Жарнама
Мәдениет

«ЫНТЫМАҚ ПЕН БІРЛІК – МӘҢГІЛІК ЕЛ ТҰҒЫРЫ»

Осы орайда біз Жылыой ауданының әкімі Мақсым ІЗБАСОВПЕН өңірдің  бүгінгі тынысы мен келешегі, фестивальға қандай жетістікпен келгені туралы әңгімелескен болатынбыз.

Жылыой бүгінде облысымыздың жетекші өнеркәсіпті өңірі болып табылады.  Бүгінгі күні ауданның экономикалық дамуы қалай? Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар аясында қандай жобалар жүзеге асуда?

– Кең Жылыой өңірі – өндірісі жақсы дамыған аймақ. Сондықтан, көптеген жобалар жүзеге асуда. Жетістіктерімізге тоқталар болсақ, жыл ішінде 29,2 млн. тонна мұнай және 14,3 млрд.текше метр газ өндірілді. Негізгі капиталға инвестициялар көлемі 570 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 55,7 пайыз жоғары.

Ал, құрылыс жұмыстарының көлемі  67 млрд. теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда  50  пайызға өсіп отыр. Аудан бойынша 82 038 шаршы метрді құрайтын 505 тұрғын үй пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, аграрлық секторды, мал шаруашылығын, әлеуметтік, соның ішінде білім, денсаулық сақтау, мәдениет, құрылыс салаларын дамыту бойынша бірқатар Мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде біраз шара іске асуда.  «Өңірлерді дамыту»  бағдарламасыаясында 18,9 млн.теңге бөлініп, Жаңа Қаратон кентінің ауыз су жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүрді, Жем, Қараарна ауылдарының су тоғандары тазартылды, Қосшағыл, Ақкиізтоғай, Майкөмген ауылдарына  балалар ойын алаңдары жасалды.

– Аудандағы ауыл шаруашылығының жағдайы қалай?

–  Жергілікті мал өнімдерінің саны мен сапасын арттыру үшін бірінші  кезекте шаруашылық құрылымдарда малды асылдандыру жұмыстарын жүргізу  қажет  екені белгілі. Бұл бағытта «Жаңа таң» серіктестігі мен «Достан Ата» шаруа қожалығы малды асылдандырумен айналысып келеді. «Жаңа таң» серіктестігінде 447 бас асыл тұқымды түйе мен 6119 бас асыл тұқымды қаракөл қойы болса, «Достан Ата» шаруа қожалығында 3664 асыл тұқымды еділбай қойы бар. Бюджеттен шаруа қожалықтарына асылдандыру жұмысы үшін 5,7 млн.теңге, өндірілген өнімге 6,2 млн.теңге, жұмыртқаға 40,1 млн.теңге, асыл тұқымды мал сатып алғаны үшін 400 мың теңге, барлығы 52,4 млн. теңге субсидия берілді.

 Шаруашылықтар 2014 жылы 83 гектарға егін екті. Одан 476 тонна көкөніс, 1045 тонна бақша өнімдері алынды, бұл қажеттіліктің 38 пайызын құрады, ал егістік көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 18 пайызға өсіп отыр.

Аудан бойынша азық-түлік тауарларының бағаларына тұрақты мониторинг жүргі-зіліп, бақылау жасалуда. Азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мақсатында 5 түрлі тағамды жеткізуге келісім-шарттар жасақталды. Қазан айынан бастап 155,9 тонна картоп, 21,6 тонна жуа, 8,4 тонна сәбіз, 9,5 тонна қырыққабат, 5,1 тонна қызылша, барлығы 200,5 тонна өнім алынып, тұрғындарға төмен бағамен ұсынылды.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Атырау облыстық филиалы арқылы мал шаруашылығын дамытуға бөлінген «Алтын асық» бағдарламасы бойынша «Талап»  шаруа қожалығы 735 бас қой,  «Құлан» бағдарламасы бойынша «Кенжеғара» шаруа қожалығы 42 бас жылқы  және «Мереке» шаруа қожалығы            4 бас жылқы  сатып алуға несие алды.

Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған негізгі бағыттарды жүзеге асыру аясында тұрғындарды жұмыспен қамту, мүгедектерді оңалту, азаматтардың әл-ауқатын арттыру жайы қалай?

– Ауданда «Демеу» қоғамдық бірлестігі емдік дене шынықтыру арқылы денсаулығында ақауы бар балалармен жұмыс жасайды.  Аталған жобаға денсаулығында кінәраты бар аудандағы 68 бала қатысуда. «Жүрек жылуы»  қоғамдық бірлестігі мүгедек балаларды оңалту, арт-терапия жұмыстарын жүргізу арқылы ой-өрістерін дамыту,  мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың әлеуметтік мәселелерін шешуге ықпал жасау, психологиялық қолдау бағытында жұмыс жүргізеді.

Жыл сайын аз қамтылған отбасыларын әлеуметтік қолдау бағытында қайырымдылық шаралары өткізіліп келеді. Елбасының Жолдауы негізінде «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» акциясы ұйымдастырылып, бірқатар мейрамханалар жалғыз басты қарттарға, мүгедектерге қайырымдылық түстік берсе, бір топ мекемелер аз қамтылған отбасыларына азық-түліктей, қаржылай көмек көрсетті. Акция аясында 1042 отбасына 12,4 млн. теңгеге азық-түліктей және қаржылай көмек берілді.

– Ауданда білім саласында ауыз толтырып айтатындай қандай  жетістіктеріңіз бар?

– Білім саласы біздің назарымыздан тыс қалған емес. 2014 жылдың 9 қаңтарында «Автожолшылар» ықшамауданынан 624 орындық мектеп құрылысы  пайдалануға беріліп, ауданда үш ауысымдық оқыту түбегейлі жойылды. Ашылған жаңа мектепке № 9, 20 жалпы орта білім беретін мектептердің негізгі ғимаратында оқитын оқушылар ауыстырылды. Босаған мектеп ғимаратында 140  орындық «Айналайын» балабақшасы ашылды.  120 орындық «Жауқазын» балабақшасы пайдалануға берілді.

Жыл ішінде балабақшалардағы орын 540-қа көбейіп, кезектегі балалар орналастырылды. Сонымен қатар, КТК компаниясының демеушілік көмегімен Автожолшылар ықшам-ауданында 200 орындық балабақша ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. «Аэропорт» ықшамауданынан «КазТранс-Ойл» мекемесінің қаржыландыруымен 300 орындық мектеп құрылысы басталды. Құлсары қаласында дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейі оқу орнын ашуға жұмыстанудамыз.

– Кәсіпкерлікті дамыту бағытында қандай іргерілеу бар?

– Құлсары қаласының экономикасын әртараптандыру және жұмыспен қамтудың оңтайлы құрылымын қамтамасыз ету үшін шағын және орта бизнесті дамытудамыз.

Бұл бағыттағы басты инвестициялық жобаға «Каспий Сервис-Е» ЖШС жылына 84 мың тонна әк шығару зауыты, «Эко Техникс» ЖШС-нің 12000 текше метр мұнай шламын қайта өңдеу және “МеталлПродукт” ЖШС-нің жылына 30 мың тонна металл құю зауыттары енгізілді. Бұл кәсіпорындардың ішінде металл құю зауыты мен мұнай шламын қайта өңдеу зауыттарының маңызы ерекше.

 – Мақсым Шапихұлы, қазыналы Жылыой өңірі өнерлі өрендерімен де әлемге әйгілі. Ауданда мәдениет саласындағы оңды өзгерістер мен осы саланы дамыту үшін жасалған қадамдар туралы айтсаңыз…

– Жылыой ауданы – ерлік пен еңбектің, киелі өнердің, өмір мен дәстүрдің мекені. Өнер дарыған топырақта өнеге өшпеуі тиіс. Өнер – өмірмен өзектес. Мәдениет қызметкерлерінің шеберлігін жетілдіруге, мәдени жұмысты жүйелі жүргізуге  оңды ықпал еткен әртүрлі өнер байқаулары болып келеді.  Атап айтар болсақ, «Айгөлек», «Жас қанат» және өзге ұлт өкілдерінің  арасындағы қазақ тілі білгірлерінің байқаулары өтіп тұрады.

Аудан өнерпаздары 2014 жылы төрт халықаралық байқау, фестивальдарға қатынасып, оның үшеуінде бас жүлде, біреуінде 3 орынға ие болды. Сегіз республикалық байқау – фестивальға қатынасушылардың екеуі бас жүлде,  екеуі  І орын, біреуі ІІІ орынды иеленді.

Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бойынша мәдениет үйінде, орталық кітапхана және оның бөлімшелерінде 18 мәдени көпшілік шара қолға алынбақ.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойына орай  «Ынтымақ – достық кепілі» атты аудандық фестиваль, «Ырыс алды – ынтымақ» атты әр ұлт өкілдерімен кездесу кешін, «Өнерлерің өрге сам-ғасын» атты әр ұлт өкілдерінің концертін ұйымдастыруды жоспарға енгізіп отырмыз.

 Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орталық алаң сахнасында көпшілікке арналған театрландырылған мерекелік қойылым көрсетілмек. «Ұлы Жеңіс: қаһармандық пен ерлік тағылымы» атты қылқалам шеберлерінің байқауы, соғыс жылдарындағы әндерден  конкурстар ұйымдастырылады. 9 мамыр қарсаңында «Ұрпақтар ұмытпайтын Ұлы ерлік» атты театрландырылған салтанатты мерекелік шеру өткізуді де жоспарлап отырмыз.

Әңгімелескен

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button