ҰЛЫҚ БОЛСАҢ, КІШІК БОЛ!..

Мемлекеттік қызметкердің Ар-намыс кодексін бұзуға жол жоқ. Өзінің кезекті отырысын өткізген Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Атырау облысындағы Тәртіптік кеңесі күн тәртібінде қаралған мәселелер осы мақсатты көздейді.

 Мемлекеттік қызметкер өз кәсіби қызметімен ғана емес, өзге де іс-қадамдары арқылы өзгелерге үлгі болуы тиіс. Мемлекет басшысы тарапынан қадағалау тапсырылған осынау мәселенің өткір тұрғанына қарамастан, салада жүргендер арасында кейбір заң бұзушылықтар кездесіп жатады. Бұл жайттарға аталған басқосу барысында куә болдық. Себебі, күн тәртібінде қаралған үш мәселеде де «мемлекеттік қызметшілер заңдылық қағидатын, Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын басшылыққа алуы керек» деген талаптың орындалуы бұзылған. Сондай-ақ, ол «адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуы тиіс. Қарамағындағы  қызметкерлерге қатысты негізсіз айыптауларға, дөрекілік, адамдық қадір-қасиетін кемсіту, жөнсіздік, орынсыз мінез-құлық фактілеріне жол бермеуге міндетті» делінген талаптарының сақталмағаны анықталып отыр.

Өз қарамағындағы қызметкердің атқарып отырған қызметіне қатысы жоқ, жеке өміріне байланысты тұтастай ұжымның алдында ар-ожданына тиді делінген арыз тексерісіне сай, Тәртіптік кеңес мүшелері тиісті шарасын алу үшін жауапты  орындарға жолдады. Ал, соңғы кезекте қаралған мәселеде қызметтік көлікті пайдалану және өз лауазымын жеке мүддеге байланысты пайдаланбау сынды талаптардың сақталмағандығы сөз болып, жауапты адамдарға сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылдады.

Аталған кеңес төрағасы Мұхит Избанов мемлекеттік қызметкердің қашан да үлгілі болуы тиістігін еске салып, «Сала мамандарына қатысты бекітілген заңдылықтар талаптарының бұзылуына ешқашан жол берілмейді. Әр маман өз ісінің білгірі бола тұрса да, айналасымен тіл табысу сынды қарапайым қасиетті бойына қоса сіңіруі қажет. Себебі кез-келген маманның орнын басатын одан да білікті мамандар бар екенін естен шығармаған жөн» деген тұжырымдамамен отырысты тәмамдады.     

Гүлжан ӘМІРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз