Бүгін – халықаралық театр күні!

9514003 Жаңалықтар

Atr.kz/ 27 наурыз, 2019 жыл. Театр күніне орай Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры жөнінде әңгімелемекпіз. Ол 1938 жылы 5 наурызда халық комиссариатының қаулысы негізінде құрылған.

Әлқисса…

Гурьев қаласының «Нефтяник» клубының жанынан 1 жылдық театр студиясын бітірген түлектер, олардың ішінде Қуат Төлеков, Шашты Жұмабекова, Айтжан Есенбаев, Оңай Жақсыбаев, Құрманғали Доғалақов, Әбіл Қизатов, Мария Тұралиева, Балым Есенбаева, Қайыржан Имашев, Меңдеш Есенбаев осы өнер ордасында жұмыс істеді.

Кейін Қызылжар қаласындағы таратылған облыстық қазақ драма театрын Гурьев театрына қосты. Қала жұртшылығына алғаш рет Мұхтар Әуезовтің «Түнгі сарын» қойылымы ұсынылды.  Бұдан кейін Ғабит Мүсіреповтің «Амангелді», Мұхтар Әуезовтің «Айман – Шолпан», Мольердің «Сканеннің айласы», Гогольдің «Ревизоры» мен «Екі мырзаға бір қызметші» қойылымдарымен әртістерді көрерменге таныстырып, олардың творчестволық бағыттары айқындала берді.

DSC 4841
Атыраулық актерлар – театр сахнасында

Сұрапыл соғыс жылдарындағы жағдай

Тұтқиылдан басталған Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға кеткен ерлердің орнын жоқтатпай Зарипа Сүлейменова, Алма Ахметова, Жамила Ибрагимовалар басқарған үш бригада колхоз-совхоздар мен аудан орталықтарында, балықшылар алдында концерттер қойып, халықтың рухын көтеріп отырды.

Соғыстың кейінгі жылдары театр және драматургия сапасын жақсарту мен шығармашылық мүмкіндіктерді көтеру мақсатында 1948 жылы Орал қаласындағы қазақтың музыкалық комедия театры гурьевтіктерге келіп қосылды. Осы жылы сахнада музыкалық драмалар, оперетталар қойыла бастады. Мұсатай Ақынжановтың «Алтын сақасы», Гогольдің «Ревизоры», Типоттың «Малиновкадағы той», Ғабит Мүсіреповтің «Қыз жібегі» мен «Ер Тарғыны» және «Роз Марии», «Шалқыған теңіз» спектакльдері халық назарына ұсынылды.

Театр ұжымы өзінің шеберлігін арттыруда көп ізденудің арқасында елеулі табыстарға жетті. 1950-1960-жылдары аралығында қойылған «Абай», «Үйлену», «Амангелді», «Асауға тұсау», «Ыбырай Алтынсарин», «Абай» қойылымдары актерлік шеберлікті шыңдауға көп септігін тигізді.

1956-1957-жылдары Алматыда өткен алғашқы республикалық театр көктемінде Ташкент театр институтының түлегі, театрдың бас режиссері Тұрар Дүйсебаев қойған Сәбит Мұқановтың «Ботагөзі» ҚазССР-нің мәдениет министірлігінің сыйлығын алды.

Астаналық көрермендер Әбділдә Тәжібаевтің «Көңілдестер», Бейімбет Майлиннің «Шұға», Берік Қорқытовтың «Асыл жандар», Мұсатай Ақынжановтың «Исатай – Махамбет», Шиллердің «Зұлымдық пен Махамбет» қойылымдарын жылы қарсы алды. Әсіресе «Көңілдестер» қойылымы жоғары бағаға ие болды.

EAC2601
Театр көрермендерінің арасында белгілі актерлар да бар

Мерейді өсірген марапаттар

Бір топ әртістің қазақ ССР жоғарғы советінің грамотасымен марапатталуы театрдың келбеті, творчестволық жолының дұрыс бағытпен келе жатқанын көрсетті. 1975 жылы театр жаңа ғимаратқа көшіп, өнер ұжымының творчестволық мүмкіндігі кеңейді.

1994 жылы театр ұжымы республикалық Жезқазған қаласында өткен Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдық мерейтойына арналған сайыстың жеңімпазы болды. Онда Қадыр Мырзаәлиевтің «Жаралы жолбарыс» қойылымы І орын және Баймағамбет бейнесін сомдаған әртіс Талғат Қуанышев Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген әртісі, қоюшы режиссері Шоқан Кәрібаев Махамбет атындағы сыйлықтың иегері атанды және «Жаралы жолбарыс» қойылымы Мысырға жолдама алды.

ЮНЕСКО шеңберінде тойланған Махамбет батырдың 200 жылдық мерейтойын атап өту кезінде драматург Сайын Назарбекұлының «Махамбеттің бір күні» атты қойылымы сыншылар тарапынан оң бағаға ие болды.

2008 жылы Қазақстан театрларының ХІV республикалық фестивалінде Мұхтар Әуезовтің «Қаракөз» драмасы дипломант атанып, театр актері Сәбит Қожабеков «Ең үздік екінші пландағы ер адам бейнесі үшін» дипломымен марапатталды.

2010 жылы Тараз қаласында өткен Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толу мерекесіне арналған республикалық театрлар фестивалінде Мұқанғали Томановтың «Сыйланбаған сезім» қойылымы «Көрермен көзайымы» жүлдесін жеңіп алды.

2012 жылы Орал қаласында өткен Әзірбайжан Мамбетовтың 80-жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХ республикалық фестиваліне қатысты.

1367470587 0 66053 8383772f xl
Театр ғимаратының түнгі сыртқы көрінісі

2015 жылы облыста өткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың халықаралық театр фестивалінде ІІ орын жеңіп алды.

2016 жылы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына» арналған Қазақстан драма театрларының ХХІV республикалық фестиваліне қатысып, қоюшы режиссер Гүлнәз Қамысбаева «Үздік режиссер» номинациясын иеленді.

Қырым республикасының Керчь қаласында өткен «Боспорские огоны» атты ХІХ ежелгі өнер халықаралық театрлар фестиваліне қатысты.

2017 жылдың маусым айында театр ұжымы Керчь қаласында өткен «Боспорские агоны» атты антикалық өнердің ХІХ халықаралық фестивалінде қатысып, «Антикалық тақырыпты заманауи жолмен игеру» номинациясын иеленді.

2017 жылы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халықаралық «Алаш» және Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлықтарының иегері, ақын-драматург Иран-Ғайыптың «Мәңгілік елдің алтын адамы» республикалық театрлар фестивалінде «Көрермен көзайымы» номинациясымен марапатталды.

Осы жылы жас режиссерлердің Қайрат Сүгірбеков атындағы І республикалық форум фестиваліне театр Шыңғыс Айтматовтың «Мәңгүрт» драмасымен қатысып, қоюшы режиссер Гүлнәз Қамысбаева І орынды иеленді.

2017 жыл Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Әшірбек Сығайдың 70-жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXV республикалық фестиваліне Рақымжан Отарбаевтың «Бас» драмасымен қатысып, «Өзекті тақырыпты көтергені үшін» номинациясымен марапатталды.

2018 жылы театр басшысы Берік Джаменов Берік «Сахнагер – 2018» ұлттық театр сыйлығының «Үздік менеджер» номинациясын жеңіп алды.

2018 жылы театр актері Асхат Мұсағалиев «Сахнагер – 2018» ұлттық театр сыйлығының «Үміт» номинациясымен марапатталды.

Қазақстан Республикасының үкіметінің 2018 жылғы 13 ақпандағы №52 қаулысымен театрымызға академиялық атақ беріліп, мекеме атауы «облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорныны болып өзгертілді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз