Құрбан айт – құтты мереке!

757575 Қоғам

Құрбандық шалу адамзат тарихымен бірге басталған үрдіс. Адамзаттың атасы адам атаның ұлдары Абыл мен Қабылдың арасында орын алған дау құрбандық беру арқылы шешілген. Біз мұны құран аяттары мен хадистерде баяндалған қиссалардан білеміз. Жалпы, Құран кәрімде құрбандық шалу оқиғалары туралы бірнеше жерде айтылған.

Ниеттің маңызы Күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті саналатын Құрбан айт мерекесі кірген уақытта, айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Кəусар» сүресінде «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы жəне құрбандық шал» деп бұйырған. Құрбан шалу арқылы мұсылман баласы Аллаға жақындауды көздейді. Аллаға ең жақын құлдар – пайғамбарлар. Сондай ұлық пайғамбарлардың бірі – Ибраһим бабамыз. Құрбан шалу арқылы Жаратушыға жақындау ғұрпы сол кісімен байланыстырылады. Əрине, ниет Жаратушының бұйрығын орындау болуы керек. Əйтпесе, Құранда айтылғандай, құрбандыққа шалынған малдың еті, не қаны емес, Аллаға тек ниет жетеді. Хадистерге де қарасақ, барлық істің түпкі ниетке байланысты бағаланатыны айтылады. Олай болса, шынайы мұсылмандар Жаратушының əмірін қалт етпей, пайғамбарлардың жүрген жолымен жүреді. Ынталы кейіпте, құлшылық ниетімен өзіне тиесілі бұйрықтарды орындайды. Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Менің жəне жағдайы жоқ үмбетімнің атынан» деп екі мал шалатын.

Қандай мал таңдалады?

Жалпы, құрбандыққа мал таңдау кезінде-ақ, адамның шариғатқа білімділігі, тақуалығы көрініс табады. Себебі, шариғатта таңдалған малдың сау, мінсіз болуы талап етіледі. Көзі көрмейтін, бір көзі жоқ, ақсақ, тым арық, тістері жоқ, құлағы кесілген, желіні кепкен, құйрығы немесе құлағының үштен бір бөлігінен көбі кесілген малды құрбандыққа шалу дұрыс емес.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Төрт мал құрбандыққа жарамайды: қылилығы айқын, ауруы анық, ақсақтығы мəлім, жілік майы таусылған (тым арық) малдар» деген. Мүйізі жоқ немесе мүйізі сынған, құлағы жарылған немесе тесілген малды құрбандыққа шалуға болады. Ал, піштірілген малды құрбандыққа шалады. Ондай малдың еті мол əрі дəмі тəтті болады жəне ол айып болып есептелмейді. Сатып алған құрбандық малы айыпты болып қалса, оны сау малға ауыстырады. Малды бауыздайтын кезде не бауыздау себебімен көзін шұқып алса немесе союға апара жатып аяғын сындырып алса, оның оқасы жоқ. Құрбандыққа əдетте қой, ешкі, ірі қара немесе түйе шалынады. Малдың еркегі де, ұрғашысы да жарамды. Қой мен ешкі бір адамның атынан бауыздалады. Бір адам екі қой бауыздаса, екеуі де құрбандық болады жəне екі құрбандықтың сауабын алады. Ал, түйе мен ірі қараны жеті адамға дейін бірлесіп шалуға болады. Ескерте кетерлігі, жеті адамның да ниеті құрбандық шалу немесе етін садақа ету болу керек. Қой мен ешкі бір жасқа жетуі керек. Үлкендігі бір жасар қойға ұқсас алты айға толған семіз əрі ірі қойды да құрбандыққа шалуға рұқсат етіледі. Ал, ірі қара екі жасқа, түйе бес жасқа толуы шарт.

5757

Құрбан шалудың даналығы

Өмірде жақсы ниетпен жасалған кез-келген істің сауабы бар. Қасиетті Құранға қарасақ, зəредей жақсылықтың да, жамандықтың да қайтарымы болатыны ескертілген. Сол себепті ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с) үмбетін жақсылық сүйгіш, ізгілікке құмар болуға, əрбірі сауапты ісімен Жаратушыға жағуға тырысуға үндеген. Құрбан шалудың да сауапты іс екенін түсіндірген. Сахабалары сауабы қандай болатынын сұрағанда, шалынған малдың əрбір қылшығына сауап жазылатынын аңдатқан. Мұсылман адам бəріне тек осы өмірдің өлшемдерімен ғана қарамасы анық. Алдымызда Ұлы Есеп күні бар. Қылкөпірден өтерде де осы дүниеде шалынған құрбандықтардың пайдасын əркімнің көретіні хадистерде айтылады.

Әлем ізгілікке мұқтаж

Бүгінгі əлем ізгілікке, қайырымдылыққа мұқтаж. Исламофобияның арынын бəсеңдету үшін де мұсылмандар қоғамға қайырымдылық істерін көп жасауы қажет-ақ. Ол исламның шынайы келбетін таныту үшін де маңызды. Дініміз қоғамдағы жоқ-жітіктерге, кедейкепшік, көмекке, қолдауға мұқтаж жандарға əрдайым қарайласуға шақырады. Əсіресе, дағдарысты, алды болжаусыз қазіргі əлем жағдайында қайырымды істердің маңызы тіптен артып отыр.

Қоғамда қарақан басының жағдайын ғана күйттеушілік датталып жатса, көптің, елдің игілігіне жүгіріп қызмет еткен азаматтар мақталып жатқанын əркім-ақ көріп отыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да біраз игілікті істерге ұйытқы болып келеді. Атырау өңірінен біз де ортақ мақсатқа қолымыздан келгенше үлес қосуға құлшынып жүрміз. Ылайым еліміз аман , жұртымыз тыныш болса екен! Құрбандық шалған ағайынның ниеті қабыл болып, Алла Тағала көпке берекелі тыныш өмір сүруді жазсын деп тілейміз.

Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ,

Атырау облысының Бас имамы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз