Атыраулық жастар медицина қызметкерлерінің портретін бейнеледі

img 20210301 wa0095 Жаңалықтар

«Алғыс айту күнінде атыраулық жастар әлемдік пандемия жағдайында қызмет еткен медицина қызметкерлерінің портретін арнайы тапсырыспен салдырып, сыйға ұсынды», – деп хабарлайды Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Атырау облысы Жастар саясаты мәселелері басқармасы және Атырау қалалық Жастар ресурстық орталығы, «Жас Отау» ЖШС-нің ұйымдастыруымен жүзеге асқан іс-шарада дәрігерлер портреті майлы бояумен бейнеленген. 

Портреттер – Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының сурет және майлы бояу мұғалімі Мирас Жанғожиев  пен шәкірттерінің туындысы. Ал, қолдау көрсеткен жеке  кәсіпкер – Жалғас Қобданов.

– Алғыс айту күнінде атыраулық жастар, суретшілер мен кәсіпкерлер, волонтерлар бірігіп пандемия кезінде ерекше еңбек еткен ақ халатты абзал жандарға сыйлық жасауды жөн көрдік. Шараның ерекшелігі –  танымал дәрігерлерді емес, керісінше  пандемия кезінде көрінбей, беттерін тұмшалап қызмет еткен мейірбикелердің еңбегін көрсету,- деді  Жастар ресурстық орталығы басшысы Серік Қадыров.

img 20210301 wa0096

Атырау қаласындағы №1, 5 емхана, облыстық аурухана мен облыстық перинаталдық орталық пен жеке клиникаларда, инфекциялық аурухана және аудан ауруханаларында қызмет еткен 15 медицина қызметкерінің портреттері бейнеленіп, гүлмен қоса табысталды.  
Ерекше құрметке ие болған облыстық аурухананың санитар қызметкері Айнагүл Дүрмешова қуанышын жасыра алмай, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Жеке кәсіпкер Жалғас  Қобданов: «Бұл шара – қатерлі індетпен бетпе-бет келіп, адам жанының арашасы бола білген медицина қызметкерлерін қуантсақ деген ойдан туындады», – деді. 

Айта кетелік,  Қызылқоға ауданының  белсенді жасы, арт-терапевт  Қазиева  Эльшат Бекболатқызының туындысы @atyrau_jastary әлеуметтік парақшасында көпшілікке таныстырылды.Онда арт-терапевт медицина, құқық қорғау, әкімшілік, ақпарат және байланыс,  кәсіпкерлік сала қызметкерлері мен волонтерлерге  шексіз алғысын білдірген.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз