АЛҒЫСЫН БІЛДІРДІ
– 1938 жылы тамыз айында әскер қатарына шақырылып, 10-шы Шығыс Қазақстан шекарашылар бөлімінде әскери қызметімді бастадым. Бұл жер негізінен Қытай-моңғол шекарасы еді. 1939 жылдың аяғында Финляндия соғысы басталғанда, сол жерге соғысқа жіберілдім,-дейді «Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы», ішкі істер саласының ардагері, полиция майоры Қалихан Мұқтаров әңгіме барысында. – Батыс Украина, Венгрия, Румыния шекараларын жаудан азат ету үшін 38-ші шекарашылар полкінде взвод командирі болдым. Осы полкте 1941 жылдың шілде айының аяғына дейін қызмет атқарып, содан соң 95-ші шекарашылар полкіне ауыстырылып, онда полк командирінің көмекшісі қызметін атқардым. Бірінші Украина майданында 17-ші шекарашылар полкінде бөлім командирі қызметіне тағайындалып, 1941 жылдың шілде айының аяғынан бастап, соғыс аяқталғанша 1946 жылдың мамыр айына дейін қызмет еттім. Берлинді азат еткеннен кейін Германияда бөлім командирі болып қызмет істедім. Елге 1946 жылдың тамыз айының аяғында күзге қарай оралдым. 1947 жылдың күзінде Жылыой ауданы ішкі істер бөлімінде қызметке орналасып, осы салада 1965 жылға дейін қызмет атқардым.
Ұлы Отан соғысының ардагерлері Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында ардагерлерге көңіл бөліп отырған Елбасына алғыс айтып, мерекелік ізгі ниет-тілектерін білдірді.
Аудан әкімі Мемлекет басшысының атынан сый-сияпаттар көрсетті.
Мағрупа ҚАЗИХАН.
Қызылқоға ауданы.