«Фельдшердің бет-әлпеті ұнамайды» деп «жедел жәрдемнің» басқа бригадасын шақыратындар да бар…

prararpa Жаңалықтар

Дерті дендеп, өзін жайсыз сезінген жан «жедел жәрдем» қызметіне жүгінеді. Сала қызметкерлері дереу науқасқа жетіп, алғашқы медициналық көмек көрсетуі қажет. Облыстағы аталған қызмет осы талаптың үдесінен шығып отыр ма? «103» жүйесін ұйымдастыруда қандай жаңашылдықтар бар? Осы сауалдар аясында облыстық жедел жәрдем стансасында болып, бүгінгі тынысымен танысып қайттық.

Автокөлікпен қамту – 100 пайыз

Облыстық жедел жәрдем стансасының директоры Бауыржан Төлегеннің айтуынша, қазір жедел жәрдем қызметін көрсететін 93 автокөлік бар. Оның 46-сы биыл әкелінген. Жуырда жеткізілген 18 көліктің 12-сі аудандарға жіберіледі. Бірінші кезекте шалғайдағы

Қызылқоға ауданына – 2, Құрманғазыға – 3, Жылыойға 2 көлік бөлінеді. Қалғаны басқа аудандарға біртіндеп берілмекші. Бұған дейін Құрманғазыдағы Балқұдық, Сүйіндік, Исатайдағы Айбас, Мыңтөбе секілді шалғай елді мекендер жедел жәрдем қызметіне зәру болатын. Бұл мәселе бүгінде шешімін тапты ма?

– Негізінен тұрғылықты 10 мың адамға 1 бригада қызмет етуі тиіс. Осы бағытта Құрманғазыда 3 бригада жұмыс жасауда. Оның 2-еуі тәулік бойы қызмет етсе, 1-еуі түнгі уақытта жұмысқа қосылады. Бұған кеште шақыртулардың көбеюі себепші. Алыстағы ауылдарға біздің автокөліктер бара алмайды. Себебі, жедел жәрдемнің қызмет көрсету аясы 25 шақырымнан аспауы тиіс. Құрманғазы мен Балқұдықтың арасы 250 шақырым, оның үстіне құмды жер. Мұнда 10 мың адам тұрмайды. Екі ауылдың арасы – 10-15 шақырым.

Бірақ, осындай аймақтардан түскен І, ІІ, ІІІ санатты шақыртуларға бару жөнінде биыл аудандық орталық ауруха-намен келісім-шарт жасалды. Бұл қызмет үшін біз орталық ауруханаға шақыртудың сағатына байланысты ақысын төлейміз. Елді мекендердегі медициналық пункт мамандары шақыртуға барып, науқасты аудан орталығына жеткізіп береді. Егер науқастың сырқаты ауыр болса, міндетті түрде санавиация жіберіледі, – деді Бауыржан Дүйсебайұлы.

«112»: жаңа жүйенің тиімділігі неде?

Биыл облыста орталықтандырылған «112» бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі іске қосылды. Мұнда полиция, төтенше жағдайлар қызметінің маманда-рымен қатар, жедел жәрдем стансасының дәрігерлері – кардиолог, терапевт, невро-патолог, педиатрлар да ауысыммен тәулік бойы жұмыс жасайды. Бұл жүйенің ең ба-сты тиімділігі, сала мамандары шақыртуға бармай-ақ телефон арқылы шұғыл кеңес бере алады.

– Жуырда Атырау қаласының Дамбы ауылында сәбидің тиын жұтып қойып, тұншығуына байланысты «112»-ге шағым түсті. Біздің дәрігерлер желіде болып, жедел жәрдем барғанша баланы аман алып қалу үшін ата-анасына қандай әрекет жасау қажеттігін түсіндіріп, кеңес беріп отырды. Сөйтіп, өміріне қауіп төнген бала аман қалды, – деді Б.Төлеген.

Бұдан басқа, осы жүйе науқастың жағдайына байланысты шақыртуға қанша дәрігер мен фельдшер, басқа да сала мамандарының бару-бармауы жөнінде шұғыл шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Бет-әлпеті ұнамайды…

Әлеуметтік желілерде ауыл, аудан тұрғындары «жедел жәрдем» қызметінің кешігіп келетіндігін, байланыс жүйелерінің сапасыздығын айтып, шағымданып жатады. Осыған орай қойылған сауалымызға мекеме директоры қазір «103» қызметіне негізсіз жүгініп, шағым жасаушылардың да барын айтты.

– Мәселен, жуырда Атырау қаласындағы Геолог елді мекенінен шақырту түсіп, оған бригада уақытында барды. Дегенмен, сәлден соң жедел жәрдем шақыртқан тұрғын қайта хабарласып, наразылығын білдірді. Біз дереу мәселенің мән-жайын анықтауға кірістік. Байқасақ, алғашқы медициналық көмек тиісті талаптар бойынша көрсетіле бастаған. Алайда, әлгі апай «фельдшердің маған түрі, бет-әлпеті ұнамайды. Басқа бригаданы жіберіңдер» деп талап қойды. Сол күні осы тұрғын екі рет шақырту жасап, өзінің қалаған бригадасын жіберуді сұрады. Иә, біздің қызметімізде осындай келеңсіз көріністер де кездеседі. Ал, мұндай жағдай біздің жұмысымызға кедергі. Өйткені, соның кесірінен «жедел жәрдем» көмекке шын мұқтаж жандарға жете алмай жатады, – деді сұхбаттасушымыз.

Қазір бригада жұмысы «Көмек» бағдарламасы арқылы жүргізіледі. Мұнда бригаданың шақыртуды қабылдаған, науқасқа жеткен, ауруханаға тасымалдаған және босаған уақыты көрініп тұрады.

«Аудандарда қазір тәулігіне түсетін қоңырау саны 10-нан аспайды. Мұны 17 бригада өз аумағына сәйкес еш қиындықсыз атқарып отыр. Ал, Атырау қаласында 25 бригада бар. Қала аумағының күн санап ұлғаюына байланысты шақыртуларға 1-1,5 минут кешігіп жету деректері кездеседі. Сондықтан, біз жуырда тағы 2 бригаданы іске қосамыз. Бұл жұмыс жүзеге асқанда «жедел жәрдем» шақыртылған жерге дереу жетеді деп жоспарлап отырмыз. Өйткені, қазір автокөліктер жеткілікті» деді Б.Төлеген.

Фельдшер бейнебақылаумен қамтылады

Сала мамандарының қызмет көрсету сапасы – ерекше назарда. Түскен шағымдар бойынша да күн сайын жұмыс жүргізілуде. Бригада дәрігерлері мен фельдершерлері арасында, әрине, айырмашылық болады. – Дәрігер біліктілігі жоғары болғандықтан өз қызметін мінсіз атқара алады. Ал, фельдшерлер кейбір жағдайда қателіктерге жол беруі мүмкін. Ал, мұның алдын алу үшін олардың біліктілігін арттыруға басым назар аударамыз.

Алдағы уақытта бригада мүшелерінің науқасқа көрсеткен қызметін, жұмыс барысында тұрғындар мен сала қызметкерлерінің бір-біріне қарым-қатынасын тікелей қадағалау үшін әрбір фельдшер полицейлер секілді бейнебақылау камерасымен қамтылады. Бұл құрылғыны алу үшін жергілікті құзырлы орынға тапсырыс берілді, – деді мекеме басшысы.

Екінші толқынға дайындық

Коронавируске қарсы күрестің бірінші толқынында біраз қиындықтың болғаны рас. Пациентпен ең алғаш бетпе-бет келіп, тікелей байланыс орнататын – «жедел жәрдем». Бұл адам саулығына қауіп төндірсе де, мұндағы жұмыс үздіксіз ұйымдастырылды.

– Қазір жедел жәрдем стансасының қоймасы бір және көп реттік қажетті қорғаныш костюмдерімен, антисептик және дәрі-дәрмекпен қамтылды. Мұнда 2 айға жететін қор бар. Қазір коронави-руске қарсы 2 арнайы бригада қызмет етуде. Олар шақыртуға барғаннан кейін ғимараттың ішіне кірмей, қорғаныш құралдарын сырттан шешеді.

Мұның бәрі қауіпсіздік мақсатында жасалып жатқан шаралар. Өйткені, пандемияның бірінші толқынында бұл салада да қайғылы жағдай орын алды. Бір әріптесіміз вирус жұқтырып, қайтыс болды. Тиісті заңдылық бойынша марқұмның отбасына 10 млн. теңге қаржы төленді. 40 қызметкер коронавирус инфекциясын жұқтырып, емделді. Олардың 38-іне 2 млн. теңге қаржы төленді. 2 қызметкерге комиссия жұмысының сарап-тау нәтижесі бойынша қаржы берілген жоқ. Ал, жасаған қызметінің уақытына қарай бригада мүшелерінің барлығына үстемеақы төленді, – деді станса директоры.

Пандемия басталып, эпидемиологиялық ахуал ушыққан сәтте «жедел жәрдем» қызметіне тәулігіне 1 300-ге дейін шақырту түсті. Ал, қазір қоңыраулар саны 650-700-ге дейін қысқарды.

Жаңа типті ғимарат салынса…

Адам өміріндегі басты құндылық – денсаулық. Ал, оның күзетінде жүрген сала қызметкерлерінің жауапкершілігі пандемия кезінде бұрынғыдан әлдеқайда артты. Ауыр жұмыс, күйзеліс, отба-сымен қауыша алмау – мұның бәрі оңай сынақ емес. Осынау жұмыстың қиындығына қарамай, үрейге бой ал-дырмай тәулік бойы қызмет етіп жатқан «жедел жәрдем» қызметіне жаңа типті ғимараттың қажеттілігі туындады. – Атырау облыстық «жедел жәрдем» стансасына жаңа ғимарат салу жоспарланған. Бұған дейін бұл жұмыстарды түрік компаниясының біріне жүктеу туралы айтылды. Ақтөбе облы-сында осы қызметті атқарған компания жұмысында бір жылдан кейін бірақатар мәселе туындай бастады. Мұндай олқылық бізде де орын алмауы үшін жаңа ғимараттың жұмысын жергілікті атқарушы билік қолға алса деген ұсынысымыз бар. Өйткені, «жедел жәрдем» стансасы-на қатысты жұмысты өзге емес, өзіміз атқаратын болсақ, әлдеқайда тиімді бола-ды. Автокөліктерді жөндеу жұмыстарын да өзіміз қолға алар едік, – деді мекеме директоры.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

  • Оның ішінде көмек көрсетілген науқастар – 201
  • Биыл санавиацияға түскен шақырту саны – 183
  • Жедел жәрдемге түскен шақыртулар – 249 641
  • Оның ішінде бригада қызмет көрсеткені – 213 103
  • Қалған қоңырауға емхана жанындағы бригадалар көмек көрсетіп,«112» байланыс жүйесінің дәрігерлері кеңес берді
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз