АУРУДАН ҚОРҒАНУ АМАЛЫ – ИММУНДАУ

Облыстық аурухананың мәжіліс залында М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық академиясының ғалым оқытушылары, медицина ғылымдарының кандидаттары, доцент Жанаргүл Омарова, Қымбат Түсіпқалиеваның қатысуымен семинар-кеңес өтті.

 

Жиынға қала, аудандардағы басқарма басшылары, емдеу мекемелерінің бас дәрігерлері, терапевт дәрігерлер, невропатолгтар мен психологтар қатысты. Онда аймақта қызылша ауруының эпидемиологиялық жағдайы және 1 қазан айынан бастап 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында қызылшаға қарсы қосымша екпе алу жайы қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ерболат Уайсов, департаменттің эпидемиологиялық бөлімінің басшысы Гүлназ Ербатырова баяндады.

Мамандардың айтуларынша, республикада қызылшамен аурушаңдық жағдайы жоғарылап, биылғы сегіз айда өткен жылмен салыстырғанда 9,5 есеге көбейген. Ал, Атырау облысында 83 қызылша ауруы тіркеліп, аурушаңдық өткен жылдан 16,2 есеге артқан. Бұл аурудан қорғанудың бірден-бір жолы –вакцинация алу. Мәселен, ағымдағы жылдың ақпан айында өңірде қосымша иммундау кезінде 15-19 жас аралығында 28237 жасөспірімнің 16194-і (57,3 пайыз) екпе алған. Алайда, республиканың кейбір облыстарында қызылшаға қарсы қосымша иммундаудан кейін 399 жасөспірімнің осы ауруға шалдыққаны байқалған. Сол себептен иммундау жұмыстары уақытша тоқтатылған болатын.

Ағымдағы жылдың 1-ші қазанынан бастап республикадағы басқа облыстар сияқты Атырау өңірінде 12043 жасөспірімге қызылшаға қарсы қосымша иммундау қайта жүргізілмек.

Қазіргі уақытта теріс діни ағымдарда жүрген кейбір ата-аналар балаларына екпе жасатуға қарсылық білдіруде. Сондықтан, ондай ата-аналармен медицина қызметкерлері, психологтар, мектеп басшылығы үгіт-насихаттық түсіндірме жұмыстарын бірлесе жүргізулері тиіс.

Облыста иммундау күндерін өткізу кезінде екпе алу емханалар мен білім беру мекемелерінде жүргізіледі.

Семинарды қорытындылаған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дина Камелова аталмыш аурудың алдын алу үшін қызылшаға қарсы қосымша иммундауға бюджет есебінен қаражат бөлініп, сапалы вакцина сатып алынғанын, жасөспірімдердің осы аталған күндері толықтай қызылшаға қарсы екпемен қамтылуы тиістігін атап өтті.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз