Атырау спортында серпіліс бар

IMG 7840 06 04 17 06 42 Жаңалықтар

Облыста спорт саласы жылдан-жылға қарқынды дамып келеді. Соның нәтижесінде спортпен шұғылданушылар саны да өсуде. Бүгінгі күні облыс халқының 25,9 пайызы спортты жанына серік етеді. Ал, өткен жылы спортшыларымыз жалпы алғанда 394 түрлі дәрежедегі медальға ие болды. Соның ішінде облыс қоржынына тұңғыш рет Олимпиада алтынын салған Ниджат Рахимов та бар. Бұл жөнінде өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет мәлімдеді. Баспасөз конференциясында басқарма басшысы өткен және ағымдағы жылдың үш айының қорытындысын баяндап, қойған сауалдарымызға да жауап берді.

IMG_7840-06-04-17-06-42

– Азамат Бауыржанұлы, саланың дамуына тікелей ықпал ететін фактор – инфрақұрылымның дамуы. Осы мақсатта аймақта қандай шаралар атқарылып жатыр?

– Өткен жылы Атырау қаласының «Нұрсая» мөлтекауданында орналасқан теннис орталығы пайдалануға берілді. Сонымен қатар, жекеменшік бассейндер құрылыстары аяқталып, қызмет көрсетуде.         Құрманғазы ауданының Шортанбай, Байда елді мекендеріндегі спорт кешендерінің техникалық ашылу рәсімдері өтті. Атырау қаласына қарасты Ақжар және Қызылбалық елді мекендерінде жедел конструкциялы спорт кешендерінің құрылыстары бітті. Қазіргі таңда аймақта спорттық нысандар саны 984-ке жетті.

– Теннис корты демекші, нысан өткен жылы ашылғанымен, әлі күнге дейін жұмысын бастаған жоқ. Себебі неде?

– Бұл нысан өткен жылдың желтоқсан айында салтанатты түрде ашылған еді. Алайда, қазір тиісті рәсімдер жүргізілуде. Бір айдай уақыттан кейін облыстық басқарма балансына толығымен беріледі.

– Атыраулық жанкүйерлерді толғандырып отырған басты мәселе – Қазақстан футбол федерациясы шешімімен «Атырау» футбол командасынан тоғыз ұпайдың алынып тасталуы. Клуб басшылығы, облыстық әкімдік бұл шешімнің қателігін дәлелдеу үшін қандай да бір шаралар алды ма? Өйткені, мұнайлы өлке командасы үшін ел біріншілігінде бақ сынаудың мәні кетіп бара жатқан сыңайлы.

– Иә, мұндай проблема бар. Оның басты себебі 2012 жылдан бергі жинақталған қарыздан туындап отыр. Бұл шешім УЕФА-дан келіп түсті. Оған қатысты біздің де кінәрат-талабымыз бар. Мұнда мәселенің барлығы республикалық федерация шешімінде көрсетілгендей емес. Сондықтан, біз заңгерлермен, адвокаттармен келісім-шарт жасақтасып, олар халықаралық сотта біздің құқығымызды қорғамақ.

Әрине, бұл – өте өкінішті жағдай. Команданың жігеріне, ойын нәтижесіне де кері әсер етіп отырғанын жақсы түсінеміз. Сондықтан, біз қолды қусырып отырмай, ұпайларды кері алу үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырудамыз.

– «Атырау» командасы өздеріне бөлінген 2 миллиард теңгені қаншалықты ақтап отыр? Спортшы, әрі маман ретінде пікіріңізбен бөліссеңіз.

– Футбол – әдемдегі №1 спорт түрі. Сондықтан, футбол қай кезде де керек. Әсіресе, балалардың денсаулықтарын қалыптастыру, дамыту үшін аса маңызды.

– Кезінде Атыраудың атын бүкіл Кеңес Одағына танытқан байдарка мен каноэда ескек есу спортын қалай жандандырамыз?  

– Атыраудың байдарка спортының тарихы тереңде жатыр. Аталған спорт түрінің шығуы осы өңірімізден басталды десек те артық емес. Тарихты түгендеу мақсатында қазіргі таңда барлық мүмкіндіктер қарастырылуда. Қыс мезгілінде жаттығуларды үзбеу үшін ескекшілеріміз Ташкенттегі жиындарда болды. Бұл – олимпиадалық спорт түрі. Сондықтан, қолда барды жоғалтып алмауымыз керек. Бұл мәселе күн тәртібінен түспейді.

– Велоспорт ше?

– Велоспорт та Атырауға таңсық емес. Ағымдағы жылы спорттың осы түрімен шұғылданушылар үшін бөлімше ашқалы отырмыз. Сонымен қатар, көктем және күз айларында веложарыстар ұйымдастырамыз.

– Каратэ олимпиадалық спорт түрлеріне енді. Соған орай  2020 жылы Токиода өтетін Олимпиадаға атыраулық каратэшілердің жолдама алуына қандай жұмыстар жасалуда?

– Бұл спорт түрімен шұғылдану балалар және жасөспірімдер мектебімен ғана шектеліп қалмай, ересектерге де жаттығуға мүмкіндік жасау үшін жоғары спорт шеберлігі мектебі базасында каратэ тобы ашылды.  Олимп төрінде Атыраудың, Қазақстанның абыройын асқақтатады деген үміт күттірер жастарымыз көп. Үш жылдан соң өтетін Олимпиадада атыраулық каратэшілер жарыс жолына шығып қалады деген сеніміміз де мол.

– Ұлттық спорт түрлеріне келсек. Мәселен, көкпардан облыс командасы шабандоздарының тоқсан пайызы – өзге өңірлерден шақырылғандар. Жергілікті жерден шабандоздарды тарту мүмкін болмай отыр ма?   

– Көкпар – Атыраудағы жас спорт түрі. Расымен де, команданың тоқсан пайызын біз басқа өңірден шақыртып алдық. Себебі – жергілікті жастарға үлгі ету, тарту, жол көрсету. Атқа мінген әр адам – шабандоз емес. Олардың жаттығуына да көп уақыт керек. Өзге өңірден немесе елден жаттықтырушы, ойыншы тарту – жергілікті жердегі бапкерлерге, ойыншыларға мол әдіс ретінде тәжірибеде қолданылады.

Айта кетсек, ат спорты түрлері бойынша спорттық клубта құсбегі, жамбы ату, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, аламан бәйге, жорға секциялары дамытылуда. Спорт мектептерінде тоғызқұмалақ, қазақша күрес секциялары да жұмыс жасайды.

Ұлттық спорт түрлері бойынша облыс спортшылары түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Өткен жылы жергілікті спортшылардан жаппай көкпар ұйымдастырғанбыз. Ал, биыл «Қансонар-2017» жарысы жоғары деңгейде өтті.  Қазан айында жаппай көкпар, аламан, топ бәйге бойынша және жамбы атудан республикалық деңгейде жарыстар өткізіледі деп жоспарлануда. Басты мақсат – атыраулық спортшылардан команда құру.

– Осыдан бірер жыл бұрын Атырауда жабық футбол манежын салу жөнінде бастама көтерілген болатын. Кейін әңгіме жабылып қалды. Бұл жоба жүзеге асса, футбол орталығының тәрбиеленушілері қыс мезгілінде жаттығуларын үзбеуге көп септігін тигізер еді.

– Мұндай жоспарымыз бар. Қазір жобаны қарастырып жатырмыз. Алдағы уақытта толық ақпаратты хабарлайтын боламыз.

– Атырауда дарынды спортшыларға арналған интернат бой көтергелі жатыр. Мұнда кімдер тәрбиеленеді?

– Қазір жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, тамыз айында қолымызға тиеді. Үш жүз орынға негізделген нысанның құрылысы осы жылы басталады. Соның ішінде жатақханасы бар екі жүз орын ауданнан келген спортшыларға арналып отыр. Ал, қалған 100 орында атыраулық балалар жаттыға алады. Базада барлық спортпен кәсіби тұрғыда айналысуға мүмкіндік болады. Болашақта ол чемпиондар ордасы болады деген сенімдеміз.

– Ал, балаларды кімдер жаттықтырады?

– Ең алдымен, жергілікті жаттықтырушыларды қарастырамыз. Қажет болған жағдайда өзге аймақтар мен елдерден де мамандар шақыртуымыз мүмкін. Бұл орайда бапкердің біліктілігіне аса мән бермекпіз. Өйткені, бұл интернатта біз олимпиада резервтерін дайындауды мақсат етіп отырмыз. Сондықтан, бапкерге де көп нәрсе байланысты.

– Әңгімеңізге рахмет!

Айгүл ЕРТІЛЕУ

 Ойып беруге:

ҚАНДАЙ ЖАРЫСТАР ӨТЕДІ?

– Атырауда таэквондодан тұңғыш рет Азия чемпионаты (19-21 сәуір);

– еркін, грек-рим күресі, әйелдер күресінен ҚР-ның жастар ойындары (5-10 сәуір);

– бокстан Исатай-Махамбет атындағы халықаралық жарыс (25-30сәуір);

– «Атырау» марафоны (6 мамыр).

– тоғызқұмалақтан 20 жасқа дейінгі жастар арасында ҚР-ның кубогі (15-22 мамыр);

             – джиу-джитсудан ҚР-ның жастар ойындары (19-22 мамыр);

– «Ақбидай» ауыл спорты ойындарының облыстық спартакиадасы (шілде-тамыз);

– Мүгедек спортшылар арасындағы Қазақстан Республикасының спартакиадасы (қыркүйек);

– 23 жасқа дейінгі жастар арасында дзюдодан ҚР-ның чемпионаты (шілде).

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз