Карантин қайта енгізіле ме?

j8a9789 750x422 1 750x400 1 Медицина

Жылдың соңғы айында еліміздің өзге де өңірлері секілді, Атырауда тұмау жəне жедел респираторлы вирустық инфекция (ЖРВИ) жұқтыру жағдайлары көбейген.

Желтоқсанда ЖРВИ-мен – 24955, тұмаумен – 46, бронхитпен – 3007, пневмониямен 540 адам ауырыпты. Ал, 28 желтоқсан күні Атырауда 11 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Бұл туралы кеше Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мəслихатында айтылды.

– Ақ халаттылар атқарған жұмыстар нəтижесінде соңғы үш тəулікте ЖРВИ жұқтыру көрсеткіші 47 пайызға төмендеді. №2 Атырау облыстық ауруханасында қазір 200 кереует қарастырылған болса, оның 78-і ЖРВИ жұқтырғандарға, ал 34-і коронавируспен, 30-ы жедел ішек инфекцияларымен ауырғандарға, 14-і терапия жəне 20-сы пульмонологияға арналған. Қазір инфекциялық стационарда барлығы 272 адам ем алып жатыр. Төсекорын жүктемесі 136 пайыз, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуəлиев.

Брифинг барысында басқарма басшысы ЖРВИ мен тұмаудың көбеюіне байланысты «жедел жəрдем» қызметіне жүктеме екі есе артып, алғашқы медициналық көмек күту уақыты бірнеше сағатқа дейін ұзарғанын да мəлім етті. Облыстағы 43 «жедел жəрдем» бригадасының 26-сы Атырау қаласында, 17-сі аудандар бойынша қызмет атқарады. Аймақтағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты қосымша 4 бригада шығарылған.

– Балаларға тұмау кезінде уақытылы, əрі сапалы көмек көрсету үшін педиатриялық мультидисциплинарлы мамандар топтары құрылды. Мобильді топтардың жұмысы жандандырылып, сүзгі (фильтр) кабинеттердің жұмысы күшейтілді. Балалар мен жүкті əйелдерді үйден қарау, үй аралау, көмек көрсетудің барлық кезеңдерінде науқастардың жағдайын бағалау ұйымдастырылды, – деп, Асхан Мархабайұлы жүкті əйелдерге ауру белгісі байқалса, дереу дəрігерге қаралуға кеңес берді. Оның айтуынша, соңғы уақытта жиілеп кеткен балалардағы мұрын қанау да тұмаудың клиникалық симптомдарының бірі болуы мүмкін. Облыстың бас дəрігері егер жаңа туған сəбилерде, өзге де балаларда тұмау белгілері байқалса, уақыт өткізбей дəрігерге қаралуды ескертті. Айта кетелік, коронавируспен аурушаңдық көрсеткіші 36%-ға өскен, дегенмен эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтылығына байланысты өңір – «жасыл аймақта».

Ал, мамандар вирус жұқтыру көбейсе, карантиндік шектеулер енгізілетінін ескертті.

Мəлике ҚУАНЫШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз