
Ұлттық әуен әуелеген күн
Бүгін Махамбет атындағы қазақ академиялық драма театрының залында ұлттық музыканы құрмет тұтар көрермен үшін әсерлі шара ұйымдастырылды. Н.Тілендиев атындағы мамандандырлыған мектеп-гимназия- интернатының «Нұрғиса» халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және дирижері, ҚР Мәдениет қайраткері Талғат Камалиденовтың 50 жасқа толу мерейтойына арналған «Тәлім.Таным.Тұғырым» атты шығармашылық кеш болып өтті.

Мәдени іс-шара ұлттық рухқа қанат бітіріп, қазақ даласының әр бұрышындағы болмысты музыка тілімен сөйлетіп, тыңдаушысына нұр сыйлады. Тоқсан тоғыз әуеннің сазы есіп, көрерменнің жүрегін баураған кештің иегері Талғат Анесұлының ұстаздық өнер жолындағы еңбегі мен бүгінгі күнге жеткен жетістіктері дүркіреген оркестрлер үнімен паш етілді.
Сондай-ақ, сахнада Астана, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе, Орал қалаларынан келген дүлдүл дирижерлар мен қазақ ұлттық музыка әлемінің танымал тұлғалары өнер көрсетті.

-Талғат Әнесұлы 1975 жылы өмірге келген. 1990 жылы Н.Тілендиев атындағы музыкалық училищеге түсіп, оны төрт жыл оқып тәмамдады. Кейін білімін консерваторияда жетілдірді. Д.Нұрпейісова атындағы оркестрде бас дирижер болып еңбек етті. Бүгінгі кеш оның өнер жолына есеп беру шарасы деп білемін. Ол мықты домбырашы, дирижер, — дейді Д.Нұрпейісова атындағы оркестрдің әртісі Ерболат Сидағалиев.
Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ