Әлеуметтік желі: дерт пе, әлде қажеттілік пе?

image l Қоғам

Ватсап, инстаграм, фейсбук, тикток, вконтакте. Қазіргі жастар көп қолданатын әлеуметтік желілер. Шетсіз-шекарасыз ақпарат торабы әлем халықтарын бір- бірімен байланыстырып отыр. Дегенмен, жас буынның дені  күні бойы осы әлеуметтік желілерде отырып, оны танысу бұрышына, жеңіл әңгіменің ортасына айналдырып жіберген. Жалпы әлеуметтік желі Қазақстанға  келе саласымен ел жастарының 80% пайызы түрлі сайттарға тіркеліп, жеке өміріндегі қызықтармен бөлісе бастаған. Ал қазіргі таңда ғаламтор аркылы арзан атақ қуып, мазак болып жүрген жастарға үлкендердің көңілі толмайды.

Әлеуметтік желі жастарды әдептен алыстатып үлгерді. Олай деуіміздің де өзіндік себебі, уәжі бар. Бүгінде интернетте жаға-жыртыс, бейпіл сөз, жалған ақпараттан көз ашпайсыз. Жастардың кісілік болмысы жоғалып, ар-ұяты, намысы аласарып кеткендей. Осының бәрі соңғы технологияны пайдалы іске пайдаланбайтын жастардың көп екендігін аңғартпайды ма? Бұл желі лабиринт тәріздес, бір кірсеңіз шығу киын. Шыр айналып шығар есікті таппай, шырмалып қаласыз. Әлеуметтік желілерге тәуелділік, әсіресе, мектептерде күрмеулі мәселеге айналып отыр. Жасыратыны жоқ, құлағымызбен естігенді емес, көзімізбен көргенді айтар болсақ, ата-ана өздері ұстамаса да қымбат смартфонды баласына алып береді. Өйткені, бауыр етінің қатардан қалғанын, өзгенің ұлын не қызына жалтақтағанын қай ата-ана құп көрсін. Бізде қазір сапалы білім бәсекелесі емес, сәнді «сотка» бәсекелесі күштірек. Бірақ, «көш соңында жүрмесін» деген жанашырлық жаксылыққа емес, жат қылыққа жетелейді.

­- Балалардың бұлай ұялы телефондарда көп отыруы ең бірінші ата-аналардың бала тәрбиесінде о баста жіберген қателігі. Олай дейтінім, бала жыласа, оның қолына смартфонды ұстата саламыз да, көңіл  бөлмейміз. Кейін ол бүлдіршіннің тілі орыс, ағылшын тілінде шығып, қай тілде сөйлегенін түсінбей жатамыз. Бүгінгінің балаларында отбасымен араласып әңгімелесу дейтін ұғым жоқ.Оған тек ұялы телефон беріп қойсаңыз болды, үйде бар – жоғы білінбей қалады. Мен көп балалы анамын. Және біздің үйіміздің өзіндік заңы бар. Яғни, тамақтанып отырған мезгілде үстел үстінде телефон қолданбаймыз.Тіпті үйге келгенде өз басым телефонды мүлде ұстамаймын. Сонымен бірге, менің балаларым сағат кешкі 9 да ұялы телефондарын маған тапсырып, сабақтарына дайындалады. Осы ережеге олар үйренісіп кетті. Сондықтан, баланы тәрбиелемес бұрын, біздер, ата-аналар өзімізден бастауымыз қажет. Өзіңіз телефон қарап отырып, балаға рұқсат бермей қойсаңыз, бұл қателік болады. Ұрпағымыздың саналы, білімді болғанын қаласақ, дер кезінде қолға алып, «тәйттен» тартынуды үйрету қажет. Қазіргі мектеп жасындағы жасөспірімдер ашушаң, агрессивті. Неге?  Мұндай мінез  оның сайттар арқылы ойнап жүрген ойындарына тікелей байланысты. Көпшілігі  қатігездікпен адам  өлтіру, ұрып-соғу секілді ойындарға әуес келеді. Сорақы ойындарды ойнауға тыйым салатын уақыт жетті. Өйткені күнделікті қан көріп, атыс – шабысқа әбден еті үйренген ұрпақ аяушылықтан алыс өседі де, адам өлтіру, бауыздай салуды қалыпты жағдайға балайды. Сол себепті де, сан соғып, өкініштен өзек өртенгеннен гөрі, алдын алған дұрыс болар, – дейді ойымен бөліскен психолог маман Гүлвира Нұрсұлтанқызы.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, әлеуметтік желілерге таңнан кеке жейін ілініп отыру салдары әр үшінші шаңырақтың шайқалуына әкеледі екен. Мұны біз бал ашып білгеніміз жоқ, статистикаға сүйенген түріміз. Ғалымдардың  пайымынша, жас отбасылар көп жағдайда әлеуметтік желіде туындаған кикілжіңнің салдарынан ажырасып жататын көрінеді. Ол ол ма, кейбіреулер түрлі сайттарға тіркеліп, виртуальды махаббаттың желігіне еріп, бармақ тістейтін кездері де аз емес екен. Осындай вконтактідегі «жігітіне» басы айналған бикештердің алаяқтың құрбаны болып, адал еңбегімен тапқан табысымен өзгенің қалтасын қалыңдатқанын оқып, жаға ұстағанымыз бар еді… Кім кінәлі? Ебін тауып, мал тапқан альонс па, әлде «сүйем» дегенге сенген аңқау ару ма?

Ал, әлемде жыл сайын шамамен 100 адам әлеуметтік желіде қалдырган хаты үшін өмірден озады екен. Жақында акпаратық порталдардың бірінде ғалымдардың әлеуметтік желі туралы зерттеулері жазылды. Онда «Инстаграм» желісі депрессияа ұрындыратын желі деп айтылған. Ал «ВКонтакте», мамандардың пікірінше, суицидке апаратын желі болып шықты. Шынымен, еліміздегі жасөспірімдер арасында суицидтің белең алуына қатысы әбден болуы мүмкін. Жоққа шығара алмаймыз.

Десек те, таяқтың екі ұшы бар, бұл желілердің пайдалы тұстары да жоқ емес.Сауатты қолданып қолданып білсеңіз болғаны. Бүгіне БЛОГЕР деген жаңа мамандық пайда болды. Өз өміріңіздегі қызықтармен бөлісіп, сапалы видео түсіріп, тірлігіңізді қызылды – жасылды бояулармен әрлесеңіз болғаны, тәтәй көйлек киіп, галстук тақпай – ақ, үйде отырып табыс таба аласыз. Әлеуметтік желіні пайдасына асырып, жастардың арасында  танымалдылыққа ие бола білген 18 жасар атыраулық блогер Аяулым Әділхановамен кездесіп, осы тұрғыдағы ойымен бөлісуді сұрағанбыз.

– Мен үшін әлеуметтік желі – ақпарат алу көзі. Қарым – қатынас құралы. Өз-өмірімді әлеуметтік желісіз елестете алмаймын. Өмірімде шығармашылық тұрғыдан дамуға, табыс табуға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Өз табысымды тикток, инстаграм желісі арқылы тауып жүрмін. Бұл салада жүргеніме 5 жылдан асып жығылған екен. Тек соңғы 2 жылда маған өз жемісін беріп, қаражат таба бастадым.Көпшілік арасында танымалдығым да арта бастады. Десек те желіге шынайы өмірімді ашып көрсете бермеймін. Қызықты жағдайларымен ғана бөлісемін, -деп пікір білдірген блогер  желілерге күніге өте ұзақ уақыттар жұмсайтынын жасырмады.

Жә, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ел арасына іріткі салатын да, арбап алып ағайынмен араздастыратын да, кейде өз ата-ананды өзіңе қарсы қоятын да әлеуметтік желі екені естен шықпасын. Уақыт өтіп жатыр, ал біз алақандай техникаға телміріп, жасанды дүние тіршілігімізге кірігіп кеткендіктен реалды өмірден алыстап, иллюзияға алдана бастағандаймыз. Расымен сәнді смартфондарсыз мәнді күн кешейік, замандас.

Ақбаян АЛПЫСБАЙ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің

4 курс студенті

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз