Ассамблея – татулық тірегі
Ассамблеяның тарихы – соңғы жиырма үш жылдағы Қазақстанның тарихы. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген Қазақстан халқы Ассамблеясы атты бірегей құрылымның елдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауда үлкен роль атқарып отырғанына ешкімнің таласы жоқ.
«Қайырымдылық керуені»
Кез келген елдің тұрақты дамып, жаһандық бәсекелестік алаңында жоғары деңгейден көріне алуы – ең алдымен мемлекет ішіндегі береке-бірлікке, қоғамдық тұтастыққа, халықтың ынтымағына байланысты. Елдің татулығын ту еткен ең белді құрылымның бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына биыл 23 жыл толды. Бейбітшілік пен келісімді, тұрақтылық пен татулықты сақтап, дамудың бірегей тетігіне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясы шын мәнінде еліміздің өшпес құндылығы – тәуелсіздігіміздің тірегіне айналды. Ел бірлігін еселеп, тәуелсіздігін тұғырлы етуге Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің де қосқан үлесі зор. Олар қоғамның белсенді мүшесі ретінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениет пен өнердің, ұлттық салт-дәстүрдің өркен жаюына атсалысуда. Ізгілікті істердің ұйытқысы бола білген Ассамблея бүгінде қайырымдылық шаралардың орталығына айналды. Мәселен, «Туған жер» бағдарламасы аясындағы «Қайырымдылық керуені» акциясы бойынша жыл басынан бері 5 млрд. теңге көлемінде көмек көрсетілді. Меценаттардың көмегімен аймақта 16 әлеуметтік нысан бой көтерді. Атап айтсақ, демалыс саябақтары мен мәдениет үйлері, спорттық орталықтар мен балабақшалар салынды. Биыл республикалық меценаттар форумының Атырауда өтуі де тегіннен-тегін емес. Жыл басынан бері өңірдегі этномәдени бірлестік өкілдері бірнеше ізгілікті істі жүзеге асырып, елдің ризашылығына бөленді. «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы Андрей Короблев Атырау құрылыс және коммуникация колледжінде «Транспорттық құрылғылар» кабинетін жасақтады. «Баранг» курдтар бірлестігінің жетекшісі Али Сейдов цех ашып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтыды. «Ахыска», «Тхоньил», «Татулық», «Вайнах», «Иверия», «Довира» бірлестіктері де қоғамдық шараларға белсене араласып, үнемі қайырымды істердің басы-қасынан табылып жүр.
Татулық – тұрақтылық негізі
Облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысы Жаннат Досқалиева да биылғы жылы этномәдени бірлестік өкілдері ізгілікті шараларды көптеп ұйымдастырғанын ерекшелеп айтты. «Тәуелсіздік пен тұрақтылық – егіз ұғым. Осыдан жиырма үш жыл бұрын, Елбасы Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші органды құру саяси тұрғыдан ғана емес, жаңадан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуына жағдай жасау қажеттілігінен туындаған еді. Иә, содан бері қоғамдық институт егеменді еліміздің еңсесін тіктеу жолында үлес қосып келеді. Тәуелсіздікті ту еткен 130-дан астам ұлт өкілдері, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп қана қоймай, қайырымдылық пен ізгілік ұғымдарын насихаттап жүр. Бұған бір ғана Атырау өңірінде ұйымдастырылған шаралар да дәлел бола алады. Бүгінде ұлтаралық тұрақтылық орнаған елде орындалмайтын арман, шешілмейтін мәселе болмайтынына көз жеткіздік» дейді ол.
Атап айтқанда, жыл басында облыс бойынша табысы аз және көп балалы отбасыларға, мүгедектерге, балаларға арналған «Жақыныңа көмектес», «Балаларға қуаныш сыйла», «Қамқор», «Жүрек жылуын сыйла», «Тегін такси» акциялары ұйымдастырылды.
Түйіндеп айтқанда…
«Ассамблеяның миссиясы ХХІ ғасырда кеңейе түседі» деген ел Президентінің сөзі бар. Осы ретте тәуелсіздік жылдарында Ассамблея құрылымының жаңа деңгейге көтерілгенін атап өткеніміз жөн. Бірегей институттың қолтаңбасын еліміздің заң шығару, рухани, мәдени өмірінен, әлеуметтік саласынан да көруге болады.
Мәселен, Атырау облысындағы «Иверия» грузин этномәдени бірлестігінің төрағасы Зураб Бобохидзенің бастамасымен бүгінде жас балалар грузин биімен үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүр. Олардың арасында қазақтың да, орыстың да балалары бар.
«Довира» ұлттық-мәдени украин орталығының «Память» деп аталатын ерекше акцияны жүзеге асырғаны әлі күнге дейін ел есінде. Акцияның мақсаты – Ұлы Отан соғысы кезінде Украина майданында қаза болған қазақстандықтарды анықтау болатын. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Бастысы, Қазақстан халқы Ассамблеясы тәуелсіздікті ту етіп, еліміздегі бірлік пен берекені нығайту жолындағы игі істерде үлгі бола бермек.
P.S: Иә, әлемді таңдантқан «қазақстандық бейбітшілік пен келісім формуласының» қарапайым кілті де осында. Ол – бүкіл халықты ел игілігі жолында ортақ мүдде мен мақсатқа біріктіру, тәуелсіз де бейбіт өмір сүру.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА
Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері мен ұлыстар үшін құрылған ассамблея өте қарқынды жұмыс істеп отыр. Осындай келелі жұмыстардың арқасында елде тыныштық, бейбітшілік орнап тұр.
Халықтар достастығы мен елдің тыныштығын, бірлігін, бейбітшілігін сақтап тұрған Ассамблеяның өзіндік орны бар. Онда қаншама ұлттық өкілдері, ұлыстары бас түйістірген. Ең бір ғажабы олар Қазақстанға адал қызмет етуді мақсат тұтқан. Ең әуелгісі — мемлекеттік тілді білу болып табылады.