zhas

Мен мектепке барамын!

Білім Жаңалықтар Қоғам

Atr.kz/12 шілде, 2019 жыл. Биылғы оқу жылында балаңыз 1 сыныпқа барады делік. Бұл ретте ата-ана қандай қадамдар жасауы қажет? Жинақтауы тиіс құжаттар қандай? Мектепке қабылдауға қатысты жаңа ережелер бар ма? Сонымен…

  1. Ең алдымен, балаңызды медициналық тексерістен өкізуіңіз тиіс. Педиатрдың жалпы қорытындысын алған соң, алғашқы сатының артта қалғанын аңғарасыз.
  2. Келесі кезекте білім ордасын таңдайсыз. Яғни, биылғы жаңа талаптарға сай, www.school.atyrau.gov.kz сайтына кіріп, қажетті мектепті табасыз. Айта кетелік, ата-ана баласын тұрғылықты мекен-жайындағы мектептерге еш кедергісіз орналастыра алады.
  3. Ал, егер сіздің таңдауыңыздағы білім ордасы басқа ықшамауданда орналасса ше? Онда мектепке қабылдау тәртібіндегі бүгінгі жаңа заңдылықтарға жүгінуге тура келеді. Яғни, ата-ана немесе баланың заңды өкілі жоғарыда көрсетілген www.school.atyrau.gov.kz сайтына кіріп, қажет мектепті таңдайды. Бөлінген қосымша квота санына сәйкес, онлайн өтініш қалдырып, кезекке тұрады. Осы тұста әрбір ата-анаға жылдамдық танытып, басқа мөлтекауданның балалары үшін бөлінген санаулы орынға тіркеліп үлгеріп қалуы қажеттігін қаперіңізге береміз.
  4. Барлық құжаттар электронды түрде базаға енгізіледі. Қолыңызда болуы тиіс құжаттар: Баланың ата-анасынан және өзге заңды өкілдерінен өтініш; Баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі; Денсаулық жағдайы туралы анықтама (026/у-3 нысаны), 3 x 4 көлеміндегі сурет – 2 дана.
  5. Бұдан соң, балаңыздың мектепке қабылданғаны жөнінде сіздің, яғни ата-анасының ұялы телефон нөміріне смс-хабарлама келеді.
  6. Міне, енді сіздер мектепке дайынсыздар! Тиісті ресми рәсімдерді жүзеге асырумен қатар, балаңыздың білуі тиіс талаптарына да зер сала кетіңіз. Яғни, 1 сыныпқа қабылданатын оқушы барлық әріптерді танып, ажырата білуі, буындап қосып, оқуы, әріптердің жазба, баспа түрлерін жазуы тиіс. Сонымен қатар, 1-ден 10-ға дейін және кері санап білгені жөн. Аты-жөнін, жасын, туған күнін, мекен-жайын білуі, жыл мезгілдерін атауы, ай аттарын, апта күндерін ажыратуы да – тиісті талаптардың бірі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған