МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР – ҰЛТТЫҚ МАҚТАНЫШЫМЫЗ

Жуырда облыс әкімі жанындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтіп, онда маңызды мәселелер қаралды. Соның бірі – жаңақазақстандық патриотизм мен мемлекеттік рәміздердің насихатталуы бойынша жастар қоғамдық ұйымдарымен бірлесе өткізілген жұмыстар.

 Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірім Қалауидің айтуынша, жастарды патриотизмге тәрбиелеу мақсатында біраз жұмыстар атқарылған.

– Алайда, шынын айту керек, мемлекеттік рәміздерді халыққа көбіне мерекелер аясында насихаттап келеміз. Осы мақсатқа бағытталған жүйелі шаралар кешені жасақталған жоқ. Жалпы қазірге дейін 52 шара ұйымдастырылып, 18 мың жас қамтылды. Соңғы кезде жастардың Әнұранды музыкасыз өз дауыстарымен орындауына үлкен көңіл бөліп келеміз. Мәселен, сәуір айында Атырауда өткен ҚР Президенті жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің көшпелі отырысы аясында «Жасыл ел» жастар ұйымы жасақтарының ашылу салтанатында 1200 жас мемлекеттік Әнұранды өздері орындап, көпшілікті тәнті еткен болатын, – деді Мейірім Жоламанұлы.

Бұл мәселеге орай облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан жастардың патриотзмі, отансүйгіштігі, ұлтжандылығы тек мерекелі күндерде ғана емес, күнделікті іс-әрекеттерінде де айқын көрініп тұруы тиістігін атап айтты.

– Мәселен, жастар өздерінің көліктеріне кішкентай Тудың, Елтаңбаның үлгілерін қойса тым жақсы. Осындай элементтердің өзі жастарымыздың елге деген сүйіспеншілігін байқатады, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Ал, Техникалық реттеу және метрология комитетінің облыс бойынша департаментінің жетекші маманы Гаухар Баделова ағымдағы жылдың сегіз айында мемлекеттік рәміздерді  бойынша жүргізілген тексеру жұмыстарын баяндады.

Оның айтуынша, аймақта үш-төрт мекеме мемлекеттік рәміздермен қамтамасыз етумен айналысады. Олар мемлекеттік мекемелерден келіп түскен тапсырыстарды толығымен орындауда.

– Ағымдағы жылдың сегіз айында облыс бойынша 62 мекеменің  мемлекеттік рәміздері стандарт негізіне cәйкестігі тексерілді. Ал, Атырау қаласындағы 31 мекеме тексерілген болатын. Соның нәтижесінде 19 мемлекеттік рәміз (15 Ту, 4 стенд) талапқа сай болмай шықты. Құрманғазы, Мақат, Қызылқоға аудандарында жүргізілген тексеру нәтижесінде мемлекеттік рәміздердің стандартқа сәйкессіздігі анықталмады, – деді Г.Баделова.

Бір өкініштісі, аталған комиссия мүшелерінің басым көпшілігі тоқсанына бір рет өтетін жиынға өздері келмей, өкілдерін жіберуді ұйғарған. 

– Комиссия мүшелері өкілдерін жіберіп отыр екен. Сонда бүгінгі жиын маңызсыз болғаны ма? Мемлекеттік рәміздер мәселесіне осылай немқұрайлы көзқарас танытсақ, бұдан қандай нәтиже күтуге болады? Сондықтан, алдағы жиындарға үлкен жауапкершілікпен қарау керек, – деп, Шыңғыс Мұқан қатаң ескертті.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суретті  түсірген 

Ерлан  АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз