Тұмаудың тұтқыны болма!

2017012509425351926 shutterstock 64485970 Медицина

Қазір тұрғындар арасындағы тұмау адамның жасына қарамастан белең алуда. Өйткені, ауа райы салқындап, аурудың эпидемиялық науқаны басталды. Бұл ретте дәрігерлер биылғы қазаннан бастап келер жылдың мамырына дейін созылатын жіті респираторлық вирустық инфекцияға  немқұрайлы қарамау қажеттігін айтады.

2017012509425351926_shutterstock_64485970

Мамандардың сөзінше, өткен эпидемиялық маусымда облыста ЖРВИ-дың 7782, оның ішінде тұмаудың зертханалық дәлелденген 74 жағдайы  тіркелді. Тұмау вирустарының белсенді айналымы былтыр қаңтардың басында анықталды. Ал, тұмауға оң сынамалардың ең көп саны ақпанда тіркелді.

– Аймақта одан да басқа вирустар болды. Өткен маусымда барлығы  194 үлгі зерттелді, оның 38 пайызы оң нәтиже берді. Негізінен, риновирус, РС вирус, аденовирустық инфекция, парагрипп, инфекция анықталады. Тұмау инфекциясының дамуының бірқатар ерекшеліктері бар. Тұмаудың бірінші белгілері ағзаға түскен вирустың көлеміне, адамның иммундық жүйесінің жағдайына, вирустың типіне байланысты. Ауру инкубациялық кезеңнен басталады. Жұқтырудан бастап бірінші белгі пайда болғанға дейін бірнеше сағаттан үш-төрт күнге дейін өтеді, – дейді облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы Айнагүл Сәрсенғалиева.

Тұмаудың алдын алудың ең тиімді шарасы – вакцинация. Биыл жергілікті бюджет қаражатына Ресейде өндірілген «ГРИППОЛ+» вакцинасының 61613 дозасы алынды. Халықтың осал тобына жататындар эпидемиологиялық көрсетімдері бойынша тұмауға қарсы ақысыз түрде вакцинацияланады. «Одан басқа елімізде үш өндірушінің тұмауға қарсы тағы төрт вакцинасы тіркелді. Бұлар – «Ваксигрип» және «Ваксигрип Тетра» (Франция), «Инфлювак», (Нидерланды) және тұмауға қарсы вакцина (Қытай). Осал топқа кірмейтін әр адам өз қалауы бойынша ақылы түрде немесе жұмыс беруші есебінен облыстың мемлекеттік емханалары мен жеке клиникаларынан екпе алуға болады. Вакцинаның құны –2500 теңгеден бастап 3500 теңге аралығында» дейді А.Сәрсенғалиева.

Асылым Әли.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз