Жарнама
Мәдениет

Ұмыт болған дәстүрлер қайта жаңғырса…

Бүгінде қазақтың салт-дәстүрінің біразы ұмыт бола бастағаны рас. Ал ұмытылмағанының да кейбірі заманға сай өзгеріп барады. Жасыратыны жоқ, қазір ұлттық дәстүрлерді тек Наурыз мерекесінде ғана сахналық көріністермен көрсету әдетке айналды. Шындығында баға жетпес бұл құндылықтарды күнделікті өмірде тұрақты ұстану арқылы ұлттық кодты сақтап қалуға мүмкіндік бар. Ендеше ұмыт болған дәстүрлерге қайтадан жан бітіріп, жаңғырту – бүгінгі буынға парыз.

Бүгінде көпшілік жадынан шыға бастаған дәстүрлер туралы ой қозғап отырса, бұқараның да санасына сәуле түсері анық. Көнекөз қариялардың көзін көрген ардагер ұстаз, өмірлік ұстанымы мол Мақат ауданының Құрметті азаматы Дәмен Алтаеваның айтуынша, Ұлыстың ұлы күні жасалатын жоралғылардың бірі селткізер мен ұйқыашардың мәнін жастар ұғына бермейді.

– Мереке алдындағы түнде соғымның соңғы етіне уыз қосып, ұйқыашар атты ерекше тағам дайындалады. Бұл тағамды бойжеткен қыздар өздері әзірлеп, ұнатқан жігітіне дәм татқызады. Мұның бір мәнісі Ұлыстың ұлы күні адамдар ұйықтап қалмасын деген ниетінен туған. Сондай-ақ ұйқыашар ер жігітке күш-қуат, ерекше сезім дарытады деген сенім қалыптасқан. Ал ұйқыашардан дәм татқан жігіттер қыздарға әдеміліктің, жастықтың символы ретінде айна, тарақ, иіс су, алқа-сырға, шолпы-шашбау секілді дүниелерді сыйға тартқан. Бұл дәстүрді қазақ атам селтеткізер деп атады. Бұл күнде жігіттер жағы ұнатқан қызына сөз салып, өмірлік серігін табуға тырысады екен. Осылайша халқымыз Наурыз мерекесін ерекше қарсы алған, — дейді Дәмен апай.

Ұйқыашар дәстүрі қыз бен жігіттің бір-біріне деген сезімін, махаббатын білдіріп, оны арттыра түсуге дәнекер болған. Аталмыш дәстүр екі жастың жүрек жарастығының белгісі, үлкен өмірге қанат қағар бастамасы іспетті болған. Бұл бүгінгінің кейбір жігіттерінің тізерлеп отырып, сүйген қызының қолына сақина салып, сөз айтуынан, айналасына отшашу қойып, тіпті қымбат маркалы көліктер шеруін де ұйымдастырып, сезімін соншалық ысырапшылдықпен білдіруден әлдеқайда мағыналы, мәнді де сәнді, жарасымды дәстүр.

Айта кету керек, ұйқыашар ет, уыз сияқты дәмді тағамдардан жасалады. Қыздар ұйқыашарға ұлттық тағамдардың басқа да түрлерін ұсынған. Сонымен қатар жылқының майы мен құйрық-бауыр араластырып та дәмді тағам әзірлеуге әбден болады. Тiптi бұлақтың мөлдір суын да берген. Мұның астарында қос ғашықтың сезімі пәк, көңілі кіршіксіз таза, өмірі көркем болсын деген ниеттен туған. Мұндай игі дәстүрлерден бастау алған қыз-жігіттің махаббаты да берік болады деген сенім болды.

– Қазақ дана халық қой. Бұрын осындай салт-дәстүрлер айрықша сақталған заманда қоғамда ажырасу да некен-саяқ еді. Қазір кеше ғана дүркіретіп тойын жасап, бас қосқан жас жұбайлар ертеңгі күні-ақ оп-оңай ажыраса салады. Мұның себебі мен салдарын іздегенде осындай ұмыт болған игі дәстүрлердің, ұлттық тәрбиенің жоғалуынан екені айдан анық. Сондықтан болашағымыз жарқын болып, әр шаңырақтың түтіні түзу болғанын қаласақ, ата-бабамыз ерекше ден қойған осынау игі жақсы әрекеттерді қазіргі жастардың бойына сіңіре білген жөн, — дейді ардагер ұстаз.

Қазір жастардың у-шу болып «гендер пати» жасап, болашақ ананың жүктімін деп жаһанға жар салуы да өнеге аларлық көрініс емес. Оның үстіне болашақ сәбиінің жынысын қалың жұртшылыққа жария ету қазақтың табиғатына жат.

Ұлттық менталитетке мүлдем жат бұл әрекетке шектеу қойып, керісінше «құрсақ той» деп аталатын игі дәстүрді жолға қойған дұрыс. Бұл – аяғы ауыр әйелге қатысты ертеден келе жатқан ұлттық тәрбиенің мектебі. Көпті көрген, өсиет-өнегесі мол ақ жаулықты аналар келінінің жүкті екенін байқаған соң «құрсақ шашу», «құрсақ той» ұйымдастырады. Бұл да кішігірім той, көптен күткен қуанышты атап өту және жүкті әйелдің күтіміне баса назар аудару қажеттігінен туған.

– Біріншіден, бұл жиын ертеңгі күні дүниеге келер нәрестенің алғашқы тойы болса, екіншіден, болашақ ананың да қамын ойлап, оған жағдай жасауды көздейді. Ауылдағы салиқалы ана жас келінге батасын береді, ал абысын-ажыны білгенін айтып, ақыл-кеңесін аямайды. Тойға келген әйелдер келінге түрлі тағамдар әкеліп, жерігін басады. Бұл «жерік асын жеген жетілер, жерік асын жемеген кетілер» деген ырымнан, яғни жерік күнінде жеген аста да көп мән барын аңғартады. Бұл құрсағына шарана бітіп, әр нәрсеге аңсары ауған болашақ анаға біраз көмек. Ал қазіргілердің «хит» деп ұйымдастырып жүрген «гендер патиында» еш мағына да, мән де жоқ. Бұл өзгеге еліктеушіліктен туындаған дүние. Жастардың бұлайша адасуына жол берілмеуі керек. Осындай жиындарда болашақ сәбиінің жынысын алдын ала білген кейбір еркектердің «неге қыз, неге ұл емес?» немесе керісінше зайыбына ренжіп, тіпті қол көтерген сорақы жайларды да көріп жүрміз. Шындығында, қазақ жүкті әйелге қол көтермек түгілі, оны тіл-көзден, жұрттың назарынан сақтау үшін барынша тасалап, қорғаған ғой, — деп өмірден түйгенін айтқан Дәмен апай бүгінде материалдық емес ұлттық құндылықтарға айрықша мән беруге кеңес берді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button