Саумал – шипалы сусын

54418027 w640 h640 kumys 3 Медицина

Ерекше, әрі шипалық қасиеті бар жаңа сауылған бие сүтісаумалдың шипасын көшпенділер ертеден білген. Бұл туралы тіпті батыстың «Авиценна» атымен танымал Әбу Әли Ибн Сина мен Гиппократтың ежелгі медициналық трактаттарында және жылнамаларында да жазылған.

54418027_w640_h640_kumys_3

Бүгінде емдік сусын дайындайтын шаруагерлер баршылық. Мәселен, Нарын құмында бие байлап, саумал сауып отырған жандар сирек болса да бар. Солардың бірі – Біләловтар отбасы. Қожалық иесі Шәмшия Тілекқабылқызы қымыздың пайдасын күнделікті тұтынғанда ғана аңғаруға болатынын айтады.

– Мен 1995 жылы Тұщықұдық ауылына келін болып түскенімде, он сегіз жастағы орысша оқыған қаланың қызы едім. Мұнда жарық та, жылу да болмады. Малдың тезегін теріп, қиын отын қылдым. Қаражат пен азық-түліктің де тапшы кезі еді ғой. Осы тұста бие саууды үйреніп кеткенімді аңғармай қалыппын. Бізді қиындықтан төрт түліктің еті мен сүті алып шықты, – дейді кәсіпкер.

Дәрігерлер бие сүтінде адам ағзасына қажетті шамамен 40 биологиялық компоненттің барын айтады.

«Амин қышқылдары, майлар, ферменттер мен микроэлементтер көп. А, В, С, Е дәрумендер тобы мен микроэлементтердің мөлшері бие сүтінде көп екені анықталған. Бар-жоғы 500 мл бие сүті ағзаның С дәруменіне бір күндік қажеттілігін қамтамасыз етеді. Бие сүті құрамы бойынша ана сүтіне барынша жақын және альбумин тобына жатады», – дейді денсаулық сақтау саласының ардагері Сәнду Тажиева.

Еліміздегі Ұлттық ғылыми медициналық орталығы зерттеулерінің соңғы мәліметтеріне сүйенсек, бауырдың созылмалы ауруларын, аутоиммунды гепатитінен болатын вирустық гепатиттен шығатын бауыр циррозын емдеуде құрғақ бие сүтінің тиімділігі мен қауіпсіздігіне сенім мол. Зерттеу барысында алынған клиникалық-лабораториялық мәліметтер құрғақ бие сүтін пайдаланғандарда аланинаминотрансфераза мен аспартатаминотрансфераза сынды эндогенді ферменттер көрсеткішінің төмендегенін көрсетті. Аталған көрсеткіштердің төмендеуі бие сүтін тұтына отырып, негізгі емді жасап, салауатты өмір салтын ұстанған жағдайда бауыр ауруы қабынуының алдын алуға болады деуге толық негіз бар.

Рамиль ИМАНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз