АДАСТЫРМАС АРМАН БОЛСА СЕРІГІМ…
Бақытгүл Әміржанқызы БАБАШ – 1981 жылы 17 ақпанда Атырау облысы Құрманғазы ауданында дүниеге келген.
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің гуманитарлық факультетін, аспирантураны бітірген.
IX Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің Гран-При иегері. Халықаралық, республикалық мүшәйралардың, «Алтын қалам», «Үркер-үміт» әдеби байқауларының жүлдегері.
«Сағыныш қалды көзімде» атты жыр жинағы мен үнтаспаның авторы.
Біз төменде ақынның жаңа кітапқа енген жырларының бір тобын жариялап отырмыз.
Ата жауға алтын басын имеген,
Айдынында ақ шағала билеген.
Айбыны боп тұлпар тектес ұлдары,
Ар-намысын бермеген,
Атырауым,
Сенің махаббатыңнан
Бүрін жарған бір тал гүлің едім мен,
Егіз емген ерке Жайық-Еділден.
Құм шағылы көрінетін лағылдай,
Нарын менен менің Қошалағымдай,
Мекен жоқ деп жер бетінде аялы,
Құсни-көңіл алақанын жаяды:
Сенің бағың озса деп!
Бар ұланың Айға қолын созса деп!
Адастырмас арман болса серігім,
Жанды неге жүдетеді жегі мұң?
Асан Қайғы арман қылып аттанған
Жерұйықтың өзінде отыр ел бүгін!
Мұнайы бар – күллі әлемді қаратқан.
Шырайы бар – күліп атқан абат таң.
Ақыны бар – Әнұран боп әуелер,
Батыры бар – жігер берген Жаратқан!
Атырауым,
Жалғыз тілек мендегі –
Осы асқақ қалпыңда,
Жасындай боп жарқыра,
Жасындай боп жарқыра!!!
**
«Кетіп ем сол даладан шыбық мініп,
Оралдым бір талаптың қанатымен».
(Жұмекен Нәжімеденов)
Арманымды алқа қып қанатына талаптың,
Мен де алысқа аттанғам осы керім өлкеден.
Жыр деп қана жабығып…
Жалғандығын жалғанның жазған басым жаңа ұғып,
Дүниеден дерт емгем.
Ей, Қошалақ, киелім!
Жүрегімді қолыма ап,
Сенің топырағыңның табына ыстық өртенген,
Келдім бүгін, кешірші!
Ессізің ем, еркең ем!
Елден алыс қонудың қасіретін аңдамай,
Тек сені аңсап атырған тақсыретті таңдар-ай!
Шағылыңда қалған сол балалықтың елесін,
Қайта-қайта көзіме неге әкеле бересің?
Сағыныштың аралы мекен болған қызыңмын,
Ізгілікке жалғар ем үмітімнің үзігін,
Алданбасқа алданып, текке елітіп күліппін,
Мына әлемде бәрі де сендей кең деп жүріппін!
Мына әлемде бәрінде сендей мейір болса егер,
Мына әлемде бәрінде сендей пейіл болса егер,
Жердің бетін алар ем жәннат қылып, жұмақ қып!
Бәсі бөлек, бекзат бір бақытыма тұрақ қып!
Ей, Қошалақ, киелім!
«Қанішкен» деп бізді де ел, безей берсін тілдерін!
Сенен артық мекенді мен сірә да білмедім!
Бақ-сорыммен, барыммен,
Бойдағы асау қаныммен,
Жалындаған жүрекпен,
Ақ уыздай тілекпен,
Саған басымды иемін!
Сені шексіз сүйемін!
***
Табылар ма жан емі?
Егесі көп жалғанның жебесіне ілінген?
Бергеніне Тәңірдің тәуба десем бүгін мен?
Күйін кешіп ғаріптің қалып қойған жағада,
Мен бір сынық қанаты сыңары жоқ шағала.
Өксігі көп өмірге несіне өкпе қиямын?
Он сегіз мың ғаламды жанарыма жиямын.
Мойыныма бұршақ сап Құбылаға қараймын,
Арасынан ақ бұлттың Күн төккенде арайын.
О, сәулелі алтын Күн, айналайын, Жарығым!
Қарашықтан қоңыр мұң кетпей қойды, нағылдым?
Ғайыбана ғұмырым! Шырқау шыңға ұшсам бір!
Алқаракөк аспанды алты айналып құшсам бір!
Айға ұмтылған арманым қайғы әкелді-ау, қайтейін?
Жай отынан қалған мұң жанды өртеді-ау, қайтейін?
Құндақтап ап құсамды, бәйіт айтса қара түн,
Қиялыммен ел кезем, сыздап сыңар қанатым.
Көзі ғана сөйлейтін шағаламын – айыбым.
Ғазалымды ғаламға жеткізер ме ең, шайырым?
Ақ арманды Ай тербеп, алдамшы Үміт арбаса,
…Біз, шерлілер, қайтер ек, өмірде Өлең болмаса???
**
Әлі ештеңе білмеймін өзің жайлы.
Бір көрдім де, боп кетті төзім қайғы.
Сенің мөлдір көзіңе өлең жазып,
Сырымды айтқым келеді терең, нәзік.
Кешірімді кейбіреу кек дейтінін,
Бәрімізге бір жылу жетпейтінін;
Төгілгенде жыр болып дәптерге арың,
Туғаның да түсінбес сәттер барын;
Сезімімді сынаған кезбе күнді,
Саған дейін жылаған кездерімді;
Дүниенің кеңдігін, тарлығын да,
(Өмір деген не өзі, зарлы ұғым ба?)
Шаттығымды, шерімді, тәтті мұңды,
Біз екеуміз кезіккен сәтті күнді.
Ойым онға, бөлініп санам мыңға,
Жазғым келді тұнса да жанар мұңға.
Көзәйнегім сыртында Күн күледі,
Көремін бе сені енді, кім біледі?
Жан-жүректі сұп-суық тастай қарып,
Кетті бәрі бір тамшы жасқа айналып…
***
Шер шарабын үнсіз ішіп отырмыз.
Зағип жігіт, соқыр қыз.
Қабылдаудан басқа амал жоқ қатал тағдыр кесімін.
— Танысайық.
— Жалғыздық- деп күбірледім, — есімім.
— Біз ғана ма жаны жалқы жаралған?
— Он сегіз мың… Әлде он жеті, білмедім?
— Қандай қайғы шығады деп тағы алдан,
Өзіңді ойлап…
— Өзіңді ойлап неше түн көз ілмедім…
Шулы шаһар кекесінмен қарады,
Жүдетпесе, жалған, шіркін, жалған ба?
Көз алдымда ғұмыр көшіп барады,
Күліп қарап кеудемдегі арманға.
..Шер шарабын үнсіз ішіп тарадық.
(Телефоннан төгіледі тағы мұң).
Екеумізде бір жақындық бары анық:
— Сағындым ғой!
— Мен де сені сағындым…
**
Бақытым сен демейді енді, уақыт емдемейді енді.
Қапыда кез болғаны сол, алтын да жез болғаны сол;
Әріме мұң тұнады, бәрі де ұмытылады,
Жылама, жүрегім менің!
Тағдырым талқан болса да, ар-мұңым ар-қандалса да,
Отына күйгенім еді, өртеніп сүйгенім еді.
Кеселге бұл шыдар Күз, кінәлі біз шығармыз,
Жылама, жүрегім менің!
Асқардан құламау үшін, басқаға жыр арнау үшін,
Түндігін көңіл түрер ме ед, қайтадан өмір сүрер ме ед…
Кешенің келмейтіні үшін, тек елес тербейтіні үшін,
Жылайық, жыласақ егер…
**
(Нұрболатқа)
Қол бұлғады бір арман, қол бұлғады мұнардан,
Шақырды да жиі үміт, шәйі көйлек киініп,
Бойтұмарым қолымда, ой мен тұман жолымда,
Кетіп едім алысқа, бата беріп ауылым.
Бір төбенің басында, тарғыл төбет қасыңда,
Сен қалып ең, бауырым!
Сағым болып серігім, тағым болып пері-күн,
Адасқанмын! Есімде…
Шаһар кезіп шаттанып, думанға еріп ұзадым,
Сен қалдың сол ескі үйде, тірлік болып тұзағың.
Шопан ата таяғы досың еді елсізде.
Жапандағы жалғыз үй жабырқайтын менсіз тек.
Жан серігің домбыра, ол да мұңлы болды ма,
Арашалап алуға апармады жол мына!
Сезінбедім әкенің тым ертерек кеткенін,
Бар-жоғымды түгендеп жүретінсің тек менің.
Кешір! Талай түндерде, қамалып ой-ор- манға,
Жалғызсырап жатқанда, ән сап жүрдім тойларда.
Ескі тонның етегі қиылғанша кидің сен.
Сонша азаптың ішіне қалай ғана сыйдың сен?
Сол кеткеннен оралмай, жанға пана бола алмай,
Алыстадым. Бал кезді ұрлады үміт, тонады ай.
Хабарыңды білуге босамадым көп достан.
Амалымды түгендеп, жеткізді ме көк аспан?
Өкінішін тізеді теңіз кешер тұста кім?
Өтті күндер кешегі, дала болып ұстазың.
Жырақ қонсам, айыбым емес шығар ол менің,
Көрге кеткен әжеммен, бір мейірге шөлдедім!
Құшақтауға бойым да жетпей қалды, құлыным!
Ауыл барып, ұлыңның иіскейінші тұлымын!