Дәрігерлер үш айлық сәбиді аман алып қалды
Атырау облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері үш айлық нәрестенің өмірін сақтап қалды. Нейрохирург Шодер Арипов шұғыл түрде сәбиге күрделі ликворошунттау отасын сәтті жүргізді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Нұрай Махонованың хабарлауынша, нәрестеге “Орталық жүйке жүйесінің даму ақауы: туа біткен ішкі окклюзиялық гидроцефалия” диагнозы қойылған. Бұл ауру ми қарыншаларында жиналған сұйықтықтың қалыпты деңгейден артып кетуі салдарынан пайда болады. Егер дер кезінде хирургиялық ем жасалмаса, сұйықтықтың шамадан тыс жиналуы мидың кейбір бөліктеріне қысым түсіріп, ауыр неврологиялық асқынуларға әкелуі мүмкін.
–Сәбиге мидың қалыпты қызметін қалпына келтіру үшін нейрохирургиялық ота қажет болды. Ликворошунттау – бұл артық сұйықтықты шығарып, оның ағуын қалпына келтіретін хирургиялық әдіс. Ол ми қарыншаларында қысымды төмендетіп, науқастың жағдайын жақсартады. Ота жоғары деңгейде өтті, ақ халатты абзал жандардың кәсіби біліктілігінің арқасында сәби аман қалды. Қазір баланың жағдайы жақсы, ол дәрігерлердің бақылауынан кейін үйіне шығарылды, — дейді Н.Махонова.
Сала қызметкерлерінің айтуынша, мұндай күрделі оталар заманауи медициналық жабдықты, дәрігерлердің жоғары біліктілігін және уақытылы шешім қабылдауды талап етеді. Атырау облыстық балалар ауруханасының нейрохирургтері бұл міндетті абыроймен атқарды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА