Жарнама
Медицина

Міндетті медициналық сақтандыру – ұлт саулығының кепілі

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2015 жылғы 20 мамырдағы еліміздің дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру бойынша Ұлт жоспары – “100 нақты қадам” бағдарламасының 80 –ші қадамында «Мемлекет, жұмыс беруші және азаматтың ынтымақтасқан жауапкершілігі қағидаты негізінде денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық орнықтылығын күшейту. Бастапқы медициналық-санитарлық көмекті (БМСК) басымдықпен қаржыландыру. Бастапқы көмек аурудың алдын алу және ерте бастан күресу үшін ұлттық денсаулық сақтаудың орталық буынына айналады» — деп атап көрсетіп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуді міндеттеді. Елбасы тапсырмасына сәйкес 2015 жылғы 16 қарашада «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР №405 Заңы қабылданды. 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап ҚР Үкіметінің №389 қаулысымен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылды. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап еліміздің барлық өңірлерінде Қордың фиилиалдары өз қызметтерін бастаған болатын.

Бүгін біз «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры қызметін атқарып жүрген Байтолла Закарьяұлы Ғазизовпен сұхбаттасқанды жөн санадық.

53025-6-1_ru

–Байтолла Закарьяұлы жалпы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі дегеніміз не? Және бұл жүйенің елімізде енгізілуі тарихына тоқталсаңыз?

–Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) – бұл  халық денсаулығын қорғау саласында халық мүддесін әлеуметтік тұрғыда қорғайтын мемлекеттік жүйе. Қор — Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне және табыстарына қарамастан медициналық және дәрі-дәрмектік көмекте тең қол жетімділікке кепілдік береді. Жұртшылықты медициналық көмекке негізсіз жұмсалатын артық шығындардан қорғайды және де МӘМС арқылы Қазақстан аумағында азамат өзі таңдаған кез келген емханадан медициналық көмек ала алады. Бұл жағдайда, емхананың шығыстарын Қор толығымен өзі өтейді. Жүйенің елімізде енгізілу тарихына тоқталатын болсақ. Міндетті медициналық сақ­тандыру жүйесін әлемнің көптеген елі қолданады. Әсіресе, дамыған мемлекеттер осы жүйеге баяғыдан көшіп алған. Қоғамдық әлеуметтік сақтандыру Германия, Франция, Бельгия, Корея, Жапония, Словакия, Шығыс Еуропа елдерінде барлығы 30 елде жұмыс жасайды. Қазақстанда міндетті медициналық сақтандыру үлгісін таңдағанда 50-ден астам елдің тәжірибесі қаралып және ескерілді. Бүгінде бүкіл әлем үш ірі денсаулық сақтауды қаржыландыру моделі қолданылуда: олар бюджеттік, сақтандыру және аралас. Қазақстан Республикасы үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, медициналық сақтандырудың аралас моделін таңдап отыр. Оның ерекшелігі, әлеуметтік жағдайы әлжуаз топтарды мемлекет өз қамқорлығына алып, олар үшін жарна төлейді. Бір сөзбен айтар болсақ міндетті әлеуметтік сақтандыру дегеніміз – ауру, жарақат алу, туу және жүктілік, мүгедектік пен кәрілік жағдайларында халықтың денсаулығының мүддесін әлеуметтік тұрғыда қорғау болып табылады. Қор заң бойынша тек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың ғана емес, кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінің де операторы болып табылады.

–Жүйе енгізілген уақыттан бастап азаматтарға көрсетілетін медициналық қызметтердің түрлері қалай болмақ?

–Атап айтар болсақ, Қор – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы «7» тамыздағы № 591 бұйрығымен бекітілген тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларына сәйкес бірнеше кезеңдерден құралған медициналық қызметті сатып алу жұмыстарын атқарады. Бірінші, сатып алу көлемін жоспарлайды, екінші, медициналық қызметтер көрсетуге үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқоры жасақталады, үшінші, медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты жасақталады және төртінші, медициналық қызметтердің сапалы көрсетілуіне бағалау жүргізеді.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Міндеті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес азаматтар үшін медициналық қызмет пакеттерінің 2 түрі берілетін болады. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа үлгісі белгіленді. Ол: — шұғыл және кезек күттірметін жағдайларда әрбір адамға көмек көрсету. Жалпы қоғам үшін маңызы бар ауруларды бақылауда ұстау болып табылады.   Бұған дәрігердің жедел көмегін қажет ететін шұғыл жағдайларда, әлеуметтік маңызы бар ауруларға (туберкулез, ВИЧ-індеті, психикалық ауытқулар, қатерлі ісік т.б.) шалдыққандарға көрсетілетін медициналық көмек жатады. Сондай-ақ бұл тізімге соңы мүгедектікке әкеп соқтыратын, демографиялық өсімге залал келтіретін жұқпалы емес созылмалы аурулардың негізгі түрлерін, қоршаған ортаға қауіп төндіретін өткір жұқпалы сырқаттарды диагностикалау мен емдеу де кіреді. ТМККК пакетіне кіретін бастапқы медициналық-санитарлық көмек ішінде: профилактикалық екпелер, тоқ ішек, сүт безі, жатыр мойны ісігіне скрининг, қан айналым жүйелерінің ауруларына тексеру, бір жасқа дейінгі балаларды және жүкті әйелдерді қарау, созылмалы ауруларды қадағалау (29 топ), әлеуметтік маңызы бар сырқаттарды бақылау (аурудың бес түрі бойынша), жедел жәрдем, зертханалық диагностика (126 қызмет бойынша), қондырғылардың көмегімен диагностика жасау (қызметтің 89 түрі бойынша), созылмалы немесе әлеуметтік аурулар бойынша дәрігердің кеңесі де бар. Оған қоса, бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде бақылауға болатын созылмалы ауруларды тұрақты бақылау (бұл бойынша 24 түрлі сырқатқа шалдыққан 2,4 млн адамға көмек көрсетіледі) мен әлеуметтік маңызы бар ауруларды анықтау және емдеу де ТМККК пакетіне ұсынылған консультативтік-диагностикалық көмекке кіреді.

Ал, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне бағасы қымбат лабораторлық диагностика қызметі, ТМККК пакетіне енбеген сырқаттарға шалдыққан науқастарды амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, стационарды алмастыратын көмек, медициналық оңалту және денсаулықты қалпына келтіру сынды қызметтер енгізілмек. Сонымен қатар оған МӘМС деңгейіндегі: ересектерді профилактикалық тексеруден өткізу; 18 жасқа дейінгі балаларды скринингтік тексеруден өткізу; 18 жасқа дейінгі балаларға, мүгедектер мен зейнеткерлерге, көпбалалы аналарға стоматологиялық қызмет көрсету; сала мамандарының қабылдауы, кеңесі мен ем-дом шаралары (35 профиль бойынша); бастапқы медициналық санитарлық көмек деңгейінде бақылауға жатпайтын созылмалы ауруларға шалдыққан науқастарды бақылау (неврологиялық, эндокриндік, тұқым қуалайтын аурулар, өсе келе пайда болған ақаулар, тамыр, сүйек, буын аурулары, жарақаттардың салдарынан болатын аурулар, зат алмасу жүйесі қызметінің бұзылуы т.б.); бағасы қымбат лабораторлық диагностика (қызметтің 750 түрі); инструменталды зерттеу және функционалды диагностика (228 қызмет бойынша) сынды консультативтік-диагностикалық көмек түрлері.

–Байтолла Закарьяұлы Медициналық сақтандыру қорына аударымдар мен жарналардың төлеу тәртібі қандай болмақ? Қорға бүгінгі таңда қанша қаражат жиналып отыр.

–МӘМС жүйесін енгізу мерзімі 2020 жылдың 1 қаңтарынан басталатындығына байланысты жарналар мен аударымдарды төлеу тәртібі төмендегідей тәртіпте жүргізілетін болады: Жұмыс берушілер үшін МСҚ-на аударатын аударымдар мөлшері: 2018-2019 жылдары — 1,5%, 2020 жылдан бастап – 2%. Қарамағында жалдамалы жұмыскерлері бар жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының иелері жарнаны осы тәртіп бойынша төлейді. Жарналар жұмыскердің жалақысынан емес, жұмыс берушінің өз есебінен төленеді. Жеке Тұлғалар – жарна төлеуден 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін босатылады. Жеке кәсіпкерлер 2018-2019 жылдары ЖК ретінде өзі үшін жарна аудармайды. Бірақ та қарамағындағы қызметкерлер үшін жұмыс беруші ретінде жарна аударуды тоқтатпайды (2018-2019 жылдары 1,5%, 2020 жылдан бастап – 2%). Мемлекет жекелеген санаттағы азаматтар үшін жарнаны 2020 жылдан бастап аударады. Бұл айтылып отырған жекелеген санаттар дегеніміз 14 топқа жатқызылатын азаматтар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға арналған жарналар мемлекетпен төленеді (16.11.2015 жылғы «МӘМС туралы» ҚР №405 Заңының 26 бабы, 2,3 тармақтары) яғни бұрыннан да үкімет есебінен көмектер көрсетіліп келген топтарға мемлекет қосымша автоматты түрде әлеуметтік медициналық сақтандыруға арналған жарналарды да төлейтін болады. Оларға нақты мына тұлғалар жатады: балалар; жұмыссыз ретінде ресми тіркелген адамдар;жұмыс істемейтін жүкті әйелдер; бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) іс жүзінде тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адамдар; бала (балаларды) тууға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыста жүрген адамдар; мүгедек балаға күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар; зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері; қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде (қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда) сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатқан адамдар; тергеу изоляторларындағы адамдар; ресми тіркелінгенжұмыс істемейтін оралмандар; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар;мүгедектер; орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан адамдар; оқу аяқталған айдан кейінгі күнтізбелік үш ай ішінде орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында оқуын аяқтаған адамдар үшін Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде айқындалатын тәртіппен ай сайын ағымдағы айдың алғашқы бес жұмыс күні ішінде төленеді.

Жүйе іске қосылғаннан кейін 2017 жылғы шілденің 1- і мен 2018 жылдың 4 желтоқсаны аралығында МСҚ-ның Ұлттық банктегі шотына 122 млрд. 443 млн теңге түсті. Оның ішінде 113 млрд. 861 млн. теңгесі жұмыс берушілер аударған жарна болса (93%), 8 млрд. 582 млн. теңге (7%) жеке кәсіпкерлерге тиесілі. Атырау облысы бойынша аударылған жарна 7 млрд. 714 млн. теңгені құрап отыр. Оның 7 млрд. 417 млн. теңгесі жұмыс берушілер аударған жарна (96%), 296 млн. теңге жеке кәсіпкерлерге тиесілі (4%).

–Атырау облысында медициналық қызметтерді көрсетуге қандай медицина ұйымдары өтініш берді, жеке меншік ұйымдар белсенділік танытып отырма?

–Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде медициналық қызметтер көрсетуге үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорында 2018 жылғы 20 қарашадағы жағдаймен Атырау облысы бойынша барлығы 80 денсаулық сақтау субъектілері тіркелді. Оның 35-сі мемлекеттік, 45-і жеке меншіктегілер. Оның ішінде 2018 жылға (2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдаймен) медициналық көрсетілетін қызметтердің көлемін алуға 62 денсаулық сақтау субъектілері өтініш берді. Оның 34-і мемлекеттік, 28-і жеке меншіктегілер. Осы келісім шартқа отырған ұйымдардың ішінде бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдар саны 19, оның ішінде 3-і жеке меншік («Сәлімжан», «Медикер Жайық», «Самал Медикал»).

–Жыл сайынғы емханаларға тіркелу науқаны туралы қысқаша айтып өтсеңіз?

–2018 жылдың 15 қыркүйегі мен 15 қарашасы аралығында өткізілген Қазақстанда тұрғындарды емханаға тіркеу науқаны барысында Атырау облысы бойынша 6592 адам медицина ұйымын еркін таңдау құқығын пайдалана алды. Атырау облысы бойынша тіркеу науқанына 19 медицина ұйымдары қатынасты. Оның ішіндегі 1 медицина ұйымы алғаш рет қатынасып отыр. Тұрғындар тіркеу науқаны кезінде таңдаған емхана қызметін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап пайдалана алады. Оған дейін бұрынғы емхананың пациенті болып қала береді.

–Байтолла Закарьяұлы сұхбатыңыз үшін зор рахмет айтамыз. Жұмыстарыңызға жетістіктер тілейміз.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button