Жарнама
Қоғам

Айбектің ерекше әлемі

Атырау қаласында туғаннан зағип болса да ел қатарлы жұмыс істеп, дені сау адамдарға үлгі болып жүрген ерекше жан тұрады. Ол – өзге адамдар секілді Күннің жүзін көзімен көрмесе де, тіршілікті түйсігімен түсіне білетін Айбек Идаятов. Қаладағы №1 халыққа қызмет көрсету орталығында кеңесші болып жұмыс істейтін ол өзгеге білгенін үйретуден әсте жалыққан емес. Сондықтан оны қызмет алушылар да жақсы таниды. Қашан көрсеңіз де жөн сұрағанға білгенін айтып, кеңес беруге даяр тұратын оған әріптестері мен тұрғындардың ықыласы ерекше.

Ұмтылған ұтады

Айбек Шәмшіұлы туабітті зағиптығына қарамастан өз саласы бойынша тұрғындардың арыз-шағымын қабылдап, құжаттардың заңдылығын зерделеп, мемлекеттік қызметтер бойынша кеңес береді.

Алматыдағы зағип және нашар көретін балаларға арналған арнайы мектеп-интернатын тәмамдаған ол Атырау қаласындағы Каспий өңірінің қазіргі заманғы жоғары колледжінде «заңгер» мамандығы бойынша оқыған. Жастайынан қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, өзгенің құқығын қорғауға талаптанғандықтан еңбек жолын Қазақ соқырлар қоғамының облыстық филиалында заңгер болып бастайды.

b6206318 e47b 4b2c 8642 e8d113830103

Қазір халыққа қызмет көрсету орталығында абыройлы жұмыс істей жүріп, түрлі шаруасымен келгендерге көмектесіп, үнемі жаңашылдыққа ұмтылудан жалыққан емес. Тіпті осы мақсатта «Жақсылық жолы» деп аталатын қоғамдық қор құрып, сол арқылы мүгедектігі бар жандардың жағдайын жақсартуды да қолға алыпты. Қор жұмысының алға басуы үшін аянбай еңбектеніп келе жатқан Айбек спорттан да құралақан емес. Республикалық және облыстық чемпионаттарда ауыр салмақ дәрежесі бойынша парапауэрлифтингтен жеңімпаз, жүлдегер атанып, бірнеше рет облыс мерейін үстем етті. Қолы босай қалса суда жүзуді, зілтемір көтеріп, үстел теннисін ойнағанды ұнатады.

Рас, оның өмірі екі қолға бір күрек таба алмай, уақытын текке өткізіп жүрген атпалдай азаматтарға үлгі етуге тұрарлық. Кейде өзіміз де басымыздағы бағымызды бағалай алмай жататын шақта еңбекқор азаматтың өнегелі ісіне сүйсініп, тамсанатынымызды жасырмаймыз.

Айбек Шәмшіұлын 2019 жылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Атырау облысы бойынша филиалының сол кездегі директоры Мұса Хайруллиев мүмкіндігі бар ерекше адамдарды жұмысқа қабылдап жатқанын айтып, бірге жұмыс істеуге  шақырыпты. Бұл ұсынысты қабыл алған ол халыққа титтей болса да пайдасының тиіп жүргеніне қуанады.

Бүгінде өзі құрған қор арқылы облыс көлемінде мүгедектігі бар азаматтарға арналған «Қолжетімді орта» мемлекеттік жобасын қалыптастыру бағытында белсенді жұмыстанып жүр. Жасыратыны жоқ, мемлекеттік мекемелер тарапынан бұл жұмысқа немқұрайдылық танытатындары да бар екен. Сондықтан Айбек барлық іске өзі бастамашы болып, қолға алған шаруаны соңына дейін тындыруға жанын салып жүр.

d5ab7199 03a7 41bc bedb 84d72f87b8f8

– Шындығында бұған бізден басқа ешкім бас ауыртқысы келмейді. Бірнеше мекеменің заңсыздықтары әшкереленіп, сот арқылы пайдамызға шешіліп жатқан істер көп. Биылдан бастап жүзеге асқан автобустардағы автоақпаратшының қондыры-луына екі-үш жыл жүріп қол жеткіздік. Оны да сотқа жүгініп, прокуратура араласуымен жылдың басында толыққанды жолға қойылды. Әрине, жалғыз өзіме бұл жұмыстар оңайға соққан жоқ. Мемлекет тарапынан әлі де болса қолдау көрсетілсе, жұмыс жанданады деп ойлаймын. Автобуспен ғана шектелмей, қаладағы дыбысты бағдаршамдардың да толыққанды іске қосылуына жұмыстанып жатырмыз. Бағдаршамның қай бағыттағы бұрылысқа жанып тұрғанын дыбыстайтын құрылғы керек. Әдетте көзі көретін тұрғындарға қоғамдық көлікке арналған қосымшаны кез келген жерде отырып, бақылауға мүмкіндік болғанмен, біз үшін бұл қиындық туғызып тұр. Қолжетімді ортаның іске асуына жұмыстанып жүргендіктен бұл шаруаның қиын екенін де білемін. Екінің бірі соңына дейін жеткізе алмайды. Өзімізге керек нәрсе болғандықтан осы шаруаның басы-қасында жүрміз, — деді Айбек Шәмшіұлы.

Қолдау тапқан ұсыныс

Түрлі кедергілер кездескенімен зағип екенмін деп, сағы сынып жүрген Айбек жоқ. Жұмысты қолынан келгенше үйлестіріп, облыстық адвокаттар алқасының мүшелерімен бірлесе жұмыс істеп жүрген ол құқықтық тұрғыда кеңес алатынын айтады. E-otinish ақпараттық жүйесі арқылы хат жолдау керек болса, жанашыр таныстарының да көмегіне жүгінеді. Мемлекет тарапынан көзі көрмейтін адамдарға бұдан да сапалы жағдай, жүйелі жұмыс жасалса, өзгенің жәрдеміне мұқтаждығы да азаяр еді.

– Барды бар деп айту керек қой. Елімізде іске асырылып жатқан жұмыстарды да түбегейлі жоққа шығармау керек. Арнайы компьютер, телефон беріліп жатыр. Такси қызметі де жұмыс істейді, таңертең жұмысқа апарып, алып кетеді. Спортзалға, әуежайға апарады. Біздің ұсынысымыз бойынша облыстық мүгедектер спорт клубының директоры Аманбай Қыздарбаев теннис үстелін алып берді. Адам баласы болған соң жақсылыққа тез бейімделіп, болғанның үстіне бола түскенін қалаймыз ғой. Мемлекеттің бағдарламасы жүзеге асса біраз дүние жеңіл болар еді. Кейде ешкімнің көмегінсіз-ақ автобусқа мініп, өзіңнің қалаған жеріңе емін-еркін жүргің келеді. Алайда көшедегі жағдай жүріп-тұруға мүмкіндік бермейді, жолдан өтерде көлік қағып кету қаупі бар. Тіпті баратын жеріңнің есігін таба алмай адасып кетуің ғажап емес, — дейді ол.

Отау көтергеніне төрт жылдай болған Айбек бір қыздың әкесі. Өзі үйдің ортаншысы, алдында ағасы, жігіт болған інісі бар. Өзін зіңгіттей адамдармен тең ұстайтын жігіт өмір сүру дағдысының да ешкімнен кем болмағанын қалайды. Өйткені, ол құқықтық мемлекеттің баршаға ортақ заңнамасына сәйкес басқалармен тең дәрежеде өмір сүріп, арман-мақсатының орындалуына мейлінше атсалысып жүр.

Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы ұтымды 

ұсыныстары да қолдау тауып жүр. Соның бірі – ерекше қажеттіліктері бар жандарға арналған өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышының ашылуы. Айбектің халыққа қызмет көрсету бағытындағы осындай идеялары мен ортақ мүддедегі істерге ықпал етуін басшылық та үнемі қолдап, бірлесе жұмыс істеп келеді.

Өз ісі мен қабілет-қарымына сенімді Айбектің сөзі нық, мақсаты айқын. Басты тілегі – ерекше жандардың ескерусіз қалмай, қамсыз өмір сүруі.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Суреттерді түсірген Ерлан Алтыбаев

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button