Ma  sat     ay  yin mindet     zor

Мақсат – айқын, міндет – зор

Білім Қоғам

Халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алып жатқан атыраулық студенттердің елшіліктерде тәжірибеден өтуге мүмкіндігі бар. Осы орайда Сыртқы істер министрлігі аталған салаға қызығушылық танытқан жастарға бағыт-бағдар беруге дайын. Мұнайлы өңірге жұмыс сапарымен келген Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Ермек Көшербаев кездесу барысында жас буын өкілдерін ведомоствомен тығыз қарым-қатынас орнатуға шақырды. Сондай-ақ, ол «Азаматтық орталықта» болып, үкіметтік емес ұйым өкілдерімен еркін форматта жүздесіп, азаматтық қоғам құрудың маңызы жөнінде кеңінен әңгімеледі.

????????????????????????????????????

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өткен кездесу барысында ҚР Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Ермек Көшербаев өзінің еңбек жолын ұстаздықтан бастағанын, сондықтан жас буын өкілдерімен ресми түрде емес, еркін әңгімелесті. Оның үстіне, аймақтағы іргелі жоғары оқу орнының базасы жақсарып, студенттердің сапалы білім алуына барлық жағдай жасалғанын атап өткен Ермек Беделбайұлы Елбасы Жолдауынан туындайтын маңызды міндеттерді орындаудың жолдарына тоқталды.

–Мемлекет басшысы халыққа арнаған кезекті Жолдауында экономиканы шикізатқа тәуелділіктен арылтып, өзге де секторларды дамытуды тапсырды. Бұл бағытта министрлік пен мемлекеттік құрылымдар жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға кірісті. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері ауқымды іс тындырылды. Халықтың әл-ауқаты жақсарды, тұрмыс түзелді. Нақтырақ айтсақ, өркендеудің даңғыл жолына аяқ басты. Тікелей инвестициялар қоры жылдан жылға артып, маңызды жобалар Қазақстанның экономикасына «қан жүгіртті». Ендігі мақсат – отандық өнімдерді сыртқы нарыққа шығару, экспортты дамыту, – деген Ермек Беделбайұлы Жолдаудағы өзекті мәселелерді кеңірек баяндады.

Мәселен, әр өңірге инвесторларды көптеп тарту үшін жергілікті атқарушы билік пен мемлекеттік органдар, министрліктер жұмыла жұмыс істеуі қажет. Алға нақты мақсат қойылса, алынбайтын қамал жоқ. Қазіргі уақытта ведомствоның 93 елде өкілдігі бар. Демек, аймақтардың инвестициялық тартымдылығын арттыру өз қолымызда екені даусыз.

Ермек КӨШЕРБАЕВ, Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы:

– Елбасы осыдан екі жыл бұрын цифрландыру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Бұл бағытта елімізде бірқатар шара қолға алынып, нәтижелі жұмыстар бастауын алды. Арнайы мемлекеттік бағдарлама да бар. Соған сәйкес, әрбір орган өз жобаларын жүзеге асыруда.

Халықаралық тәжірибені бөлісу мақсатында жақында бір топ мемлекеттік қызметкер Эстонияға барып келді. Ондағы жағдай бізге неге қызық? Өйткені, Эстония да Кеңес Үкіметі құрамында болды. Бірақ, Еуропаға жақын болғандықтан, оның үстіне, тау-кен секторы дамымағандықтан, цифрландыру мен озық технологиялары халықаралық аренада лайықты орнын алып отыр. Мәселен, «скайпты» эстондықтар шығарған. Бұл елде мемлекеттік қызмет түгелдей цифрлық форматқа көшірілген. Бәрі оңай әрі жеңіл. Енді осы тәжірибені бізде де пайдаланып, оны дамытуға өз үлесімізді қосуымыз қажет. Бұл үшін, әрине, алдымен білім керек. Сонымен қатар, халық арасында кеңінен насихаттаған абзал. Қажет болса, балабақшадан бастап үйрету керек. Ал, жасы үлкен аға буын өкілдері тиісті курстарға барса, оның да пайдасы тиері анық. Қалай болған күнде де білімді таратып, жұртшылыққа жеткізген жөн.

Айбөпе САБЫРОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған