Іргесі берік елді жау алмайды
Отан алдындағы парызын өтеу – әрбір ер жігіттің азаматтық борышы. Ұлттық ұланның Атырау қаласында орналасқан 5546 әскери бөлімінің командирі, подполковник Ерлан Ипатовпен сұхбат барысында әскердің әлеуеті, сарбаздардың даярлығы, осы саладағы реформалардың жай-күйі турасында әңгімелескен болатынбыз.
– Қазіргі таңда әлем елдері қару-жарақтың шығыны аз, мүмкіндігі көп заманауи түрлерін дамытуға басымдық беріп жатыр. Біздегі жағдай қалай?
– «Іргесі берік елді жау алмайды, ауызы бір елді дау алмайды» демекші, әрине, айналаға көз тастасақ, мемлекетаралық шиеленістер барған сайын күрделеніп барады. Осы орайда, біз бейқамдыққа жол бермей, әлемдік геосаяси жағдайға жіті көз тастап, кез-келген қатерге дайын болғанымыз жөн. Бір сөзбен айтқанда, «бес қаруымызды сай ұстауымыз» қажет.
Бүгінде Мемлекет басшысы – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ел әскерін реформалауда кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әскердің құрылымын, құрамын жаңғырту, заманауи қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыру, цифрландыру, жауынгерлік дайындықты жетілдіру, әскери инфрақұрылымды дамыту, әскери қызметтің беделін арттыру жөніндегі басым бағыттар айқындалып, тиісті шаралар қабылданып келеді.
Жалпы, халықаралық стандарттар бойынша заманауи қару-жарақпен жабдықталып, кәсіби шеберлігі жоғары жеке құраммен жасақталған, жауынгерлік әзірлігі мен қабілеті жоғары әскердің болуы ұлттық қауіпсіздігіміз бен мемлекет мүддесін сенімді қорғау шарттарының бірі. Осы тұрғыдан келгенде ел әскерін сапалық тұрғыда жетілдіру міндеттері аясында жеке құрамның кәсіби шеберлігі мен білім-біліктілігін арттырып, қарулы күштерімізді заманауи, жоғары технологиялық қару-жарақпен және әскери техникамен жабдықтау жұмыстары тұрақты негізде жүргізілуде
Маман ретіндегі ойым, бүгінде еліміздің әскері қорғанысы мен шабуыл жасаудың классикалық үлгілеріне қарағанда қазіргі қарулы қақтығыстар тәжірибесі көрсеткендей, заманға сай ұрыс дағдыларын игеруге көшкені байқалады. Мысалы, ширақ қимылдайтын, техникалық ережеге сай жарақталған, шағын топтардан тұратын заңсыз қарулы топтарға қарсы тұра алатын әдіс-тәсілдерді игеруге басымдық берілген.
Өзіңізге белгілі, осы негізде көптеген пысықтау жұмыстары өткізіліп жатыр. Мысалы, өткен жылы Президенттің бастамасымен өткен «Батыл тойтарыс-2023» стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиынын ерекшелеп айтуға болады. Бұл әскердің мүмкіндігі мен тиімділігін арттыратыны сөзсіз. Осындай бағыттағы іс-шаралар еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға және түрлі қатерлерге қарсы дайындығын арттыруға мүмкіндік береді.
– Өзіңіз басқаратын бөлімде қару-жарақ пен әскери техниканың, байланыс, барлау және автоматтандырылған басқару жүйелері жеткілікті ме? Уақытқа сай жаңарып тұра ма?
– Қазіргідей заманда уақыттың басты талабы осы – әскери күштерімізді ең озық сападағы қару-жарақпен жабдықтау. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деуші еді атам қазақ, ел басына күн туатындай кезең келсе, жеріміз бен Отанымызды сақтауда қорғаныс қабілетіміздің мықты болғаны маңызды. Ол үшін әскеріміздің жауынгерлік мүмкіндіктері жыл сайын артып келеді. Ал, қару-жарақ пен техникалық бағытта ешқандай елден кемшілігіміз жоқ деп айтар едім. Өзім басшылық етіп отырған әскери бөлімдегі қару- жарақ пен техниканың жағдайы өте жақсы, өз уақытымен ауысып отырады.
– Кейбір мемлекеттердегі жағдайды естіп, біліп отырмыз. Беті әрмен, дегенмен, ел басына күн туған жағдайда еліміздің әскері халқын қорғауға қаншалықты дайын? Бізде қандай проблема бар?
– Әскеріміздің жағдайына келгенде керітартпа әңгімелерге назар аудармауымыз керек. Әлемдегі жер көлемі бойынша 9 орынға ие жерді қорғау, әрине, тәуекелді және сауатты басшылық пен тапқыр саясаткерлікті, ұтымды әскери іс-қимылды талап ететіні анық. Осы уақытқа дейін жерді қорғап келгеніміз біздің елдің осындай қабілетті мемлекет екендігімізді білдіреді.
– Қазіргі жастар «әскерге барсам» деп емес, керісінше, «әскерден қалсам» деген ұғыммен жүрген жоқ па? Бозбалалар әскерге баруға неге құлықсыз?
– Жігітке жігіттік сипат беретін – әскер. Отан алдындағы азаматтық борышын өтегісі келетін жастар баршылық. Ал, әскерге барудан бас тартатындардың дені оның себебін оқуларымен байланыстырады. Оның үстіне, бүгінде ата-аналар да бұрынғыдай балаларын Қарулы күштер сапына жіберуге асық емес. Уақыт оздырмай, мамандығы бойынша жұмыс жасап, еңбек еткенін қалайды. «Бір жыл уақытты бекерге өткіземіз» деген қоғамда теріс ұғым барын да жасыра алмаймыз. Бірі – несиесі барын айтса, бірі – ата-анасына қарап отырғанын себеп қылады. Отан қорғау мен жұмыс жасау екі бөлек түсінік. Отанды қорғау, ең алдымен, ер азаматтардың міндеті. Әскери тәртіпті көзбен көріп, тіршілігін түйген жігіт біршама есейеді. Бұл мектептен өткен бала ертең ата-анаға масыл болмайды. Ол өмірден өз жүгін көтеріп өте алады. Әскерге барған қай бала болсын, жемқорлықтан ада, Отанын сүйетін адам болып шығады. Жырақта жүріп ата-анасының, туған өлкесінің қадірін жете түсінеді. Саяси сауаттылық та әскерде қалыптасады. Өйткені, әскерде қару атудан басқа да көп дүние үйретіледі.
Негізі адамның бойындағы патриоттық сезім бесікте жатқаннан-ақ бойына сіңуі тиіс. Ананың айтқан әлдиінен бар тәрбиені жиып өскен бала әкенің қатал мінезімен бой түзейді. Осы орайда, жастарды әскерден жалтаруға емес, оған ұмтылуға жұмылдыру жолында ата-ананың ролі зор. «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, отбасындағы тәрбиенің өзіндік маңызы бар. Қашан да халықтың ұлы болу – әрбір ер азаматтың биік арманы. Ал, Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарына қосылу – нағыз азаматтықтың белгісі, қайсарлықтың көрінісі.
– Әскерге барғандар ҰБТ нәтижесінсіз, емтихансыз оқуға қабылданып жатыр. Бұл реформа әскерден қашу, жалтару секілді проблемалардың алдын ала ма?
– Қазіргі жастардың әскерге келуі соңғы кездері түзелді. Себебі, осы мәселе бірнеше жыл бойы республикалық деңгейде көтеріліп, тиісті жұмыстар жасалды. Соның нәтижесінде қазір әскерге келген жастарымыз өз борышын өтеп жүріп, еліміздегі жоғары оқу орындарына тегін оқуға жолдама алды. Өткен жылы біздің әскери бөлімінің 12 сарбазы осы грантты жеңіп алған болатын.
Жалпы, бұл бұрыннан бар тәжірибе, кеңес кезінде қолданылған, әлемде де бар, өзін-өзі ақтаған тәсіл. Ендеше, осының арқасында әскерден қашатындар саны күрт азайып, керісінше армия қатарына ұмтылғандар еселеп артуы мүмкін.
Өмірде әртүрлі жағдай болады. Мәселен, қазіргі уақытта банктен немесе микроқаржылық ұйымдардан несие алған адамдар аз емес. Оның ішінде әскер жасындағы жастар да бар. Бозбаланың әскерге барудан жалтару себептерінің бірі де осы, мойындарындағы несие үстемеақысының көбейіп кетуінен қорқады. Әскердегі қызмет кезінде қазақстандықтардың несиесін кейінге қалдыру жастарға үлкен көмек. Мұндай реформалар қордаланған мәселелердің алдын алары сөзсіз.
Үкімет азаматтарға жеңілдіктер аз жасап жатқан жоқ. Жоғары немесе арнаулы оқу орнының күндізгі бөлімінде оқып жатқан студенттер әскери есепке алынады, бірақ оқуы аяқталғанша әскерге шақырылмайды. Оқуын аяқтаған бойда ол азамат әскерге шақыртылады.
Адам білім алуы қажет. Біздің әскер кәсіби деңгейде. Сарбаздың қолындағы дипломына сәйкес, әскерде де сол игерген мамандығы бойынша қызмет етеді. Мәселен, бағдарламашы, автомеханик болып… Бір жағынан әскерде тәжірибе жинақтап келеді. Мемлекет басшысы да бұл турасында әскерге барған азаматтың квалификация алып шығуы керектігін баса айтқан болатын.
– «Өзге өңірлерде ұлымды ескертусіз алып кетті» деген жағдайларды естіп, оқып жатырмыз. Бұл қаншалықты заңды?
– Жалпы, кез-келген ер-азамат аяғына керзі етік, үстіне шинель киіп, қолына қару ұстап әскери өмірдің дәмін татып көруі керек.
Әскери қызметке кәмелеттік жасқа толған азаматтар шақырылады. Яғни, олар – 18-27 жас аралығындағы өз-өздеріне жауап бере алатын тұлғалар. Сондықтан, сарбаздардан мұндай заңсыз іс-әрекет туралы естімеген екенмін.
– Әскердегі өлім, ауызекі тілдегі «дедовщина», әлімжеттік жағдайлар немен байланысты болып отыр?
– Әскердегі әлімжеттік деген тақырып әлдеқашан жойылған. Себебі, қазіргі әскер осы тақырыпта өте тәжірибелі және сауатты жұмыс атқаруда. Біздің әскери бөлімде әскери тәртіп қатаң түрде әрі нақты сақталған.
Сіз айтып отырған «дедовщина» кеңес кезінен қалған түсінік. Ол кезде әскер қатарына түрмеден шыққан адамдар да алынатын еді. Бұл сөздің түп төркіні осында жатыр және бұрын екі жылда тек бір жастағылар ғана шақырылатын. Екі жыл бойы әскери тірлікті әбден меңгерген «әккілер» өзінен екі жылға кейін шақырылған «жастарға» әсер етуі ықтимал-тұғын. Қазір жағдай басқаша. Мерзімді әскери қызмет бар болғаны бір-ақ жыл. Әскерге жастар жарты жыл сайын шақырылады. Осыған қарамастан жарты жыл сайынғы шақырылатындардың өзі 18 бен 27 жас аралығындағылар. Олар бір-біріне қандай басымдық көрсетеді?
Сарбаздар аптасына 4 рет ата-аналарына, туыстарына телефон шалып отырады. Әрине, 200-300 бозбала жиналған жерде, әрқайсысы өзінің үстемдігін көрсеткісі келетінін ешкім жоққа шығармайды. Ол адам баласының табиғатына тән жағдай. Қаншалықты бақылауда жүргеннің өзінде шекісіп қалып жатады. Алайда, оны әлімжеттік деп атауға болмайды. Сонымен қатар, таза ерлер арасында қақтығыстар туындауы мүмкін екенін түсіну керек, олар көбіне ауызша дау-дамай негізінде басталады. Ешкім ешкімді қорламайды.
Мұндай орынсыздықтар балабақшада да болады. Кейбір ата-аналар «балам момын, ешкімге тіиспейді» дейді. Тура сондай мінездегі бес баланы бірге қойса, бір ойыншыққа таласқан сол бесеудің ішінен міндетті түрде бір лидер табылады. Мектепте де сол жағдай. Төбелеспейтін бала жоқ. Өзіміз де оқушы болдық. Әскерде 100 пайыз тепсе темір үзетін жас жігіттер болатынын естен шығармайық. Сол жерде офицерлік құрамның, келісім шарт бойынша жүрген әскери қызметшілердің тәрбиеші ретінде ролі маңызды.
Мүмкін, жазықта өскен жігіт таулы аймаққа барғанда денсаулығы нашарлауы мүмкін. Кейбір азаматтар психологиялық жағынан әлсіз келеді. Бастысы, баланы бала кезінен Отанды қорғауға, елін, жерін сүюге тәрбиелеу керек. Жастайынан спортқа баулып, физикалық тұрғыда дайындау қажет. Осы бағытта тәрбиелесек, мұндай жағдайлар болмас еді.
– Жуырда запастағы 752 офицер Үкімет қаулысы бойынша 24 ай мерзімге әскери қызметке шақырылатыны туралы айтылып еді…
– Иә, Қазақстан әскерінің қатары енді запастағы офицерлермен толығады. Мұндағы негізгі мақсат – офицерлік құрамдағы лауазымдардың толық жасақталмауы. Яғни, әскери қызмет өткеру үшін шақырылатын запастағы офицерлер санын ұлғайту Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға және әскери-есептік мамандығы бойынша әскери оқытылған резервті жинақтауға бағытталып отыр. Осы жылы медициналық, авиациялық, инженерлік, артиллериялық, радиотехникалық, тәрбие-идеологиялық, тылдық, әскери-көліктік, ақпараттық және барлау сияқты неғұрлым талап етілетін әскери-есептік мамандықтар бойынша шақыру жүргізілетін болады.
Үкімет қаулысының жобасында осы жылы запастағы 600 офицерді Қарулы күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарға 152 офицерді шақыру жоспарланып отыр. Запастағы офицерлерді іріктеуді барлық қажетті іріктеу шараларын ұйымдастыратын жергілікті әскери басқару органдары жүзеге асырады.
Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ