Жарнама
Қоғам

ҚАН МАЙДАННЫҢ ҚАҺАРМАНЫ

 Соғыс тарихына ең қанқұйлы деген атаумен енген қырық бірдің қырғынына қазақтар да қатысып, майдандағы армияның қатарын толықтырды. Жәй қатысып қана қоймады, қаһармандық танытып, «Отан үшін» деген ұранмен кеуделерін оққа тосты. Қазақстаннан қан майданға аттанған ер жүрек ұл-қыздар фашизмді жеңу жолында асқан ерлік көрсетіп, жеңісті жақындатуға үлкен үлес қосты. Жауынгерліктің биік үлгісін көрсете білген отандастарымыз барлық майданда да жан аямай күресті.

Сұрапыл соғысқа 1 миллион 366 мың қазақстандық жауынгер қатысты. «Кеңес Одағының батыры» атағына ие болған 502 қазақстандықтың 10-ы – Атыраудан болды. Бір жерлесіміз, ұшқыш Хиуаз Доспанова «Халық қаһарманы» атағын алса, төрт жауынгер «Даңқ» орденінің үш дәрежесін түгел иемденді. Еңкейген кәрі, еңбектеген сәби, әйел-аналар, бұғанасы бекімеген жастардың күндіз-түнгі еңбегімен, майдандағы жауынгерлердің ерен ерлігімен келген жеңістің мәні ерекше дейтініміз де осыдан.
Біз айтып отырған кейіпкеріміздің бұл жеңіске қосқан үлесі орасан зор. Соғыстың басынан аяғына дейін қатысқан Сапар аға Сталинград майданында ауыр жарақаттанып еліне оралады. Бұған мойымаған ол II топтағы мүгедек бола жүріп, туған еліне келген соң да соғыс зардабынан күйреген шаруашылықты қалпына келтіруге атсалысады. Индер ауданындағы «Жарсуат» елді мекенінде ферма меңгерушісі болып ауыл шаруашылығының майталман маманы ретінде 1980 жылы зейнеткерлікке шыққанша тынбай еңбек етіп, бойындағы күш-жігерін сұм соғыстан соңғы жұпыны тіршілікті жандандыру жолына арнады.
Сапар ағаның сол бір кезде көрсеткен ерлігі мен еңбегі елеусіз қалмады. Бірнеше мемлекеттік ордендер мен медальдардың иегері атанды. Ол мұндай құрметке әбден лайық еді. Себебі, Отанын жаудан азат етуге атсалысып, қазақтың өз алдына ел болып қалыптасуына үлес қосқан азаматтарға қандай құрмет көрсетсек те жарасады.
Бүгінде жасы тоқсанға толып отырған ағамыз ұрпақтарының ортасында асқар тау іспетті. Оның қиын кезеңде жүріп өткен тағылымды өмір жолын кейінгі ұрпақ әрдайым құрмет тұтпақ.

Әліпқали БЕКЕШ,
Атырау қалалық соғыс және еңбек ардагерлері
кеңесінің төрағасы.
(Суретте: Сапар Жетпісқалиев майдангерлер ортасында)

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button