АЙДАНА АЙМАҚОВА, ЖАС МАМАН: «ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК АРҚАЛАҒАН ҰРПАҚПЫЗ»

- Егемендік жылы өмір есігін ашқан мен бақытты балалық шағымды отбасы ортасында алаңсыз өткіздім. Саналы жасымнан тәуелсіздік құр­дасы екенімді біліп, терең сезініп өстім.

 

Өйткені ата-анам бұл күн біздің ұлттық мерекеміз екенін түсіндіріп, кішкентайымнан өлкеміздің тарихи жерлерін аралатуға тырысатын. Мектепті ойда­ғыдай бітіріп, қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Қалалық, аудандық көлемде өткізілетін іс-шараларға, ғылыми олимпиадаларға, спорттық жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көріндім. Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары нәтиже көрсетіп, мемлекеттік грантқа ие болдым. Осының бәрі де тәуелсіздіктің, ынтымақтың арқасы деп білемін. Мұғалім қызметін қалап, қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінде жоғары білім алдым. Енді Махамбет ауданының білім саласын дамытуға үлес қосудамын.

Бүгінде тәуелсіздіктің жиырма үшінші белесіне көтеріліп отырған Қазақ­станның әлем алдындағы беделі биік, абыройы асқақ. Сондықтан біз, тәуелсіздік құрдастары ел ертеңі үшін, Қазақстан тәуелсіздігінің тұғыры берік болуы жолында қайтарымды еңбек етуге, өз ісіміздің маманы болуға талаптануымыз керек. Бойымызға Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді сіңіре отырып, тәуелсіздіктің мәртебесін көтеретін тың істерге атсалысу ғана біздің өміріміздің мәні болуы қажет. Егемендіктің жасампаз көріністері қоғамдық өміріміздің қай саласында да өзіндік айшығымен айқын аңғарылуда. Міне, осы жасампаздық жолды жалғастыруға біздер дайынбыз ба деген сауал әрбір жасты толғандыруы тиіс.

Елбасы «Тәуелсіздіктің – өмірлік философиясы қандай болуы қажет деген сауалды мен өзіме сәт сайын қоямын. Осы жайлы ой орамдарын қағазға түсіріп, «Тәуелсіздік толғауы» деп атадым. Ол азат еліміздің күллі азаматтарына, жалынды жастарға, бүгінгі буынның ерен істерін лайықты жалғастыратын ертеңгі ұрпаққа арналады» деді. Бұдан артық бізге қандай сенім артылмақ, нендей жауапкершілік жүктелмек. Демек, біз осы үрдістен шыға білуіміз керек.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз