Жарнама
Қоғам

АРТЫНА ІЗГІЛІКТЕН ІЗ ҚАЛДЫРҒАН…

 Әрине, бірінші бесік — отбасы, ата-ана тәрбиесі екені даусыз шындық. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп халық бекер айтпаса керек. Екінші бесіктің мектеп пен ұстаздар екеніне де ешкім дау айта алмайды.

Біз мектепте оқып жүргенде ұстаздарды көре қалсақ, бас иіп, тағзым етіп тұрушы едік. Неге екенін білмеймін, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары шәкірттердің ұстазына деген құрметі ерекше жоғары болатын. Осындай шәкірттерінің шынайы құрметіне бөленген мұғалімнің бірі Шәпи Хансұлтанұлы дер едік. 

Ол бұрынғы Новобогат ауданының (қазіргі Исатай ауданы) «Ақүй» елді мекенінде дүниеге келді. Осында балалық шағы өткен ол бастауыш мектепке барды, одан аудан орталығындағы Амангелді орта мектебінде оныншы сыныпты бітіреді. Бұдан соң Орал қаласындағы мұғалімдер даярлау орталығында екі жыл дәріс алып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығады. Алғашқы ұстаздық жолын Маңғыстау ауданы, Шевченко қаласындағы орта мектепте бастайды. Жас маман жаңа педагогикалық ұжыммен тез тіл табыса білді. Шәкірттеріне сапалы білім, саналы тәрбие беруге барынша ден қойды. Әрі мектептегі пионер, комсомол ұйымдарының жұмысына да белсене араласа жүріп, шәкірттерін қоғамдық істерге тарта білді. Осында үш жылға жуық мұғалім болған Шәпи Хансұлтанов 1957 жылы Балықшы ауданының Ракуша жеті жылдық мектебіне (қазіргі Махамбет Өтемісұлы атындағы орта мектеп) қызметке ауысады. Бұл білім ұясында да ол білікті ұстаз, ақ жүректі азамат ретінде әріптестерінің ілтипатына бөленді. Шәкірттерге дәріс бере жүріп, сырттай Гурьев педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдайды.

Кезінде Шәкеңмен бірге қызметтес болған әріптестерінің айтуларына қарағанда, ол кісінің сыныпқа кірген кезде қай оқушының біліп, қайсысының дайындалмай келгені, ойы қай жақта отырғанына дейін сезіп тұратын қасиеті бар-ды. Содан да шығар, шәкірттері өзге пәндерден гөрі, оның қазақ тілі мен әдебиетінен берген дәрісін тыңдап, зерделеуге ықылас танытатын-ды. Әсіресе, қазақ әдебиетінің мәйегіне қанып, ұлттық салт-дәстүрді бойларына сіңіруге тырысатын. Әрі ұстаз сабақтан тыс уақытта мектепте түрлі үйірмелердің жұмыс жасап, онда шәкірттерді еңбек пен білім, өнерге баулуға да ұйытқы бола білді. Ал, оқушылардан құрылған оркестрдің жыл сайын аудандық, облыстық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды еншілеуінде де Шәпи ағамыздың еңбегі аз болған жоқ. Өйткені, оның өзі де қос шекті домбыраны қолға алып, небір күйлерді тартып, тыңдаушыларды өзіне баурап алатын. Оның үстіне өзіндік қоңыр дауысымен ән де салатын. Тіпті, 1957 жылы Новобогат ауданының домбырашылар оркестрі құрамының бір мүшесі ретінде Мәскеуге дейін барып қайтқаны бар.

Білікті ұстаз мектепішілік жұмыспен шектеліп қалмай, ауыл мәдениетін өркендетуге де үлесін қоса білді. Ауыл кітапханасымен бірлесіп, оқушылар конференциясын өткізсе, бірде тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді, енді бірде мерекелерде клуб сахнасында өнерлі оқушылардың басын қосып, концерт, скетч қоюда басы-қасында жүретін-ді.

Әріптестері мен шәкірттеріне аса сыйлы болған Шәкең өз ортасының ақылшысы, ұйытқысы атанды. Аға алдында пейілін, іні алдында мейірі мен құшағын ашатын. Ақжарқын, әзілқой, жиын-тойдың сәні де болды. Өз ісінің қыр-сырын жете білетін білікті ұстаз саналды. Мектепке келген жас мұғалімге әкесіндей аялы алақанын ұсынып, ақыл-кеңесін беріп, білгенін үйретіп, жетістігін мақтаныш ететін.

— «Біз де сендердей жас болғанбыз, жасқаншақтамай жарқырап жүріңдер. Сендердің бойларыңдағы жастық жалынды алдарыңда отырған оқушыларың сезінетін болсын. Ұстаз беделі, абыройының қандай екеніне көз жеткізіп, білім алуға құлшынсын» деген ағалық сөзін талай рет естіген едік, — дейді оның әріптестері.

Ширек ғасырға жуық ұстаздық еңбегі де ескерусіз қалмады. Білім саласының үздігі атанған ол әлденеше рет жоғарғы басшы орындардың құрмет, марапаттарын еншіледі. 

Халқымызда «Өтпейтін өмір, сынбайтын темір жоқ» деген аталы сөз бар. Сол айтқандай, артына өнегелі із қалдырған Шәпи ағамыз бұдан отыз алты жыл бұрын 45 жасында өмірден өтті. Ал, ағаның аяулы жары Рая Ғабитқызы да мұғалім болатын. Ол аға шаңырағында алды он үштегі, соңы бір жастағы бес баламен жесір қалды. Қайсар ана басқа түскен ауыртпалық пен қасіретті қиын болса да жеңе білді, перзенттерін қанаттыға қақтырмай, қатарға қосты. 

«Атадан пұл қалғанша, ұл қалсын» демекші, ана алақанының жылуымен жақсы әкенің артында қалған алтынның сынығындай сол ұрпақтары — мұрагерлері өсіп жетілді. Тұңғышы Гүлнәзиі – есепші, Асылұланбегі — кәсіпкер, Болатбегі — жүргізуші, (Жәнібегі өмірден өтті), Әлібегі жүргізуші болса, күйеу, келіндері Мақсот пен Эльмира — кәсіпкер, Эльфия — мұғалім, Шолпаны — эколог, Мейрамгүлі — оқытушы. Олардан өрбіген жиен, немерелері — шаңырақ қуаныштары. Бұл күнде әке шаңырағын шайқалтпай, үлкен ошаққа ие болған сүйікті жар, аяулы ана, асыл әже Рая апай жапырағы жайылған мәуелі бәйтеректей ұрпақтарының ортасында шат-шадыман ғұмыр кешуде. Ол кісі де – Шәкең ағамызбен бір ұжымда ұзақ жыл бойы шәкірттерге орыс тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берген оқу ісінің үздігі, қазір құрметті еңбек демалысында.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button