КЕМЕЛ КЕЛЕШЕК ҮШІН!..

Елімізде салтанат құрған ұлтаралық татулық пен келісім, жарқын өмірге деген ортақ мақсаттар төңірегіне топтасушылық – бәрі бүгінде өз бағасын алған жағымды үрдістер. Ұлт Көшбасшысының халықаралық кеңістіктегі аса жоғары беделі, оның елімізді ұзақ мерзімді дамыту стратегиясы – сөз жоқ, тәуелсіз Қазақстанның басты жетістіктері. Осы жетістіктер мен  табыстардың барлығын шашау шығармай сақтау, әрі қарай еселеу үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынған мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы бастамасын қолдаймын. 

Еңбек жолын қарапайым металлургтен бастап, әлем мойындаған саясаткер, халқын жемісті де жеңісті жолдарға бастаған Көшбасшысын бүкіл Қазақ елі мақтан тұтады.  Өндірісімен аты алысқа тараған, ел экономикасын алға бастаушы іргелі өңір саналатын Атырау облысы қашан да Мемлекет басшысы назарынан қалыс қалып көрген емес. Елбасының көреген саясаты мен жан-жақты қолдауы арқасында біздің өлкемізде әлеуметтік-экономикалық тұрғыда  маңызы зор істер атқарылып, алға  басулардың куәсі болып отырмыз. Бейбіт өмірді, жарқын болашақты алғышарты етіп ұстанатын еліміз бүгінгі қол жеткен табыстарды сақтап, келешекте одан әрі қарыштау үшін әлемдік деңгейде мойындалған тұлға Нұрсұлтан Назарбаевпен бірлесе бет түзеуді мақсат етті.

Бұл күні біз үлкен қиыншылықтарды жеңіп, жаңа дәуір есігін аштық. Елбасы жүзеге асырып отырған барлық  дәйекті экономикалық  реформалардың жемісін халық күнделікті  өмірде көріп келеді. Мемлекет басшысы ұлт денсаулығын нығайту, парасатты ұрпақ тәрбиелеу, туған тілімізге қамқорлық жасау жұмыстарын жетілдіріп, ел ішіндегі саяси тұрақтылықты сақтауда жемісті еңбек етуде. Ендеше, алда болар Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізіп, Елбасының мұнарлы кезеңде бұйданы берік ұстауына жұмылуымыз қажет.

Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Қазақстан Жазушылар Одағы

Атырау облыстық филиалының директоры.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз