АЛЫСТАҒЫ АУЫЛДЫҢ АЙТАРЫ КӨП
Азғыр ауылдық округінің орталығы Балқұдық елді мекенінде 1815 адам тұрады. Ол – осындағы үш селоның ең ірісі. Орта мектепте 322 оқушы тәлім алады. Аурухана, клуб, кітапхана, сауда орындары бар. Қоянды топтық су құбыры жеткізілген. Енді тұрғындар «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында әр үйге тартылуын күтуде. Қысқасы, еліміздің әр түкпіріндегі осындай шағын ауылдарға тән тірлік. Әйтсе де…
Балқұдық ауылының, жалпы Азғыр аумағының жұрты ежелден ар жағындағы Ресейдің Қарабайлы елді мекенінің халқымен аралас-құралас. Төрт түлігінің өрісі де ортақ еді. Оның үстіне, азғырлықтарға күнделікті керегін 300 шақырымдағы Ганюшкиннен тасығанша, 60 км жердегі Қарабайлыдан әкелген әлдеқайда тиімді. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген ғой. Мұндай барыс-келіс мызғымастай көрінген. Алайда, ортақ одақ тарап, әр республика өз алдына шаңырақ көтергенде шекара мәселесі де туындады. Оның екі жағындағылар бір-біріне қабақ шытпағанымен, дербес мемлекеттердің мүддесін көздейтін заңдылықтар пайда болды. Таяқ тастам жердегі шекарадан өту мұңға айналды. Енді азғырлықтарға іргедегі Қарабайлыға бару үшін алдымен аудан орталығына жетіп, одан әрі Котяевка шекара бекеті арқылы Астраханға асуға тура келді. Сонда бұрынғы 60 шақырымдық жол он есе дерлік ұзарды. Бұл керек пе еді халыққа?
Содан шекаралас аймақтардағы жұрттың жанайқайына байланысты екі елдің үкіметаралық комиссиясы біраз зерттеу жүргізіп, соның нәтижесінде 2006 жылғы 3 қазанда Орал қаласында Қазақстан мен Ресей шекарасында бірнеше жеңілдетілген өткізу пункттерін ашу жөнінде құжатқа қол қойылды. Солардың бірі – Балқұдық-Қарабайлы.
Әйтсе де, осы «жеңілдетілген» делінетін жерден шекарадан өту жеңіл болып отырған жоқ. Мұның күрмеуі көп мәселесі барлығын тұрғындар кейін білді. Алдымен, Балқұдық-Қарабайлы арқылы өткен адам тек аталған елді мекеннің тұрғыны болуы тиіс. Одан әрі, бұрынғыдай Қарабайлыдан өтіп, Ресейдің басқа қалаларына баруға рұқсат жоқ. Шаруаң бітсін-бітпесін тек Қарабайлыдан кері қайтуға тура келеді.
Сонымен қатар, уақыт та шектеулі. Көрші елде болуға тек үш күнге ғана рұқсат етілген. Бұл мерзімнен асып кеткен кісі шекарадан өту тәртібін бұзған болып саналып, тиісті жазаға тартылады.
Сондай-ақ, шекарадан тек жеңіл көліктер ғана өтеді. Бұл да – тұрғындар үшін үлкен қолбайлау. Балқұдықта болған жиналыста айтылғанындай, мұндағы жұрттың бар байлығы – қолындағы төрт түлігі. Ал, шөбі шүйгін Азғыр аймағында мал ұстауға барлық мүмкіндік бар. Кеңестік кезде осында атағы республикаға аян «Сүйіндік» және «Балқұдық» асыл тұқымды қой шаруашылығы кеңшарлары болғанын еске алайық.
Әйтсе де, жайылымға мол өңірде шабындыққа жарайтын жер жоқ. Сондықтан, тұрғындар төрт түліктің қысқы азығын сырттан тасиды. Батыс Қазақстан облысынан әкелінетін шөптің әр рулоны кем дегенде алты-жеті мың теңгеге жетеді екен. Егер бір сиырға орта есеппен жиырма шақты рулон қажет десек, ауыл адамдарының қалтасы қаншалықты қағылатыны көрініп-ақ тұрған жоқ па?
Ал, шекарадан жүк көлігін өткізуге рұқсат берілсе, іргедегі Қарабайлыдан қажетті мал азығын көп қиындықсыз жеткізіп алуға болар еді ғой. Әрі онда осындай өнім дайындайтын орын да бар екен. Оның үстіне, осы шектеу алынып тасталса, азғырлықтар іргедегі көршілеріне мал өнімдерін шығарып, сауда-саттық дамиды. Қазір аймақта шаруа қожалықтарын қоса есептегенде барлығы 300 мыңнан аса мал бар екен. Соның ішінде 11540 мүйізді ірі қара, 188819 қой-ешкі, 6479 жылқы мен 834 түйе есепке алынған.
Ақырында, ар жақтан бері қарай әкелінетін заттың салмағы бір адамға шаққанда 35 килодан аспауы шарт. Құрманғазы аудандық мәслихатының хатшысы Рифхат Сұлтанияевтің айтуынша, бұл шектеу – өңірде кәсіпкерлікті өрістетуге кедергі. Азғыр аумағындағы елді мекендерде 40 шақты дүкен бар десек, солардың біразы округ орталығы Балқұдықта орналасқан. Рас, мұндағы кәсіпкерліктің көп дамыған түрі – сауда. Ар жағынан азды-көпті азық-түлік пен күнделікті тұтынатын нәрселерді әкеліп, ауылдағыларға сатады.
Енді әлгіндей шектеу болғандықтан, тауар тасушылар күніне әрі-бері неше рет өтуі керек? Шекарашылар жиі жүруге рұқсат бере ме? Ал, 600 шақырымдағы Атыраудан тасымалдау қыруар шығынды қажет етеді. Сондықтан, соншама жерден алып келген нәрсені қымбатқа сатуға тура келеді. Бұл, әрине, ауылдағылардың әрі ренішін туғызады, әрі қалтасы да көтермейді. Турасын айтқанда, Кедендік одақ аясында ресейліктер тауарларын тонналап тасыса да қарсы емес. Шектеу біздің тарапымыздан болып отыр. Демек, өзіміздің заңдылықтарымызға өзгеріс енгізген жөн.
Жергілікті дәрігерлер сырқат жандарды іргедегі Қарабайлыға жеткізудің қиындап кеткендігін де айтады. Бергі беттегі өзіміздің, ар жағындағы ресейлік шекарашылардың рұқсаты қажет. Мұны заставада тұрғандар өздігінен шеше де алмайды. Жоғарыдағы басшыларына шығып, солардың бұйрығын тосады. Оған, дәрігерлердің айтуынша, 1,5-2 сағат шамасында уақыт кетеді екен. Мұны сырқат жандар көтере ала ма? Әсіресе, жүкті әйелдер қиналып қалмай ма?
Осындағы шекара заставасында да болдық. Балқұдықтан бес-ақ шақырым. Сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтің шақыруымен Астанадан шекара қызметінің басшылары да келіпті. Заставада 17 шекарашы бар. Тағы он шақты жергілікті жігіт келісіммен жұмыс істейді. Осы жердегі 250 шақырым шамасындағы шекараны отыз шақты адамның сенімді күзетуі мүмкін бе? Ал, ар жағындағы ресейлік шекарашылар саны елу шақты. Әрі, біздің жігіттермен салыстырғанда тұрмысы да түзу, қажеттіліктермен қамтылуы да тәуір көрінеді.
Жұртшылық жиналысында көтерілген тағы бір мәселе – төрт түліктің ар жаққа өтіп кетуі. Әсіресе, жылқылар тебіндеп жайылып жүре беретінге ұқсайды. Міне, соларды қайтару да қиын. Рас, ресейлік шекарашылардың ұстап алып, бермей қойғандығы жөнінде мәлімет жоқ. Оның үстіне, шекараның ар жағында да қазақтар тұрады. Бұрыннан аралас-құралас болғандықтан олар телефон арқылы бергі беттегі таныстарына жылқыларының өздерінде жүргендігін хабарлайды. Алайда, алып қайту үшін міндетті түрде шекара бекетінен өтуге тура келеді. Әйтсе де, қазақстандық шекарашылардың айтуынша, қазір 250 км шекара бойының жүз шақырымына тор тартылыпты. Қалған бөлігі де қамтылмақ. Сонда төрт түлік те тізгінделмек. Дегенмен, айуан малда не жазық бар, өзінің бұрынғы су ішетін құдығы мен жайылатын шалғынын аңсамай ма?
Сайып келгенде, Балқұдық-Қарабайлы ықшамдалған өткізу пунктіндегі ахуал осындағы өзге де осындай орындарға тән. Бәрінде де тәртіп ортақ. Ендеше, оның шешімі қандай? Ауыл адамдары да әбден шаршаса керек, жағдай қашан түзелетіндігін тура сұрады. Елордадағы мемлекеттік органдар қызметін жүйелеу нәтижесінде шекарадан әрі-бері өту, жүк тасымалы, т.б. мәселелерді реттеу Инвестиция және даму министрлігі Көлік комитетіне жүктелген. Оның төрағасы Әсет Асаубаев жиналғандарға мәселенің мәнісін барынша байыпты түсіндірді.
Шындығында, айтылған жайдың бәрі біржақты ғана шешілетін шаруа емес. Алдымен, әрі-бері еркін өтіп, Ресейдің өзге де қалаларына сапарлау үшін Балқұдық-Қарабайлы өткізу пунктінің мәртебесін өзгерту керек. Яғни, оны Котяевка тұсындағыдай қос тарапты автомобиль жолымен қамту қажет. Оған сұраныс та бар. Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің мәліметінше, Азғыр арқылы тәулігіне орта есеппен 175-180 адам мен алпыс шақты көлік өтеді екен. Шекарадан өткізу мәртебесі өссе, барыс-келіс бұдан да артпақшы. Жалпы, келешекте осы өңірде тағы да төрт шекара бекетін тұрғызу жоспарланған.
Облыстық әкімдіктің алдын ала жүргізген есебі бойынша, Балқұдық-Қарабайлы шекараны кесіп өту орнының мәртебесін көтеріп, бұл жерге Котяевкадағыдай екі жақты автомобильдік өткізу пунктін тұрғызуға шамамен 492 млн. 572,129 мың теңге керек. Ал, Азғырға 282 шақырымдық жол салуға 42 млрд. 300 млн. теңге қажет. Бұл – Атырау-Астрахан автожолы-7 разъезд-Асан-Азғыр-Сүйіндік-Балқұдық-РФ арасындағы қашықтық. Оның дені құм басқан дала арқылы өтеді. Құрылысқа қажетті қомақты қаражатты жергілікті бюджет көтере алмасы анық. Демек, оны республикалық бюджет арқылы ғана жүзеге асыруға болады.
Қазақстан жағы тәуекелге барып, бұл жұмысты қолға алғанда, Ресей тарапынан қолдау табыла ма? Өйткені, шекараның ар жағындағы Қарабайлыға дейін 60 шақырымдай дала жолы бар. Оны асфальтқа айналдыру үшін де біраз қаржы қажет. Оның үстіне, сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтің айтуынша, Балқұдық-Қарабайлы өткізу пунктіндегі ахуалды сауықтыруға Қазақстан жағы мүдделі. Ресейліктер аса ынтығып отырған жоқ. Өйткені, Қарабайлыдан Астраханға дейін жүз шақырымдай тақтайдай тегіс асфальт бар. Шекарадан ара-тұра болмаса, бері жиі өтіп жатқан ресейліктер жоқ. Міне, мәселе мемлекеттік деңгейге көтеріліп отыр.
Демек, әзірге әр адамға белгіленген 35 килолық шектеу мен Ресейдің өзге қалаларына бару тыйымын алып тастаған жөн. Сайып келгенде, биылдан бастап күшіне енген Еуразиялық экономикалық одақ аясында оған мүше мемлекеттердің азаматтары өзара еркін қарым-қатынас жасай алады емес пе? Ендеше, мына тежеу қайдан шықты? Әрі, одаққа мүше мемлекеттер азаматтарына сол елдерде болу құқы да берілген. Тіпті, Қазақстан мен Ресей арасындағы келісімге сәйкес екі ел аумағында болатын қос мемлекет азаматтары 30 күнге дейін тіркеу-есепке қою міндетінен де босатылады.
Жалпы, ҚР Үкіметі Азғыр аймағының географиялық тұрғыдан орналасуын және маңызын ескере отырып, Қазақстандағы Балқұдық пен Ресейдегі Қарабайлы шекараны кесіп өту орнын кеңейтіп, мұнда екі жақты автомобильдік өткізу пунктін орнатуды алдын ала қолдады. Ендігі мәселе – мемлекетаралық келісімге қол жеткізу. Қайталап айтқанда, Ресей жағы қосымша қаржы шығарып, өздерінде құрылыс жүргізуді қолға алар ма екен?
Қорыта айтқанда, азғырлықтар ар жағындағы ресейлік көршілерімен бұрынғы қарым-қатынастың қалпына келгенін қалайды. Құрманғазы аудандық мәслихатының депутаты Мансұр Қуанышәлиевтің айтуынша, әр жылы ауылдан он шақты отбасы Атырауға немесе Ганюшкинге қоныс аударады екен. Биыл да жүктерін буып отырғандар бар көрінеді. Негізі азғырлықтар шекараны жалаңаштап, орталыққа үдере көшуге қарсы. Атақонысты тастап кеткісі келмейді. Жергілікті атқарушы билік ауыз су мәселесін шешіп жатыр, газ құбыры тартылмақшы. Өзге де тұрмыстық проблемалардың түйіні тарқатылмақ. Қазіргі өзекті нәрсе – шекарадан өтуді реттеу, яғни оны барынша жеңілдету.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.
Құрманғазы ауданы.