Қоғам
Алаяқтың арбауына түсіп қалмаңыз
Атырауда соңғы кездері интернет-дүкендер мен әуе жолдарының билеттерін сататын сайттардың қызметіне байланысты алаяқтық жағдайлар көбейді,- деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бұл туралы Атырау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Әлем Уәлиев брифинг барысында атап өтті.
- Алаяқтар ықтимал құрбандарды немен қызықтырады? Бірінші кезекте — негізсіз төмен бағалар. Тауарларға тапсырыс беру кезінде алаяқтар жедел төлем терминалы арқылы виртуалды әмиянға ақша салу арқылы алдын-ала төлем жасауды сұрайды. Әрі қарай, дүкен бірнеше күн бойы сылтау айтып, тауарды тез жеткізіп беруге уәде береді, содан кейін ол із-түзсіз жоғалады немесе сапасыз өнімді жібереді,- дейді Ә. Уәлиев.
Спикердің айтуынша, мұндай сайттардың мақсаты – аз уақыттың ішінде көп адамды алдау. Интернет-сайтты жасау бірнеше минуттық мәселе, сондықтан жұмысты тоқтатқаннан кейін, көп ұзамай сайт басқа мекен-жайда, басқа дизайнмен және басқа атпен қайта жанданады. - Егер сіз тауарды алдын-ала төлеммен сатып алғыңыз келсе, дұрыс интернет-дүкендер сізден виртуалды әмиянға немесе ұялы телефонның шотына ақша аударуды сұрамайтынын ұмытпаңыз. Ғаламторда дүкен туралы ақпаратты іздеңіз, оның нарықта қанша уақыт болғанын көріңіз. Егер сіз ірі немесе танымал компанияның веб-сайтымен жұмыс жасасаңыз, олардың мекен-жайы сіздің браузеріңіздің мекенжай жолағында дұрыс жазылғанына көз жеткізіңіз. Дүкен әкімшілігінен заңды тұлға туралы ақпарат беруін сұраған жөн, оны салық органдарының жалпыға қолжетімді дерекқорлары мен заңды тұлғалар тізімі арқылы тексеруге де болады,- деп атап өтті спикер.