Өкпе дертінің алдын алуға бола ма?

МЕДИЦИНА Жаңалықтар

Туберкулез – ауа тамшылары арқылы жұғатын және aғзағa оның бактериялары түскенде дамитын, созылмалы жұқпалы дерт. Ауру қоздырғышы «кох таяқшасы» деп аталады.

ФОТО - МЕДИЦИНА

Дертті жетік емдеудің ең басты шарты – ауруды дер кезінде анықтау. Ол үшін тұрғындардың барлығы оның белгілері жайлы толық хабардар болулары керек және емханада флюорографиялық тексерістен өтуі маңызды. Жөтелдің екі аптадан аса уақытқа созылуы, қатты шаршау, әлсіздік, тәбеттің төмендеуі, дене салмағының азаюы, кеуде қуысының ауыруы, түнгі уақыттағы терлеу, дене қызуының көтерілуі – оның  ең алғашқы басты белгілері. Дегенмен, бұл белгілер тек туберкулез жағдайында ғана болмай, өзге де себептермен болуы мүмкін. Сондықтан, дәрігер толық тексергеннен кейін ғана сырқаттың бар-жоқтығын айқындай алады.

Ауру анықталса, науқас арнайы мамандандырылған туберкулезге қарсы күрес диспансерінде есепке алынып, емделеді. Емдеу мерзімі оның ағымы мен салдарына, науқастың өзіне және ағзасының қорғаушы күштеріне байланысты 6 айдан 33 айға дейін созылады. Оны емдеу екі кезеңде жүргізіледі. Біріншісі – қарқынды кезең 2-15 ай көлемінде стационарлық жағдайда жүргізіледі. Екіншісі – жалғастыру кезеңі 4-15 ай көлемінде амбулаториялық түрде өтеді. Науқас өзінің тұрақты мекен-жайына жақын орналасқан емханада арнайы тағайындалған медицина қызметкерінің бақылауында емін жалғастырады. Ауруға қарсы препараттарды қабылдауда жіберілген үзілістер немесе оларды мүлдем тоқтату – емнің  нәтижесіз болуына себепші. Осы аталған себептер туберкулездің созылмалы түрінің қалыптасуына әкеліп соғатындығымен қатар,  микробактериясының қарапайым сезімтал түрлерінің төзімді түріне алмасуының ең басты факторы. «Ден қойғанға ем қонады» дегендей, дерттен құлан-таза айығу науқастың өз қолында. Толық емдеу курсын қабылдағаннан кейін де науқас диспансерлік бақылауда болып, уақытылы тексерістен өтуі қажет. Науқастарға толық сауыққанға дейін мемлекет тарапынан бірқатар жағдай жасалуда. Емдеудің барлық курсы тегін жүргізіледі.

Аурудың алдын алудың екі бағыты бар. Біріншісі – туберкулезге қарсы БЦЖ вакцинасын егу және туберкулез инфекциясы жұққан балаларға химиопрофилактикалық ем жүргізу. Елімізде мұндай екпе перзентханаларда жаңадан дүниеге келген сау нәрестелерге жүргізіледі. Одан кейін қайта егу жұмыстары 6-7 жастағы балаларға салынады.  Алдымен, манту сынамасы жасалып,  туберкулез жұқпасы анықталмаған жағдайда жүргізіледі. Балалар арасында ауруды дер кезінде анықтау үшін және инфекцияның жұғу дәрежесінің қандай жағдайда екенін білу мақсатында туберкулин сынамасы мен Диаскентест әдісі қолданылады. Ол тек қауіпті топтағы балаларға ғана жасалады.

Екінші бағыт – санитарлы алдын алу. Туберкулез жұқпасының ең басты көзі — науқас пен оның бөлетін қақырығы. Сондықтан, оған шалдыққандар мен оның маңайындағы адамдар тазалық ережелерін сақтауы шарт. Бөлмені жиі-жиі желдетіп, ауа алмастырып, қолданатын ыдыс-аяғы, орамал-сүлгілері бөлек болуы керек. Мүмкіндігінше бөлмеде жиһаз, кілем-төсеніштер аз болып, еденді жиі жуып, шаңдарды дымқыл шүберекпен сүртіп отыру маңызды. Көрпе-жастығын, жүннен жасалған заттарын далаға шығарып, жел қақтырып, күн көзіне жайып алған жөн. Науқастың бөлмесі күнгей бетте орналасуы қажет.

Аталмыш сырқат адамдардың денсаулығына айтарлықтай  нұқсан келтіретін әлемде ең ауқымды таралған жұқпалы аурулар қатарына жататындықтан, бұл қоғамдық проблемаға айналды. Сондықтан, аурудың өршуіне әрбір адам жол бермей, денсаулыққа аса сақтықпен қарау маңызды.

 Гүлжанат  БЕКБОЛАТОВА,

облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері

директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары,

 дәрігер-фтизиатр.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз