Тарихи әділдік орнады: Әкемнің ақталғаны туралы тілдей қағаз көңілге медеу

repressiia Қоғам

Аtr.kz/30 мамыр, 2020 жыл.  Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үндеу жариялады.

«Тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырдым.

Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады» деді Президент.

Мен репрессия құрбанының тікелей ұрпағы ретінде Үндеудің тарихи мәні зор екендігін атап өткім келеді.  

Әкемнің аты Асан Бәшіғұлов екен. Анамның айтуынша, әкем ел ағасы болған. Жетім-жесірлерге, жарлы-жақыбайларға көмектесіп, оларды колхоз мүшесі еткен. Сөйтіп, әрқайсысына бір-бір сиыр малынан бергізген. Әкемді халық күйші, жыршы ретінде де жақсы таныған деседі. Ол кісіні 1937 жылдың қазан айында үйден алып кеткен.

«Нақты қай күні екені есімде жоқ. Әйтеуір, қазанның қара суық түндерінің бірі болатын. Түн ортасы болса керек, қатты шыққан дыбыстан оянып кеттік. Сөйтсек, толған адам тиеген көлік келіп тоқтап, ішінен екі милиция қызметкері түскен екен. Көзге түрткісіз қараңғылықтан олардың жүзі аса анық көріне қоймады. Жөн түсіндірместен, әкелеріңді көлікке отырғызып алып кетті» дейтін анам.

Өкініштісі сол, мен өмірге келмей жатып тірі жетім атандым. Себебі, үндеместердің айдауымен әкемді ұстап кеткен кезде мен анамның құрсағында қалыппын. Апам Назым сол кезде небары екі жаста болған. «Халық жауы» жақсы атақ емес қой. Әкем кеткен соң біздің шаңырақтағы жағдай тіптен ушықты. Анам колхоздың ең ауыр жұмыстарына жегілді. Өгіз арбамен астық та тасыған.

Біз де «Халық жауының» балалары деген жаламен қиын өмір сүрдік.

Әкем туралы ақпарат ұзақ уақыт бойы құпия сақталып келді. Қанша іздесек те, сандаған жылдар бойы әкемнің дерегін таба алмай келдік. Тек арада 61 жыл өткенде ғана, яғни, 1998 жылы Ақтөбе қаласының архивінен әкемнің ақталғандығы туралы анықтаманы таптым. Әкемнен қалған жалғыз ескерткіш осы бір тілдей қағаз болып тұр…

Назымхан АСАНОВА, репрессия құрбанының ұрпағы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз