Атыраулық суретшінің «Шексіз әлемі» жұртты қайран қалдырды

46868b920c3053a7a74dfeb727288a51 Жаңалықтар

Атырауда белгілі суретші Камила Жапаловамен кездесу өтті.

Атырау қалалық орталық кітапханасында ҚР Мәдениет қайраткері, суретші, батик өнерін насихаттаушы Камила Жапаловамен «Шексіз әлем» атты кездесу кеші өтті.

          Адам жанының тереңіне бойлап, тылсымын ұғынуға тырысатын, көзбен көргені мен көкеймен сезінгенін қолындағы қылқалам арқылы көркем бейнелейтін өнер иесі Камила Әбенқызымен өткен кездесу барысында суретшінің өнер жолы, шығармашылық ізденісі жайлы сөз болды. Кеш қонақтары белгілі суретші-сценограф Гүлмаржан Махамбетова мен ақын Гүлзада Ниетқалиева бейнелеу өнеріндегі өзіндік қолтаңбасы бар суретшінің ұлттық нақыштағы туындыларына ерекше тоқталып, өздерінің ақжарма тілектерін ақтарды.

          Талантты өнер иесімен болған кездесу Атырау қалалық орталық кітапханасынының әлеуметтік желідегі парақшасында тікелей эфирден көрсетіліп, оқырмандардан да бірнеше сұрақтар  келіп түсті. Кеш барысында суретшінің өнердегі тілеулесі, сырласы ақын Гүлзада Ниетқалиева Камила Әбенқызына арнаған өзінің «Шөл далада» өлеңін оқып, жиналған дүйім жұрттың көңілін бір серпілтіп тастады. Сонымен қатар, «Эрудит» баспасынан шыққан «Қазақстанның алтын кітабы» энциклопедиясының таныстырылымы өтіп, оған енген суретшінің еңбегі туралы айтылды.

Мәдени кештің негізгі себепкері суретші Камила Жапалова кеш соңында: «Мен өз шығармаларым арқылы өмірге деген жақсы көзқарасты қалыптастырып, махаббаттың мәңгілік екенін, болашаққа үмітпен қарау керектігін айтқым келеді»-деп, сөз соңын түйіндеді.

                                                                                         Алтынбек Мерсадық

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз