АМӨЗ: Қоғамдық тыңдау неге тоқтатылды?
Атырау мұнай өңдеу зауыты кешенді экологиялық рұқсатнама алу үшін қоғамдық тыңдау өткізді. “Белуга” қонақүйінің конференц-залында өткен талқылау алаңында тұрғындардан ине шаншар жер болмады. Олардың қатарында өңірдің экологиясына жанашырлық танытқан зейнеткерлер де, қоғам белсенділері де бар.
Халықтың көп жиналғаны соншалық, мұндай қоғамдық тыңдауды үлкен залда өткізу де ұсынылды. Десек те, зауыт өкілдері ұсынған жобалар тыңдалып, белсенділер бірден сұрақ-жауап бөліміне көшті. Эмоциялық әсерге толы қоғамдық тыңдауда зауытты қаланың сыртына көшіру бастамасын көтергендер де болды. Кәсіпорын маңында бірнеше жылдан бері тұратын атыраулық тұрғын бүгінде астма ауруына шалдыққанын, қазір тек дәрінің көмегімен демалып отырғанын айтып, ренішін білдірді. Жиналған көпшілік рұқсатнамаға қарсы екендігін айтты. Талқылау алаңының соңы дауға ұласқандықтан Атырау қаласы әкімінің орынбасары Тілек Махуов қоғамдық тыңдауды тоқтатуға мәжбүр болды.
-Зауыт ұсынған презентацияда алдағы он жылдықта қолданылатын жаңа технологияларды көрсете алмады. Мен өзім осы жобадан 14 кемшілікті тауып отырмын. Бұған дейін зауыт тек мұндай рұқсатнаманы 1 және 1,5 жылға ғана алатын. Енді ол кем дегенде 10 жылға созылуы мүмкін. Зауыт дәл қазір оған мүлдем дайын емес. Оған нақты дәлелдерім бар. Жалпы, зауыт біртіндеп 10 жыл ішінде заманауи технологияларды енгізуі шарт. Алайда, мен бұл жобадан ауыз толтырып айтарлықтай жаңашылдық көрмей тұрмын. Егер ол қолдау тауып кетсе, кемінде он жыл бойы зауыт жауапкершілікті өз мойнына алмайды және экологиялық эмиссиялардан босатылады. Оның үстіне, баяулатып кокстау цехы ескі, әлі 1989 жылғы технологияны қолданып отыр. Суды қайтадан пайдалану технологиясы да кемшін. Білуімізше мамыр айынан бастап зауыт Қашаған мұнайын қабылдапты. Ал оның құрамында жоғары мөлшерде күкіртті сутегі, меркаптан бар. Сондықтан барлығын елеп-екшегеннен кейін ғана жобаны өзгертуге ұсыныс беріп немесе мүлде бұл бастамаға келіспеушілігімізді білдіруіміз қажет, — дейді облыстық мәслихаттың депутаты, экобелсенді Арман Хайруллин.
Ал, Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры Ғалымжан Жусанбаевтың айтуынша, кәсіпорын қоршаған ортаға жіберілетін зиянды шығарындылар біртіндеп азайып келе жатыр. Бұрын бұл көрсеткіш 14,5 пайыз болса, қазір 8,2 пайызға төмендеген. Ол әрбір тұрғынның арыз-талабын тыңдап, байыппен жауап берді.
Айбөпе САБЫРОВА