Жарнама
Медицина

КІСІЛІКТІҢ ҮЛГІСІ

 

Ол өзі туралы айтудан гөрі, әңгіме желісін қайта-қайта ұжымына қарай бұра бергеннен-ақ кеңпейілді, әрі көпшіл жан екенін аңғартқандай. Әрине, мұның өзі бар ғұмырын медицина саласына арнаған, өмірдің ыстық-суығына шыңдалған азаматтың бойына сіңірген әдеттері емес, қанында бар қасиеттері болса керек.
Егер Еркінбай Қуанұлының өмір, еңбек жолдарын зерделер болсақ, ол орта мектепті бітіріп, ата-анасының батасын алып, сол жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне оқуға түседі. Аталмыш оқу орнын 1977 жылы бітірген соң облыстық ауруханаға келіп, екі жыл интернатурадан өтеді.
Бұдан соң оған облыстық денсаулық сақтау бөлімінің жолдамасымен Құрманғазы аудандық ауруханасы бас дәрігерінің ұйымдастыру жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметі жүктеледі. «Жас келсе – іске» деген, Еркінбай алғашқы күннен-ақ еңбекқорлығымен, әріптестері арасында елгезектігімен танылды. Бірер жылдан соң шалғайдағы Сүйіндік учаскелік ауруханасына бас дәрігер етіп жіберіледі. Ол кезде жоғары білімді дәрігерлер саусақпен санарлық болатын. Содан да Еркінбай уақытпен санаспай алдына келген үлкенді-кішілі сырқат жандарға қалтқысыз қызмет көрсетуге тырысты. Бас дәрігермін демей, малшы ауылдарды жиі аралап, дәрігерлік көмегін беруден танбады. Сол уақытта бір өзі хирургтің де, терапевтің де, акушердің де, лор, тіс дәрігерінің де қызметтерін қатар атқара беретін.
Балқұдық учаскелік ауруханасының бас дәрігерлік қызметінде болған кезінде де ол ауыл тұрғындарының сүйікті дәрігері атанды. Мұнда ересек адамдардан бастап балаларға дейін есепке алынып, оларды ұдайы медициналық тексерулерден өткізуге көңіл бөлді. Әсіресе, ана мен бала денсаулығы басты назарда ұсталды. Сондай-ақ, малшы отбасыларында жиі болып, түрлі аурушаңдықтың алдын алу бағытында түсінік жұмыстарын жүргізді. Осылайша, дәрігерлік қызметінің біраз жылын шалғайдағы ауыл тұрғындары арасында өткізген Еркінбайдың аудандық деңгейдегі медициналық мекемелерде атқарған қызметі де бір төбе. Сегіз жылға жуық аудандық орталық ауруханада хирург, эндоскопист, онколог дәрігер болып істеген кездерінде шипалы емімен емделушілердің жылы ілтипатына бөленді. Ол «алтын қолды хирург» атанып, операция үстелі жанында талай науқастардың өміріне араша болды. Олардың жарық дүниедегі өмірінің ұзаруына қолұшын берді.
Аудандық аурухана бас дәрігерінің бірінші орынбасары, ҚР Үкіметі жанындағы медициналық сақтандыру қоры аудандық филиалының директоры, «Ақтан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры болып жұмыс істеген жылдары өз ісінің білікті маманы, шебер ұйымдастырушылық қырынан танылып, жоғары басшы орындардың назарынан сырт қалмады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы 2007 жылы оған тағы да зор сенім артып, Құрманғазы аудандық орталық ауруханасы мен емханасына бас дәрігер етіп тағайындады. Бұл кезде оңтайландыру жағдайында көптеген емдеу орындары жабылып, әрі қысқарып жатқан кез еді. Осы кезде ауданның бас дәрігері Еркінбай Қуанов облыс, республика деңгейіндегі басшы орындарға шығып, ауыл, селолардағы бұрынғы учаскелік ауруханалар ізінен амбулаториялық емханалардың ашылуына ықпал етті. Бұрын көмірмен жылытылып келген емдеу мекемелері енді газ желісіне ауыстырылып, телефон байланысы орнатылды. Жедел жәрдем көліктері алынып, дәрігерлердің ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетулеріне мүмкіндік жасалды.
Ерекең ауданның бас дәрігері болған жылдары ұжымды бір атаның баласындай тату, ынтымақты етіп ұстады. Ол ұжымда біреудің қуанышы не қиындығы болса, сол жанның қасынан табылды. Марқұм әкесі «Балам, қолыңнан келсе, дұшпаныңа да жақсылық жасауды әдет қыл. Ол түсінбесе де жұрт біледі» деп отыратын. Әкесінің жеке адамның ой деңгейінен қоғамдық пікірдің жоғары тұратынын ескерген осы сөзін жадынан әсте шығарған емес. Бас дәрігердің денсаулық сақтау саласындағы еселі еңбегінің арқасында ауданда түрлі аурушаңдық азайып, ана мен бала өлімі бәсеңдеп, халықтың сапалы ем алуына мүмкіндік жасалынды.
Аудан жұртшылығының ыстық ықыласына бөленген Еркінбай Қуанұлы 2011 жылы Атырау қалалық №1 емханаға бас дәрігерлік қызметке шақырылды. Жаңа басшының келуімен емхананың тынысында оң өзгерістер байқалды. Емхана ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Емдеу кабинеттері осы заманғы медициналық құрылғылармен жабдықталды. Отбасын жоспарлау, гинекология, алдын алу және әлеуметтік көмек көрсету, балалық шақтағы ауруларды жүйелі емдеу, диагностикалық, зертханалық, кеңес беру, басқа да емдеу бөлімдері жұмыс істейді. Күндізгі стационарлық емдеу бөлімінің қызметіне де емделушілер дән риза. Жүріп-тұруы қиын қарт адамдардың үйлеріне барып, емделуіне жағдай жасалды. Айналасы бірер жылдың ішінде жігерлі басшы емхананы бірегей емдеу орындарының қатарына теңестірді.
Соңғы екі жылдан бері емдеу орны «Кезексіз емхана» бағдарламасы негізінде жұмыс істеуде. Науқастар емханада электрондық жүйе арқылы алдын ала кезекке жазылып, қалаған мезгілінде дәрігерге келіп, тиісті емін алады. Мұнда барлық қызмет түрлері компьютерленген, электронды құжат айналымы енгізіліп, емделушілер туралы барлық мәліметтер сақталады.
Қазіргі уақытта емдеу орнында 280-дей жоғары білімді дәрігер, орта және кіші буын мамандар 63 мыңдай халыққа қызмет көрсетеді. Емхана басшылығы дәрігерлер мен орта буын мамандардың біліктіліктерін арттыруға жете көңіл бөледі. Жыл сайын ондаған дәрігер Алматы, Астанадағы білім жетілдіру институттарында іс-тәжірибеден өтсе, орта буын медицина қызметкерлері медколледждерде болып, білімдерін жетілдіреді. Бас дәрігердің өзі де медицинаның соңғы жетістіктеріне ден қойып, Финляндия, Жапония, Түркия мемлекеттеріндегі медициналық ғылыми-зерттеу клиникаларында болып, ондағы озық іс-тәжірибелерді меңгеріп, ұжым дәрігерлерінің қолдануына ықпал етуде. Оның іске деген осындай жауапты көзқарасынан да болар, ұжым мүшелері өздерінің міндеттеріне сергектікпен қарап, емделушілерге мәдениетті қызмет көрсетуге мүдделі.
Өткен 2013 жыл емдеу орны үшін есте қаларлық болды. Бұл жылы емхана ТМД елдерінің үздік мекемелері арасында рейтингілік көрсеткіштері бойынша жүлделі орынды еншіледі. Бұл Ресей, Украина, Беларусь, Қазақстан елдері арасындағы Ұлттық бизнес рейтингілік бағдарламасы бойынша саралау кезінде ең үздік мекемелердің қатарында аталмыш емхананың аталуы Атырау аймағының медицинасы үшін зор қуаныш болғаны анық. Емхана озық технологияларды дамыта отырып, қаржылық және емдеу саласында тиімді көрсеткішке жеткені үшін «Қазақстанның көшбасшысы – 2013» медалін еншілесе, бас дәрігер Еркінбай Қуанұлы отандық экономиканы дамытуға үлес қосқан басшы ретінде «Қазақстанның Даңқы» орденімен марапатталды.
Бас дәрігер осы кезең ішінде бейнеттің зейнетін де көріп, талай марапатқа ие болды. Жоғары санатты хирург дәрігер, ұйымдастырушы, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерінің иегері. Әлденеше рет алыс, жақын шетелдерде, республикалық деңгейде өткен емдеу саласының түрлі алқалы кеңестеріне делегат болып қатысқаны және бар. Әрі «Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде қоғамдық жұмысқа да уақыт тапса, өткен жылы дәрігерлік мамандығына қоса Батыс Қазақстан Гуманитарлық инженерлік университетінен бизнес-экономика мамандығын алып шықты.
Оны көпшілік тек дәрігер ретінде ғана емес, үлкен жүректі абзал азамат, ақыл айтар, сүйеніш болар аға, талапшыл басшы, отбасының шуақты отағасы ретінде қадір тұтады. Шаңырақтың береке-бірлігінің ұйытқысы болып отырған зайыбы Әлия Әнжанқызы да білікті дәрігер, қалалық «Жедел жәрдем» стансасының бас дәрігері болып жұмыс істесе, қыздары – Гауһар «Самал» медициналық сақтандыру компаниясының директоры, Салтанаты – кәсіпкер, Наркесі – банк қызметкері, ұлы Ақтан – заңгер, келіні Әлфия – фармацевтика маманы. Олардан өрген немере, жиендері – көз қуаныштары.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button