
Түлектер 45 жылдан кейін жүздесті
Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының 1979 жылғы түлектері кездесті. Олар 45 жылдықтарын Атырау қаласында атап өтуде. Басқосуға республиканың бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев те келді. Оған қоса, жоғары оқу орнын сол жылы тәмамдаған 60 шақты дәрігер арнайы келіп, жүздесуде.

– Жолдастарымызбен кездескенімізге қуаныштымыз. Бір-бірімізді танып та жатамыз, кейбірін танымай қалдық. Бәріңіз де аман болыңыздар! Бейнеттің зейнетін көріңіздер, бала-шағаның қызығына бөлене беріңіздер, — деп түлек, терапевт-дәрігер Жәния Сарбалина ақжарма тілегін білдірді.

Бұған дейінгі мерейлі жылдарды Ақтөбе қаласында өткізіп келген олар енді еліміздің басқа да қалаларында бас қосуды жөн санапты. Биыл Атырау қаласының тарихи орындарын аралап, көрнекі жерімен танысып, үлкен дастарханда бас қоспақ.

Айта кетейік, шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев пен облыстық аурухананың директоры Ербол Иманғалиев қатысып, зейнет жасындағы профессор-дәрігерлерді мерейлі 45 жылдықтарымен құттықтап, олардың ақ халатты абзал жандарға үлгі болған ерен еңбектеріне алғыс айтты.

Малика ТӘКЕЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ