«ЖАМАН АУРУҒА» жайбарақаттық жараспайды

c040895a4fee0a352332c2d0dc6e1669 Медицина

ЖАРАТУШЫДАН АДАМҒА БЕРІЛГЕН НЫҒЫМЕТТІҢ БІРІ – ДЕНСАУЛЫҚ. ДЕГЕНМЕН, АДАМ БАЛАСЫНА СЫНАҚ РЕТІНДЕ АУРУ ДА КЕЛМЕЙ ҚОЙМАЙДЫ. ДҰШПАНҒА ДА ТІЛЕМЕЙТІН АУРУ – ҚАТЕРЛІ ІСІК КІМ-КІМНІҢ ДЕ КӨКЕЙІНЕ ҮРЕЙ МЕН ҚОРҚЫНЫШ ҰЯЛАТПАЙ ҚОЙМАСЫ АНЫҚ. ТІПТІ, ХАЛЫҚ МҰНЫҢ ҚАУПІНЕН СЕСКЕНІП, АТЫН БҮРКЕМЕЛЕП «ЖАМАН АУРУ» ДЕП АТАП КЕТКЕН. РЕСМИ СТАТИСТИКАҒА СҮЙЕНСЕК, ҚАЗАҚСТАНДА ЖЫЛ САЙЫН ҚАТЕРЛІ ІСІКПЕН 35 МЫҢҒА ЖУЫҚ НАУҚАС ТІРКЕЛЕДІ ЕКЕН. ҚАЗІР АТАЛМЫШ ДЕРТКЕ ШАЛДЫҚҚАН 200004 АДАМНЫҢ АМАН ҚАЛУҒА ҮМІТІ БАР. БЫЛТЫР ЕЛІМІЗДЕГІ 36127 АДАМНАН ҚАТЕРЛІ ІСІК ТАБЫЛСА, БИЫЛ ҚАҢТАР-МАУСЫМ АРАЛЫҒЫНДА ТАҒЫ 19147 НАУҚАС ҚОСЫЛДЫ

СКРИНИНГ КЕРЕК!..

Жас талғамайтын дерт жүрек-қан тамырлары ауруынан кейін өлім көрсеткіші ең көп аса қауіпті ауру. Содан болса керек, адамдар аталмыш ауруға шалдыққан науқастың болашағына үмітпен емес, үкіммен қарайды. Осындай көзқарас сеп болғандықтан, науқастар бұл дүниемен іштей қош айтысып, бойдағы дертпен күресуге де құлықсыз. Ал, дəрігерлер дертті өршітпей, уақытында ем қабылдап, тексеруден өтсе, аурудан айығуға мүмкіндік боларын ескертеді. Мамандардың айтуынша, дені сау адам өзінің болашағы үшін кемінде жылына бір рет дəрігердің қабылдауында болып, скринингтен өтуі керек екен. Себебі, ауру алғашқы сатыда аса біліне қоймайды. Дерт өзінің межесіне жетіп, əбден ушыққанда шипасын табу аса қиынға соғады.

Сонымен қатар, жаман ауру егер І-ІІ сатыларында анықталса, толық ем қабылдау арқылы қатердің алдын алуға мүмкіндік бар. Десе де, науқастардың басым көпшілігі арнайы тексеруден өтпегенімен қоймай, сырқаты жанға батса да шыдап, уақыт оздыра береді екен. Себебі, бұл кеселді мойындау да, емделу де пендеге əсте оңай емес. Скрининг – аурудың алдын алып қана қоймай, емдеуге де өз нәтижесі мен септігін тигізеді, яғни, әрбір дені сау адам өзінің жасына байланысты профилактика мақсатында өтетін медициналық тексеруден өтуі шарт. Қазақстанда бұл тексеру тегін жүргізіледі. Әдетте, көптеген адамдар уақытында тегін скринингтен өтпеген соң, ағзадағы қатерлі дерттің белгісін асқындырып алады.

МӘН БЕРЕТІН МӘСЕЛЕ

Облыста онкологиялық диспансер 1973 жылдан бері жұмыс істейді. Үш қабатты ғимарат ескі болғанымен, емхана, дəріхана, хирургиялық, паллиативтік, химиотерапиялық бөлімшелер, науқастарды қабылдау, орталық залалсыздандыру, рентгендік бөлімдер жəне бір қабатты ғимаратта бөлек орналасқан радиология бөлімшесінен тұрады. Мекемеге биыл 5276 науқас жүгінген. Елімізде қатерлі ісікпен ауру көрсеткіші бойынша Атырау облысы он бірінші орында тұр. Жағдай қалыпты десек те, аймақтағы ахуалға жайбараттық жараспайды. Сондықтан, біз Атырау облысы онкология диспансерінің директоры Эльмира Сапаровамен əңгімелескен едік.

– Жыл сайын скринингтен өту жөнінде маман кеңестері беріледі. Бірақ, скринингтің қалай жүзеге асатыны туралы халыққа бұқаралық жұмыстар жасалды ма?

– Облыста скринингтен өтуді қадағалау үшін қыркүйек айында аху[1]алды орталық ашылды. Ондағы мамандар облыс бойынша жүргізілетін скрининг барысын бақылап отырады. Тұрғындардың жыл сайын дəрігердің бақылауынан өткен-өтпегенінің себеп-салдарын саралайды. Мұндай орталықты біз Қарағанды қаласына іссапарға барғанда алғаш рет көргенбіз, сол тəжірибеге сүйене отырып Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен Атыраудан да аштық. Өте тиімді əрі сəтті тəжірибе алмасу болды. Себебі, көптеген сырқатты алғашқы сатысынан-ақ анықтап, айрықша қадағалау өз нəтижесін беріп отыр. Тұрғындар аурудың туындау себептерін білмейді. Мысалы, сүт безі қатерлі ісігі кезінде 40-70 жас аралығын-дағы әйелдер, тік ішек қатерлігі ісігі кезінде 50-70 жас аралы[1]ғындағы азаматтар, жатыр мойны ісігі бойынша әйелдер 30 жастан 70 жасқа дейін ақысыз түрде скринингтен өтуге толық мүмкіндік бар.

– Қатерлі ісік әйелдер арасында не үшін кеңінен тараған?

– Иə, ол рас. Əйелдер арасында ең бірінші орында тұрған сүт безі мен жатыр мойны қатерлі ісігі кең таралған. Сол себепті, қыз-келіншектер жылына бір рет маммолог пен гинеколог дəрігерлердің қарауынан өтуі керек. Биыл облыс бойынша 32 мың адамды жатыр мойны қатерлі ісігінен тегін скринингтен өткізу жоспарланған. Жыл басынан бері жоспардың 70 пайызын орындадық. Облыста жатыр мойны мен сүт безі обырын анықтау бойынша əйелдерді скринингтік тексеру арқылы жүргізілген кəсіби тексерулердің қорытындысы тиісінше 92% жəне 94%. Сүт безі обырының 26 дəйегі, жатыр мойны обырының 16 жəне тоқ ішек қатерлі ісігінің 5 дəйегі ерте сатысында анықталды. Əйел адамдардың дұрыс тамақтанбауы, бала босанған соң дұрыс күтінбеуі мен уайымға салыну сын[1]ды бірқатар факторлар аталмыш обыр сырқатына шалдықтырады.

ЖЫЛЫ СӨЗ ДЕ ДЕРТКЕ ДӘРУ

– Біздің облыста ауруды ерте анықтау мен диагнозды дәлме-дәл қою жағы жетіспей жатқан жоқ па?

– Қазір емханада зертхана бар. Бұрын көршілес облыстармен бірлесіп жұмыс жасаушы едік. Қазір экспресс-диагностика, цитологиялық жəне гистологиялық зертханалар жұмыс жасап тұр. Онкология ілімінде ең маңыздысы – дұрыс диагноз қою. Сонда ғана ауруды емдеу жолы нақты нəтижесін береді. Мысалы, бір орында ісік не[1]месе қандай да бір жара бар десек, бұрын содан анализ алып, қатерлі ісік немесе қатерлі ісік емес деп ай[1]ыратынбыз. Ал, қазір екіге бөлсек те, бірден ем қолданбаймыз, яғни, ісіктің қай клеткадан шығып тұрғанын терең зерттейміз. Бүгінде кеш диагноз қою көрсеткіші – 9,7%.

– Обыр ауруын жеңу үшін білікті маманның орны блек. Бізде маман тапшылығы жоқ па? Ота жасату үшін қанша қаражат керек?

– Бұрын емханада небəрі 12 дəрігер еді. Қазір олардың саны 30-ға жетті. Кейбір салалар бойынша бір-екі маман əлі де жетіспей тұр. Дегенмен, радиологиялық корпус толығымен салынса, аппараттың саны көбейеді. Соған байланысты, мамандарға сұраныс бердік. Біздегі дəрігерлер Нұр-Сұлтан, Ақтөбе қалаларынан келген, Беларусь Республикасынан шақырылған өз ісінің мамандары да жұмыс жасап жүр. Ал, ота жасау біздің елде барлық ем-дом шаралары сияқты тегін жүзеге асады.

– Обыр ауруын науқастың еңсеруі аса қиын, адам қалай күресе алады?

– Əлбетте, кез-келген адамға өзінің бойынан қатерлі ісік табылғанын есту оңай емес. Алғашында мойынсұнбай, басқа қалаларға, тіпті шетелге барып, тағы да тексеруден өтетіндер бар. Оған біз ешқашан шектеу қоймаймыз. Өзегі өртеніп, дəрігерлермен жанжалдасатындар да кездеседі. Ақиқаты сол, бұл ауруды бірден қабылдап, емделуге кірісе кететіндер өте сирек. Тіпті, қара аспанды төндіріп, дүниеден баз кешіп кететін тым əлсіздерді де көріп жүрміз. Мұндайда науқастар аурумен күресуі үшін етжақын адамдарынан үздіксіз қамқорлық пен шексіз қолдау көруі керек. Дəрігерлер де ем-домына қоса, жылы сөзімен медеу болуы шарт. Себебі, обыр ауруы адамды психологиялық тұрғыда құлазытатын күшке ие. Психологпен жұмыс жасап, жиі сөйлескен абзал. Бірақ, біздің менталитеттен бе, науқастар психологтың көмегіне жүгінгенді аса ұната бермейді. Адамның ерік-жігері күшті, ал, жақындары аурумен күресуге бірге көмектесуі нəтиже көрсетуге көмек болады. Ал, алдын алу үшін жоғарыда айтқанымдай скринингтен өтіп, денсаулықты күту керек. Бірде əйел адам баласын бассейн секциясына жазу үшін тексеруден өтеді. Қазір бала қатысса да, ата-анасының медициналық анықтамасы керек қой. Сонда əлгі əйелден жатыр мойны ісігінің бастапқы сатысы анықталған. Бірден емдік шараларды қолданып ота жасадық. Кейін дертінен айығып, аман-сау шықты. Қазір дəрігердің тұрақты бақылауында. Бұл – бастапқы сатысында байқалмайтын «қу» ауру. Сондықтан, əрбір адам деннің саулығы, болашақтың жарқын болуы үшін жыл сайын дəрігердің бақылауынан өтіп тұрғаны жөн. Өйткені, обыр күн сайын өршитін кесел, уақыт оздыруға келмейді.

АУЫРМАЙТЫН ЖОЛДЫ ТАҢДАҢЫЗ!

Эльмира Сапарова медицинаның осы саласы бойынша скринингтің маңызы жоғары екенін атап көрсетті. Əрбір онколог маманның қызметі аса ауыр. Білгірліктен бөлек, мейірімді жүректі қалап тұратын сырқатқа көмек көрсетуге де үлкен жүректілік керек.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөзді сан мәрте естіп жүрсек те, мәніне зер салуымыз кемшін. Обырдан сақтану үшін жыл сайын скрининг керек. Ал, сіз биыл өз саулығыңыз үшін дəрігердің қадағалауынан өттіңіз бе?..

Жайна МƏЛІМҚОЖА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз