қазақша аттарын мұсылманшаға, яғни арабшаға ауыстыруымыз керек деп ойлайды. Бұл – дұрыс түсінік емес. Себебі, есімнің мұсылманша болуы арабша аталуы керек дегенді білдірмейді, мағынасы дұрыс болғаны керек. Пайғамбарымыздан «есімдердің ең жақсысы қайсысы?» деп сұрағанда, Аллаға сүйкімді есімдердің ең жақсысы Абдулла және Абдуррахман деп атады. Алланың Рахман, Рахим, Хаким, Ғазиз сынды 99 есім сипаты бар. Пайғамбарымыз осыған «Абду» сөзін қосып қоюды атап өткен. Ол – құл, яғни Алланың құлы деген мағынаны береді. Сол секілді сіз айтып отырғандай, қазіргі қоғамда мынадай бар: дінмен өмір сүре бастап, өзін дінге бұйырады да, жап-жақсы есімін арабшаға ауыстырады. Алла жолында жүргендіктен атымды өзгертуім керек деген шарт та, бұйрық та, талап та жоқ. Әсіресе, осы үрдіс жастар арасында белең алуда. Бұны тура жолдан адасып, теріс ағым жетегіндегілердің ісі немесе еліктеушіліктен туындаған қадам деп түсінуге болады» дейді Батыржан Берденұлы.
Ал, ҚР Мәдениет қайраткері Абат Кенжеғалиев тақырып төңірегіндегі ойын былайша өрбітті: «Ат қою – игі дәстүр. Халқымыз ежелден-ақ келер ұрпағының мәнді де мағыналы ғұмыр кешуіне септесу мақсатында мағынасы терең, мәні зор аттарды қоюға тырысқан. Ел ақсақалдары, әулеттің сыйлы адамдары, ет жақын туыстары өмірге сәби келген сәтте-ақ лайықты ат табуға тырысқан. Сондай-ақ, бұрындары маңдайы нұрлы болып туған баланың тіл-көзден аман жүруі үшін оған әдейі Итаяқ, Жаманбала, Мырқымбай секілді есімдер қойған. Бірақ, қазір мұндай аттар мүлдем жоқ. Бұл жаһанданудың белгісі екені сөзсіз. Десек те, соңғы уақытта діни бағыттағы есімдер ел ішінде белең алуда. Осы тұста дүниеге енді ғана келген шаранаға Мұхаммед сынды есім қою ауыр емес пе?» деген пікірін білдірді. Бұл сұраққа теолог Ерғали Алпысбаев: «Жақсы ат қою — Пай-ғамбардың сүннеті. Балаға Пайғамбарлардың, сахабалардың, үлкен ғалым-ғұламалардың, батырлардың есімдері тәбәрік ретінде және лайым солар сияқты болғай деген ниетпен қойылады. Бұл – құп көрілетін амал. Ал, баланың ертеңгі күні қалай өмір сүретіні атына емес, ата-анасы мен қоршаған ортасынан алған тәлім-тәрбиесіне байланысты болмақ. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» деген қанатты сөз осыған мысал болмақ. Яғни, баланың есімі оның тағдырына әсер етпейді» десе, Бас имам да «Мұхаммед есімі балаға ауыр келмейді. Мінезі жұмсақ, Алла алдында мақталған пенде болсын деген тілектен туындаған, ол — әбестік емес» дейді.
Түйін
Тақырып турасындағы пікірлерді келтіре отырып, соңғы түйінді сөзді сіздің еншіңізге қалдырдық, қалың оқырман! Бүгінгі көтерілген мәселеге қатысты ой-тол-ғамдарыңызды бізге жолдауды ұмытпаңыздар.
Гүлжан ӘМІРОВА.