Ақ Жайықтың жағасында еш қасірет болмасын!
Су тасқынының алдын алуда Алмалы ауылындағы жағалауда бөгеттер салып, қапшыққа топырақ қаптап жатқан студенттердің қатарына Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген қайраткері, композитор Илья Жақанов та қосылды.
Ол Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушылары, студенттерімен бірге қапшыққа топырақ толтырып бөгет салу жұмысына үлес қосты.
– Өңірде төтенше жағдай жарияланғалы бері Жайықтың жағасын бекітуге бар күш-қуатымызды жұмсап, үлесімізді қосып жатырмыз. Осындай жағдайда елдік пен ерліктің үлкен үлгісін, ұйымшылдық, бірлік, тұтастық, ел мен жер, Отанымыздың игілікті өмірін, тұрмысын көздің қарашығындай қорғап, қасиетті Ақ Жайығымыздың жағасында қайғы-қасірет болмасын деп тілеймін. Студенттер, оқытушы-ұстаздар барлығы осы игілікті іске атсалысуда. Қазір тасқын бір ғана Атырау облысында емес, бірнеше аймақта жұртшылықты дүрбелеңге салуда. Бүгін жастарға ел басына күн туғанда ел-жұрт қандай болуы керектігін көрсеткім келеді. Барлығы сәтті болса екен, — деп тілейді Илья Жақанов.
Сондай-ақ, ел ағасы өзінің көрген-түйгендерін айтып, белгілі жазушы Мұхтар Әуезовтың қанатты сөздерінен мысалдар келтіріп, жас буынды бірлікке, ұйымшылдыққа шақырды.
–Ел басына күн туған шақта ең алдымен ниет түзу, таза болуы керек. Екіншіден, ниетті құдіретті күш біріктіруі тиіс. Үшіншіден, мықты тәртіп қажет. Осы айтылғандардың барлығын қазіргі атыраулық жастар жасап жатыр.Тәртіп күшті болса, бірлік, тұтастық болады. Бүгінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы адами қасиеттерге ерекше мән беріп, елге қиын-қыстау кезеңде шыдам, төзім, елдің ұйымшылдығы мығым болғанда ғана бәрін жеңетінімізді айтуда. Бірлесіп жасап жатқан жұмысымыз абыройлы болсын, — деді И.Жақанов. Сондай-ақ, белгілі өнер иесі қасиетті Ақ Жайықтың бойында «Еділ-Жайық» әнін тербеле орындады.
Айта кетейік, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушылары, профессор құрамы мен студенттері үш күнде 20 мыңнан астам қапшыққа топырақ толтырып, үш ауысымда жұмыс жасауда. Университет басшылығының айтуынша, Атырау өңіріндегі төтенше жағдайға байланысты бірқатар жоғары оқу орыны гуманитарлық көмектерін көрсетуде. Соның бірі – Түркістан қаласындағы А.Яссауи атындағы қазақ-түрік университеті. Аталған оқу орны Атырау өңіріне 7,5 миллион теңгеге жағаны бекітуге арналған полиэтилен жабындыларын, қапшықтар, күректер, шамдар, палаткалар, резеңке етіктер мен қолғаптар алып беруде.
Нұргүл НАСЫР