ҮМІТ ОТЫ АЛҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ
«Болашақ КК» қоғамдық қорының директоры Жібек Бисенова хабарлама жасап, тек Атырау облысы көлемінде ғана емес, жалпы Қазақстан бойынша реабилиталогия және науқас денсаулығын қалпына келтіру өткір тұрған мәселелердің бірі екендігін айта келіп, статистикалық деректер бойынша, Атырау облысында осы категориядағы науқастардың 10,3 пайызы ғана реабилитациялық көмекпен қамтылғандығына тоқталды. Және, реабилитациялық бөлімдер тек мүгедектік алған науқастарға ғана есептелгендіктен инсульт, жүрек-қан тамырлары сияқты ауыр науқастарға ұшыраған адамдардың медициналық ем алғаннан кейінгі сауықтыру шараларын алуға толық мүмкіндіктері жоқ екендігі айтылды.
Баспасөз мәслихатына қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дина Камелова, облыстық перзентхананың реабилитация бөлімінің меңгерушісі Сәния Бахтияровалар «Өмірге оралу» жобасының бүгінгі күні аса қажеттігін және әлемдік тәжірибе мұндай науқастарға жедел түрде, мүмкіндігінше екінші, үшінші күндері реабилитациялық ем-домдарды бастағанның тиімділігін көрсетіп отырғандығы туралы пікірлерін ортаға салды.
«Бұл жоба «ЭксонМобил» компаниясының Атырау облысының денсаулық сақтау саласына көрсетіп жүрген инвестициясының жалғасы болып табылады. Аталған компания 2011 жылы акушерлік және неонтологиялық қызмет бойынша шеберлік класын жасап өз қызметін бастаған болатын. Бүгінгі күні Беларуссия, Ресей, Германия, Литвадан тәжірибелі мамандарды тартып сегіз шеберлік класын өткізді. Сөйтіп 2011-2014 жылдар аралығында облыста бала өлімі 44,3 пайызға төмендеді. Мұндай тренингтер 2015 жылы да жалғасады.
Тағы бір көңіл бөлетін нәрсе, «ЭксонМобил» Атырау облысындағы перзентхананың реанимация бөліміне күні толмаған балаларды сауықтыруға арналған қондырғы алып берді. Бұған қоса олардың сыйлаған қан тазартатын аппараты, он бір жедел жәрдем көлігі, он екі фетальді монитор сияқты бала өмірі үшін аса маңызды медициналық жабдықтар мен қондырғылар дәрігерлер үшін өте бағалы болып есептеледі.
Медицина саласындағы бүгінгі күнгі тағы бір проблема – облыста мамандардың жетіспеушілігі. Әсіресе, акушер-гинеколог, педиатр, фтизиатр, терапевт, анестезиолог-реаниматологтар жетіспейді. «ЭксонМобил» облысқа жас мамандарды тарту мәселесін де назардан тыс қалдырған емес. Осы мақсатта төртінші жыл қатарынан ауылдық жерлерде үш жыл жұмыс жасауға келісім берген студенттерді медициналық оқу орындарындағы оқу ақысын төлеп келеді. Бүгінгідей үлкен бастаманы қолдап, тағы да көмек қолын созған компанияға ризашылығымызды білдіреміз», — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дина Базарбайқызы.
«Реабилитациялық көмек көрсететін облыстық ауруханадағы, қалалық емханалардағы физиотерапия бөлім-дерінің әлі де мүмкіндіктері төмен. Сондықтан жедел реабилитациялық бригада құру және мамандардың біліктілігін арттыру, үміттері жоғалған адамдардың ауыр науқастарына дауа тауып, әлеуметтік ортаға қайта оралуларына себепші болары анық. Өзіміз күнделікті тәжірибеден көріп жүргеніміздей, ауру болып туған балаға күн оздырмай ем жасай бастағанда аяқ-қолдары ширап, қозғалыстары жақсарып, нәтижесін көре бастаймыз. Мұның өзі реабилитациялық қолдаудың қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді. Мысалы, ұршығы орнына келмеген баланы емдеудің бір курсы үшін 35 мың теңге жұмсалуға тиісті. Ал, бүгінгі күні бұл мақсатта қаралып отырғаны – 17 мың теңге. Қалғанын ата-ана өз қалтасынан төлеуге мәжбүр. Ал, мұндай курстық ем кем дегенде үш рет жасалуға тиісті», — дейді Сәния Нәбидоллақызы.
Тағы да деректерге көз салсақ, Еуропада инсульттан кейінгі мүгедектікке ұшырау 20 пайызды құраса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 70 пайыз екен. Мұның басты себебі, Еуропада реабилитациялық жұмыстар науқас ауырған күннен бастап жүргізіледі. Ал, бізде науқас үйге шыққаннан кейін реабилитациялық ем бастағанша бірер ай уақыт өтеді. Бұл жоғалған уақыт, ауру адамның сауығып кетуіне үлкен кесірін тигізеді. Мамандар айтқандай, сауықтыру шаралары тез басталуға тиісті. Міне, аталған жоба осы шараларды іске асыруға бағытталған.
Осы жоба негізінде «Болашақ КК» қоғамдық қоры Германиядан арнаулы маман шақырып, өздерінде қызмет жасайтын орта буын медицина қызметкерлеріне және алдағы уақытта жұмыс жасауға ниет еткен бір топ мамандарға дәріс алуға мүмкіндік жасады. Осы салада отыз жылдан астам еңбек өтілі бар, реабилитолог Аннета Хайнц халықаралық стандартпен ауыр науқастарға реабилитациялық көмек беру туралы арнайы бағдарлама бойынша сабақ жүргізген. «Болашақ КК» қоғамдық қоры семинар қорытындысында халықаралық сертификатқа ие болды.
Бұдан әрі «ЭксонМобил» компаниясының жұртшылықпен байланыс кеңесшісі Гүлнар Нұғыман сөз алды. «Денсаулық сақтау саласы – біздің компанияның әлеуметтік жобалар ішіндегі басымдық беретін бағыты. Себебі адам денсаулығы қоғам үшін маңызды. Біздің компанияның осы жобаға салынған инвестициясы аймақтағы медициналық қызмет сапасын жақсартып, дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға көмектеседі деп ойлаймын», — деді ол. Қоғамдық қор басшысы журналистердің берген сан түрлі сұрақтарына жауап берді.
Қазіргі уақытта өмірде жас, кәрі деп таңдамай, кең жайылған жүрек-қан тамырлары аурулары, сәбилердің іштен туабітті науқастары, жол апаты сияқты көлденеңнен мүгедек болу жағдайлары көп кездеседі. Бұлардың барлығына да медициналық ем жасалып, алғашқы көмектерін алып жатқандығына ешкімнің де таласы жоқ. Бірақ бұл санаттағы аурулар үшін бұл аздық етеді. Уақтылы реабилитациялық ем-домдар ғана науқастың толыққанды өмірге оралуларына себепші болады. Ендеше, үміт отын жаққалы отырған жақсы бастамаға жанашыр болып, жақсы тілек тілейік.
Ағиба Қатешова.
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.