Жарнама
Медицина

СКРИНИНГТІК ТЕКСЕРІС ДЕРТТІҢ АЛДЫН АЛАДЫ

 

Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының тапсырысы бойынша әлеуметтік жобаларды іске асыру аясында «Жандос» қоры өңір тұрғындарының скринингтік тексерістен өтуі туралы шара өткізді. Оған қала, аудандар мен облыстың емдеу орындарының дәрігерлері қатысты.

Шараны ашып жүргізген облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Гүлнәр Мамбетова облыс тұрғындарын скринингтік тексеріспен қамту және орындалуы бойынша өткен сегіз айдағы атқарылған жұмыстарынан қысқаша ақпарат берді.

Бұдан әрі облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс эндокринолог-дәрігері Анна Чичабабина, облыстық кардиохирургия орталығы бас дәрігерінің орынбасары Сандуғаш Жұмағалиева, онкологиялық диспансердің дәрігері Айтуар Азамат, офтальмолог Әлия Олжатаева, «Дамбы» амбулаториялық емхананың бас дәрігері Ақкенже Мұстафина, «Жандос» қорының директоры Фархад Қуатов, өзге де емдеу мекемелерінің мамандары өз ұжымдарындағы скринингтік тексерудің жайы туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

Мамандардың айтуларынша, скринингтік тексеру  аурудың  бастапқы кезеңін айқындап, уақтылы ем қабылдауды,сауығып кетуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ, асқынуға, мүгедектікке және өлімге әкеліп соқтыратын аурудың күрделі түрінің дамуын тоқтатуға мүмкіндік береді.

Мәселен, 18 бен 64 жас аралығындағы адамдар қанындағы холестерин мен глюкозаның деңгейін анықтау үшін арнайы тексерілуге, кардиолог, эндокринолог, офтальмолог мамандардың қабылдауына жіберіледі. Мұндай зерттеулер арқылы  жүрек-қан тамыр ауруларын, қант диабетін, глаукоманы және оның қауіпті факторларын, гепатит пен инсульт, инфаркт, цирроз, бауыр ауруларын асқындырмай анықтауға болады. Бұл жүйенің қыз-келіншектер үшін де пайдасы мол. Әсіресе, орта жастағы әйелдерде жатыр мойнын цитологиялық зерттеуге және сүт бездерін маммографиялық тексеруден өткізуге барынша жағдай жасайды.

Жалпы, облыс бойынша өткен сегіз айда скринингтік тексеру 60 пайыздан кем болмауы тиіс болса да, бұл деңгейге көптеген емдеу орындары қол жеткізе алған жоқ. Атырау қаласында 68,4 пайыз болса, Жылыой, Махамбет, Мақат, Құрманғазы аудандары бұл көрсеткіштен төмен болып отыр. Тексеру барысында жүрек-қан тамырлары, әйелдер арасында жатыр мойны, сүт безі, сондай-ақ, қан құрамындағы қантты тексеру барысында аурушаңдықтың түрлері анықталған. Олар есепке алынып, емдеу шаралары жасалып жатыр. Ал, тоқ және тік ішектің қатерлі ісігін анықтауға қатысты тексеруден  26635 адамның 18508-і өтіп, 5 адам қауіпті ауруға шалдыққаны белгілі болды. Өңеш және асқазан ісік алды және қатерлі ісігін анықтауда тексерілген 6736 адамның 15-де ауру бары анықталған.

Алдағы 2015 жылдан бастап облыста алғаш рет ерлерді без обры, ас қорыту және асқазан, бауырдың қатерлі ісігі бойынша скринингтен өткізу көзделіп отыр. Әсіресе, асқынып, қатерлі ісікке апарып соқтыратын ауруларды емдегеннен гөрі, алдын алған тиімді болмақ. Сондықтан, облыстың барлық тұрғындары жыл сайын профилактикалық-медициналық тексеруден өтуі тиіс. Балалар педиатрия мамандарының тексеруінен, қан және несеп талдауларынан, ересектер терапевтің тексеруінен, әйелдер гинекологиялық және кеуде қуысының флюорографиялық тексерулерінен өткені жөн.

Өзінің болашағын, денсаулығын ойлаған әрбір азамат скринингтік тексеруден өтуге тиіс. Түсіне білген адамға, бұл — елдің денсаулығын нығайту мақсатында жасалып отырған зор мүмкіндік.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button