КОНДИЦИОНЕРДІҢ ДЕНСАУЛЫҚҚА ЗАЛАЛЫ КӨП

image b Медицина

    Халқымызда «Дені саудың – жаны сау» деген сөз бар. Яғни денсаулықтың мықты болуы – ұзақ өмір сүрудің кепілі екені анық. 

    Тән саулығы мен рухани саулықты сезіну үшін көбіне адамның жадында бола бермейтін қарапайым ережелер бар. Соларды дұрыс сақтамау, рұқсат етілмеген нәрселерді шектен тыс қолдану адам денсаулығына кері әсерін тигізеді. Қазіргідей  жаздың аптап ыстық айларында халықтың көп тұтынатын және қолданатын құрылғыларының бірі – кондиционерлер. Адамдар салқындаудың бар амалын содан  іздейді. Сондықтан, дәл осы кезеңде сауда орындарында кондиционерге деген сұраныс артады.

Қарап тұрсаңыз, бүгінде мұндай құрылғысыз бірде бір үй, кеңсе, автокөлік жоқ десе болғандай. Ал, ауа температурасы жоғалып, күн ысыған сәтте кондиционерді үздіксіз қосып, пайдалану денсаулыққа күллі зиян, тіпті аса қауіпті екенін ескере бермейміз. Нақтылай кетсек, шамадан тыс ыссылық адам ағзасында қан тамырларының тарылуына әкеліп, суды тер күйінде шығарады, тіндерге оттегінің жеткілікті мөлшерде тасымалданбауынан адамды ұйқышылдық, әлсіздік басады, еңбекке қабілеттілік пен зейіні төмендеп, жиі күйзеліс жағдайларына түседі. Мұның өзі, әсіресе балалар мен егде жастағы адамдар, халыққа қызмет көрсету орталығында, банкте, ауруханалар мен емханаларда, т.с.с кеңседе жұмыс жасайтын қызметкерлер үшін өте қолайсыз.  Сондай – ақ, жоғары температура жүрек-қан тамыр жүйесі мен қант диабеті, семіздікпен сырқаттанған науқастар үшін ауруды өршітуші фактор болып табылады. 

Ал, кондиционерлер  ауаны жасанды түрде салқындатады. Сол салқын ауа ағзаның оттегімен жеткілікті қамтамасыз етілуіне жағдай жасап, жайлылық орнайды. Дегенмен, кондиционерді дұрыс қолдану және оған күтімнің жөнімен жасалмауынан жаздың ыстық мезгілінде  тыныс алу жүйесінің қабыну аурулары (пневмония, бронхит, трахеит), бет невриті (бет нервісінің қабынуы), миалгия (бұлшық еттердің ауырсынуы) секілді сырқаттар жиілейді. Өйткені, кондиционердің ауа сүзуші фильтріне негізгі ауру қоздырғышы болып табылатын шаң-тозаң, аллергендер, саңырауқұлақтар, вирустар, бактериялар ( легионелла) секілді микроағзалар көптеп жиналады. 

Құрылғы іске қосылғанда микроағзалар мен аллергенер ауаға тікелей айдалады және олар деммен бірге тыныс алу жолдарына түсіп, сол жердің кілегей қабатына жабысып, жедел респираторлы қабыну ауруларын тудырады. Сол себепті,  адамдар  көбінесе легионеллалық пневмония және бронхит тәрізді  сырқаттарға шалдығады. Сондай-ақ, микроағзалар мен аллергендер терезе, үстелдің үсті секілді жазық, тегіс беткей жерлерге шөгеді.  Адамдар болса, соларды қолымен ұстап, терісімен жанасады. Бұл сайып келгенде, аллергиялық реакциялар мен демікпе ұстамасын тудыруы мүмкін. 

Сондай-ақ, ыстықтап жүріп  салқындатқыштың астына отыра қалу, көз шырымын алып ұйықтау адамның бетінде неврит пен мен миалгия дерттерінің пайда болуына соқтыруы ықтимал. Тіпті, адамдар өзінің бұл сырқатқа қалай тез шалдыққанын сезбей, байқамай да қалады. Соның ішінде бет жүйкесінің невритіне шалдыққан науқас көп жағдайда басының қатты ауыруына, бір жақ бетінің қисаюына, жымиған кезде екі жағынан түрліше тұратынына, көзінен жас ағатынына шағымданады. Емделгеннен кейін де осы аталған ауру белгілері ұзақ уақытқа дейін сақталады. Сол сияқты,  миозит кезінде  негізінен арқа, мойын бұлшық еттері қозғалыс немесе тыныштық жағдайында шаншиды. Ауырсыну салдарынан белсенді қозғалыс шектеледі.  Сондықтан кондиционермен жұмыс жасау кезінде төмендегідей келесі ережелерді есте ұстаған абзал. 

  1. Құрылғының салқын жел айдау жылдамдығын орташа деңгейге қою, егер үй жағдайында жоғары жылдамдықта тұрса сол бөлменің есігін ашып қойып, көрші бөлмелерге демалу қажет, өйткені салқын жел басқа бөлмелердің ауасымен алмасады. Кеңселерде, халыққа қызмет көрсету орталығында, банктерде кондиционердің салқын желін төменге қарай емес, жоғары айдауға бағыттау қажет.  Сондай-ақ, құрылғыдан 5-6 метр қашықтықта отырған жөн. 
  2. Бөлмелерде ылғалды тазарту жұмыстарын жиі жүргізу.
  3. Жоғарыда аталған сырқат белгілері байқалған жағдайда шұғыл дәрігерге көріну, өздіген ем қабылдама.
  4. Үйдегі, кеңеседегі кондиционерлердің фильтрін жиі тазартып тұру қажет. 

Азамат ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ, 

Атырау қаласындағы  №4 емхананың дәрігері 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз