Құлсары атауының сыры

keCuilq jQA Жаңалықтар

Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласының атауы туралы «Жылыой қаламгерлері» энциклопедиясындағы Жылыой ауданының Құрметті азаматы Қален Кідібасовтың «Құлсары атауы қалай пайда болған?» деген мақаласын оқып, ойланып қалғанымыз рас. Ол кісіге ел аузындағы аңызды Илаш Батырбаева әңгімелеп беріпті. Илаш апайдың әкесі Әбілқайыр Батырбайұлының туған інісі Жүсіп бала күндерінде Құлсары бабалары туралы жиі айтады екен.

keCuilq-jQA

Бірде тіпті Жүсіп ата «Сіздерге сене беруге де болмас, арғы аталарың Құлсары туралы кейбір деректерді қағазға түсіріп қойыңдаршы, мен айтып отырайын» деп өтініш жасаған көрінеді. Сол деректерді оқырман назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Құлсары Тінекейұлы 1820 жылы дүниеге келіп, дәл 80 жасында, 1900 жылы өмірден өтіпті. Анау айтқан бай болмағанымен, дәулеті бір басына жетерлік Құлсары ата «ортадан жоғары бойы бар, қапсағай келген, иықты, қою да емес, сұйық та емес сақал-мұрты бар, қара сұрлау кісі» деседі.

Ағайын-тумаға қайырымы мол, елге сыйлы, айрықша құрметті ақсақал атаныпты. Жас кезінде аң аулап, тазы ұстаған, аздап серілігі бар жан екен.  Ең сүйікті кәсібі – ат баптау, ат жарату, бәйге аттарын таңдау. Бірде ел аралап, қыдырып жүріп бір танысының желісінде байлаулы тұрған құлындардың ішінен оймақтай төбелі бар, ақбақай құлыншаққа назары түседі. Атбегілік қабілеті, сыншылық қасиеті бар Құлсары ата әлгі құлынды қалап, иесіне қолқа салады. «Енесі суалған соң маған бер. Ізіне не қаласаң, соны беремін» дейді. Сонда құлынның иесі: «Бойжетіп отырған немереңіз Шапайқызы Тәйкунді келін қылып, ұлыма беріңіз» деп сұрапты. Екеуі қол алысып келіседі. Сөйтіп,  қызға айырбастаған ақбақай төбел кезінде қашқанды құтқармаған, қуғанға жеткізбеген, аузымен құс тістеген жүйрік атанып, бәйгеде ешкімге дес бермепті. Осылайша, иесінің мерейін бұрынғыдан да өсіріпті.

Ал, Тәйкун Шапайқызы, Құлсары атаның немересі берігіректе, 1965 жылдары дүние салған көрінеді. Оның балалары қазір Қосшағылда тұрады.

Құлсары Тінекейұлы қыста Маңғыстаудың ойында, жазда осы күнгі өз атымен аталатын  жерді жайлаған. Малын Жем өзені мен Қамыскөлге суарып, сол төңіректің шүйгін шөбіне жайған екен. Бірде ұлдары мен жақын-жуықтарын жиып алып: «Мен түс көрдім, түсімде барлық малым жер астындағы бір үңгірге шұбырып кіріп кетті де шықпай қойды. Мен де соңдарынан ілестім. Соңымнан «малың өзі қайтады, қайда барасың? Кейін қайт!» деген дауыс естілді. Бірақ, мен қайтпадым. Көрген түсімнің ретіне қарағанда мен енді бақилыққа жол тартатын шығармын. Бірақ, «малың кейін өзі қайтады» дегенге қарағанда «болашақ кейінгі ұрпаққа жаман болмас» деп жорып отырмын. Сол үңгірдегі жылқының тұяғының дүбірі әлі құлағымда тұр. Мені осы жерге, келінімнің маңайына жерлеуді аманат етемін» депті. «Келінім» деп отырғаны ұлы Шапайдың келіншегі екен. Ол кезде қазіргі «Құлсары қауымы» деп аталатын үлкен қорымда ол кісінің келінінен басқа зират болмаса керек.

Құлсары ата туралы осынау деректерді ауызекі сөзден қағазға жаздырып, хатқа түсіргендер – немерелері Жүсіп пен Әбілқайыр ақсақалдар. Аталары қайтыс болғанда бірі –25, екіншісі 13 жаста екен. Құлсарының тамын көтеруге қатысыпты.

Бір айта кетерлігі, Құлсары атаның көрген түсі бұл күнде шындыққа айналып отыр. «Үңгірге кіріп кеткен малдары» жер астынан «қара маржан» болып шығып, ел нәсібіне айналуда. Оның есімімен аталған елді мекен Құлсары қаласына айналды. Бұл қала дүние жүзі картасына енді. Қандай қиын кезеңде де құлсарылықтар жоқшылыққа ұшыраған емес. Бәлкім, өз атын алған қаланы қазақы тілмен айтқанда «аруағымен желеп-жебейтін» де шығар?! Қала күн сайын көркеюде. Жаңадан тұрғызылған сәнді үйлер алыстан көз тартады.

Бүгінде Жылыой ауданының басшылығы Құлсары ата бейітін қоршап, әдемі кесене тұрғызды.

Жыр-ескерткіш

Жылыойдың бір

шаһары есімін ап…

Бай ма екен мыңды айдаған, бағлан ба,

Батыр ма жалдап өткен жанын арға?!

Кіл кебек арасынан дән шығыпты,

Бір дерек ұсынамыз тауып алда.

 

Жатсын тек жақсы күнге жалғанып із,

Жыр деген – бойыңды алар арда қымыз.

Шаруасы болмаған ғой тарихымен,

Шариғат қуып жүріп шалдарымыз.

 

Дүр адам өткен-ау бір талабы үстем,

Ғұламам шыққан шығар қара күшпен.

Біреулер телиді кеп оны өзіне,

Бауырдай бәрі соның шала піскен.

 

Қазақты алалаудың несі мұрат?

Қашанғы мекен осы ой, осы қырат.

Сүлейдің ізі болып жатыр, міне,

Жылыойдың бір шаһары есімін ап.

 

Арала бұраң-бұраң көшесін кең,

Ақ боран бұғып жатыр кеше есілген.

Ұраның еліңдікі, айтқан кезде,

Тұрағың басталады осы есімнен.

 

Қинаман бұдан сырлы саз ұқ деп мен,

Қырларды жасандырар нәзік көктем.

Батыр ма, бай ма, әйтеуір, ол халқының

Атын да жүрегіне жазып кеткен!..

Бүркіт БАЗАРБАЕВ,

 Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз