Жарнама
Медицина

Адам өмірінің  шырақшылары

Маусым айының үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Бұл күн – әрбіріміздің тағдырымызға тікелей әсер ететін ақ халатты жандарға деген алғыс пен құрметтің айғағы. Осы атаулы күнге орай біз оқырманға осы салада қалтқысыз еңбек етіп жүрген жандардың жұмыс сәтінен фотосуреттерді ұсынғанды жөн көрдік. Бұл олардың күнделікті көзге көріне бермейтін, бірақ аса маңызды әрі күрделі қызметін бір сәтке болса да елге танытып, ризашылық көрсету мақсатындағы игі бастама еді.

Қандай да бір жанын сыздатқан сырқатынан құлан-таза айыққан сау адамның соңында дәрігер мен медбикенің ғана емес, бүкіл ұжымның ортақ қызметі мен қажырлы еңбегі тұрады. Бұл ұжымға ғана емес, лаборанттар, фармацевтер, реаниматологтар, рентгенологтар, эпидемиологтар, санитар мамандар, тіркеушілер, фельдшерлер, психологтар, дәріхана мен зертхана және жедел-жәрдем қызметкерлері кіреді. Барлығының еңбегі ұшан-теңіз. Олардың әрқайсысының қосқан үлесі денсаулық сақтау жүйесінің тұтас күш-қуатын құрайды. Ешбірін бөліп-жаруға, ешқайсысының еңбегін елемеуге болмайды.

Әсіресе коронавирус індеті кезінде бұған бүкіл қоғам көз жеткізді. Сол кезеңде бүкіл әлем дағдарысқа тап болып, адамзат баласы бұрын-соңды болмаған қауіп-қатермен бетпе-бет келді. Осындай сын сағатта медицина қызметкерлері бірінші шепке шығып, нағыз ерлік пен жанқиярлықтың үлгісін көрсетті. Ақ халатты жандар өз басының қауіпсіздігін емес, халықтың амандығын бірінші орынға қойды. Олар үшін басты мақсат – елдің саулығы мен әрбір науқастың өмірі болды.

Бірі індет ошағында күндіз-түні жұмыс істесе, енді бірі ауруханадағы тынымсыз кезекшілікте жүрді, тағы бірі зертханаларда күн сайын мыңдаған талдауды саралап отырды. Әр маман өз орнында жанын салып, қауіпті індеттің бетін қайтаруға бар күш-жігерін жұмсады. Бұл шынында да, барлық медицина қызметкерлерінің жұмыла көтерген ауыр жүгі болды.

Бүгін біз сіздерге ұсынып отырған суреттер – жұмыс сәтінің көрінісі ғана емес. Бұл – адам өмірі үшін атқарылып жатқан ерен ерліктің, кәсіби адалдықтың, адами мейірімнің көрінісі. Олар өмірді ұзартады, үмітті оятады, жан жараны емдейді, қоғамның тыныштығы мен тіршілігінің негізін қалайды. Жылы жүрегіндегі адамгершілік пен жауапкершілік – ел болашағының кепілі.

Осы кәсіби мереке қарсаңында барлық медицина қызметкерлерінің ерен еңбегіне тағзым етеміз. Сіздерге мың алғыс, ақ халатты абзал жандар!

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button